ДӘУІР – ДАСТАН

Қазақ баспасөзі – ұлтымыздың ұлы тұлғаларының арманы әрі өзге озған жұрттармен қазақ баласының терезесін теңестіруге ұмтылысы еді. “Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” дегенге иманынан бетер табынған халық ауызекі тілден гөрі сауатты, тасқа басылған әріптермен әдіптелген кітап сөзіне зәру екенін ерте түсінген Алаш ғұламалары қараңғылықтың шеменіне шегенделген халықтың рухани бостандығын, сана сілкінісін баспасөз ғана оятатынына сенді. Сөйтіп, шетсіз-шексіз сайын далада бұқаралық үнжариялар шығаруға ұмтылыс көбейді. Кешікпей “Айқап”, “Тіршілік”, “Жас азамат”, “Қазақ” сияқты қазақ баспасөзінің қарлығаштары өмірге қанат қағып, ел-жұрттың көкірегіне сәуле шашты.

“Soltústik Qazaqstan” газетінің жолы да осындай ұлы рухани ұмтылыстардан бастау алды. Бір ғасырлық тарихы бар газеттің сарғайған парақтарына үңілген адам өңірдің, оның тұрғындарының ғұмыр-шежіресімен танысады.
Әр кез қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған газетіміз қай уақытта, қандай атпен шықса да, сөзінен жаңылған емес: өз заманының түбегейлі түйінді мәселелерін көтеріп, ел үніне, жұмылдырушы күшке айнала білді. Міне, сол жақсы дәстүр бүгін де жалғасын тауып келеді.

“КЕДЕЙ СӨЗІ”
1920 жылғы 22 ақпан — 1921 жылғы
7 наурыз

“Soltústik Qazaqstan” газетінің арғы тегі – 1920 жылғы 22 ақпанда Омбы қаласында шыға бастаған “Кедей сөзі”. Газеттің алғашқы саны Омбыда шығарылуы тектен-тек емес. Өткен ғасырдың басында мұнда қазақ зиялыларының небір марғасқалары тоғысқан болатын. Газет шығарушылар 1920 жылғы желтоқсандағы бір санында “Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді. Құл емес, ұл боламыз”, – деп елдік мүддені алға тартады. Бұл қазақ елінің солтүстік өңірдегі тұңғыш ұлттық газеті болды.
Басылым ол кезде Ақмола губерниясына қарайтын Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар және Омбы уездеріндегі қазақ еңбекшілерінің тұрмысын көрсетіп отырды, жергілікті халықты көшпенділіктен бір жерге тұрақтануға, шаруашылықпен айналысуға шақырды. Ол кезде “Кедей сөзі” газетінің алдына қойылған міндет қазақ еңбекшілеріне революцияның мән-маңызын насихаттау, кеңес өкіметінің алға қойған мақсаттарын түсіндіру еді. Новосібір облыстық партия комитетінің мұрағатындағы құжаттарға қарағанда, 1920 жылы “Кедей сөзінің” редакторы большевиктік партияның байырғы мүшесі, Омбының мұғалімдер семинариясын бітірген Мұқан Әйтпенов болған. Губревком жанындағы татар-қазақ секциясында қызмет атқарумен бірге газетке редакторлық еткен. Газеттің одан кейінгі редакторы Әбілқайыр Досов, хатшысы Махмуд Фазылов, әдеби қызметкері Бекмұхан Беркенбаев, әріп теруші Кәрім Балтабаев деген азаматтар болған. Сол жылдың аяғына қарай газет редакторы қызметін Темір Телжанов атқарған. Редакцияда Әбдірахман Айсарин, Смағұл Сәдуақасов, Бекмұхамед Серкебаев, Шәпен Бисатов қызмет еткен. Осы жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет еткен қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев газет ісіне белсене араласқан. Ол өзінің алғашқы мақалаларына “Жәжеке” деп қол қойып отырған. Бұрынғы Төңкеріс болысының Қарағаш ауылының тумасы Хасен Өсіпов, Жаңажол ауылының тумасы Имақ Тоқпанов қоғамдық тілші ретінде ауылдардан халық тұрмысы жайлы мақалалар жазып тұрған.
“БОСТАНДЫҚ ТУЫ”
1921 жылғы 7 наурыз — 1928 жылғы
14 қараша

1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясы құрылуына байланысты Омбы губерниясының әкімшілік аумағында өзгерістер болды. Қазақстанның құрамында Ақмола губерниясы ұйымдастырылып, оның орталығы Петропавл қаласы болып бекітілді. Осыған байланысты “Кедей сөзі” газеті РКП(б) Ақмола губерниялық комитеті мен губревкомның органы ретінде “Бостандық туы” деген жаңа атаумен Петропавлда шығарыла бастады. Бұл кезеңде газетті Петропавлға көшіру, қағаз тапшылығы сияқты күрмеуі көп мәселелерді шешу керек болды. Жалпы жеті жыл жарық көрген “Бостандық туына” жауапты редакторлар ретінде Ж.Сұлтанбеков, Ш.Ералиев, Ж.Жәнібеков, С.Сапарбеков, Ж.Тілепбергенов, Ж.Тәттібаев, М.Қайыпназаров қол қойған. 1932 жылғы қыркүйек айындағы деректерге қарағанда, “Бостандық туы” айына 6-8 мәрте 2 мың данамен ғана шығып тұрған. Ал губернияның аумағына бүгінгі Солтүстік Қазақстан, Ақмола түгелімен және Қарағанды облысының біраз жері кіргенін ескерсек, газеттің таралымы теңіздің тамшысындай ғана болғаны аңғарылады.
Газет қолға қалам ұстап, сөзді қару етіп, есею күресіне шыққан қазақ жазушыларының қатарын қалыптастыруға зор ықпал етті. Ұлттың ұлы тұлғалары мақалаларын, әңгіме-жырларын осы газетте жариялады. Солардың ішінен сайдың тасындай суырылып шыққандары ақиық ақын Мағжан Жұмабаев пен жазушы Сәбит Мұқанов болды. “Бостандық туында” шыңдалғандардың қатарында Мәжит Дәулетбаев, Жақан Сыздықов, Сейітжан Омаров, Жиенғали Тілепбергенов, Жұмағали Саин, Асқар Тоқмағамбетов, Шахмет Құсайынов, Ғалым Малдыбаев та бар. Олар да осында қалам тербеп, әдебиет асуларына өрледі.
Газет “Қазақстанда”, “Кеңестер Одағында”, “Әйедер арасындағы жұмыс”, “Қыран көзі қырағы”, “Саясат дүниесінде”, “Балалар әлемінде”, “Жастар арасында”, “Ауылдан”, “Шаруа жабдығы” деген айдарлармен жаңа экономикалық саясат, кооператив қозғалысы, егіншілік пен мал шаруашылығы, халық ағарту ісі, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі және басқа сыртқы, ішкі жағдайлар туралы материалдар, топтамалар жариялап, сонымен бірге шетелдерде болып жатқан оқиғаларға да көп орын беріп отырған.
“КЕҢЕС АУЫЛЫ”
1928 жылғы 14 қараша — 1932 жылғы
1 мамыр

1928 жылдың күзінен 1932 жылдың көктеміне дейін Петропавл округтік партия және атқару комитеттерінің үні болған “Кеңес ауылы” газетін басқару, уақытында шығарып тұру жеңіл болған жоқ. Бұл Сталиннің партиядағы, сонымен бірге бүкіл елдегі билікті бір өзінің қолына алып, тізгінді сыңар езулете тартқан қанкешті тұсы еді. Оның үстіне Голощекиннің “Кіші октябрі” қазақ даласын індеттей іріңдетіп, қоғадай қиған кезде қазақ қауымында әшкерелеу, жар астынан – жау, бөрік астынан бөрі іздеу кеселге айналды. Байларды, жауларды әшкерелеу газеттің негізгі айдары болды. Тегершіктің тегеуріні зор еді. Ол қаншама тағдырларды ұлтарақтай таптап, ұнтақтай уатып кетті. Өзгерістер өктемдікпен орнықтырылды. Бұл газетке де зор кесел әкелді.
Осы төрт жылға жуық мерзімде сол кездегі саясатқа сәйкес газет беттерінде “Астық дайындау науқанында”, “Партия тіршілігі”, “Комсомол жастар тіршілігі”, “Кеңес сайлауы” сияқты айдарлармен бай-кулактардың астығын тәркілеу, алғашқы бесжылдық жоспарларының орындалуы, елдегі саяси оқиғалардың барысы туралы сан алуан материалдар беріліп тұрған. Газет әйел теңдігі мен қалың мал мәселесін көп көтерген. “Денсаулық істері” деген айдармен мақалалар жиі жарияланған. Халықтың сауатын ашу мәселесіне белсене атсалысып, қазақ тілінің араб әліпбиінен латын әрпіне көшуі кезеңінде “Жаңа әліппе” деген айдармен сабақ ұйымдастырған. Одақтағы және шетелдегі оқиғалар да қамтылған.
“Кеңес ауылы” газетіне С.Баймаханов, Ж.Баймағанбетов, С.Мұқанов, А.Тоқмағанбетов редакторлық еткен.
“ЛЕНИН ТУЫ”
1932 жылғы 1 мамыр — 1993 жылғы
1 желтоқсан


Елді индустрияландыру мен коллективтендірудің орасан зор жоспарын жүзеге асыру халық шаруашылығын басқарудың жаңа жүйесіне көшуді талап етті. Осыған орай 1932 жылдың ақпанында Қазақстанда алты облыс құрылды. Петропавл қаласы жаңадан ұйымдасқан Қарағанды облысының әкімшілік орталығы болды. Қарағанды облысына 21 аудан және бес қала – Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарағанды қарады. Осы кезден бастап, газеттің атауы “Ленин туы” деп өзгертіліп, ВКП(б) Қарағанды облыстық және Петропавл қалалық партия комитеттерінің, еңбекшілер депутаттары облыстық және қалалық кеңестері атқару комитеттерінің органына айналды.
Алпыс жылдан астамғы белестің айнасы болған “Ленин туы” соқадан бастап аждаһадай зымыранға қол жеткізген заманның бейнесін жасады. Газет елімен бірге жасады. Ол Сталиннің қанды репрессиясын да, Хрущевтің жылымығын да, Брежневтің тоқырауын да бастан өткерді. “Халық жауларын” әшкерелеу кезеңінде “Ленин туының” алғашқы редакторлары Есіркеп Қалымбетов, Елжас Бекенов, Әбдірахман Айсарин, Зәйтүн Сыздықов атылып кетті.
Үнемі партиялық басшылықтың ықпалында болған, сөйтіп оның ғана сөзін сөйлеген баспасөз және оның редакторлары амалдың жоқтығынан жалған насихатқа бой ұрған кездер газеттің сарғайған парақтарын саңлау етіп, ақиқатты алып шығады. Мысалы, Хрущевтің “жылымығына” “Ақтаңдақтардан арылдық!” деп бөркін аспанға атып қуанған қазақ қаламгерлері көп ұзамай опық жеді. Хрущев алдымен ауылдардағы басы артық малмен күресті, тың игерілген, астық ат-көпір болады деген жылдардың өзінде нанға зәрулікті қолдан жасады. Ал газеттер амалсыздан жоқты бар етіп жазуға мәжбүр болды.
Шаруашылықты ұйымдастырудың шоғырландыру әдісі белең алғандықтан әкімшілік аумақтар шекаралары бөлекше құрылымға көшті. Соның кесірінен қазақ басылымдары зардап шекті. Облыстар қысқартылып, өлкелер ұйымдастырылған кезеңде газеттер жабылып қалды. Әсіресе, қазақ қаламгерлерінің басына бұлт үйірілді. Осындай қиыншылықтар “Ленин туы” газетін де орап өткен жоқ. “Ленин туы” жабылды да, өлкелік партия комитетінің үні ретінде “Тың өлкесі” газеті ұйымдастырылды.
Ордаға телмірген отаудай, Мәскеуге қарап бой түгіл, ой түзеген бұл кезеңде қазақ тілі көрген теперішті қаламгерлер де көрді. Ұлт басылымы болғанымен, ой орысша өрбіген кезде көштен сытылып шығу қиын еді. Көрші орыстілді басылымды қайталау, аударма мақалаларға үйірсектік газет басшылығының таңдаған жолы да, тәсілі де еместін. Осының бәрі қоғамдағы қазақ тілінің жағдайымен сайма-сай еді. Тіліміз орыстанып, өзіміздің ордамызда төл сөзіміз олқы тартқан тұста газет таралымы, оны басып шығару аса ауыр жағдайға ұшырады. Қазақстанда полиграфия ісі аса қолайсыз болды: қазақ әріптерін басатын комбинаттар бірде-бір қалада болмауынан-ақ қалыптасқан ахуалды аңғаруға болады. Облыстық баспаханадағы қазақ әріптері тозған, линотип машиналары әбден ескіріп, жиі-жиі істен шығатын, соның салдарынан газет үнемі кестеден кешігіп басылатын.
“СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН”
1993 жылғы 1 желтоқсан —
2018 жылғы 27 наурыз

Қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялап, дамудың жаңа жолына түскен кезеңде газет атауын өзгерту жөнінде мәселенің көтерілуі заңды еді, бірақ егемендік таңы енді атып, қазақ сөзін сөйлейтіндер әлі азшылықта болып тұрған сол кезде оның шешімі де жеңіл болмады. Бұл мәселенің облыстық кеңестің үш бірдей сессиясында қаралып, өтпей қалуы соның бір дәлелі. Дегенмен, өзгертуді қолдаушылар қатары біртіндеп көбейіп, ақыры газет 1993 жылғы 1 желтоқсаннан “Солтүстік Қазақстан” деген атпен шыға бастады.
90-шы жылдардағы қаржы тапшылығына, соның салдарынан бір ғимараттан екіншісіне көшіп, әуреге түсулеріне қарамастан, редакция қызметкерлері ел басына түскен қиындықтарды, оларды жеңудің, экономиканы жаңа арнаға көшірудің жолдарын, әлеуметтік, мәдени салалардағы өзгерістерді жан-жақты, шынайылықпен көрсетіп отырды.
Небір қиын кезеңдерде тұңғыш Президентімізбен бірге болған, сенімді де қуатты үнімен халықты жасампаз істерге жетелеген басылым елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың түпкі мақсатын, жалпы халықтық мүдделерді, басты құндылықтарды негізгі тақырыбына айналдырды. Журналистер еліміздегі, өңіріміздегі тыныштық, этностар арасындағы ынтымақ-бірліктің сақталуы үшін де жауапты екенін жақсы түсінеді және шама-шарқынша оған өз үлестерін қосып келеді.
“SOLTÚSTİK QAZAQSTAN”
2018 жылдың 27 наурызынан бастап

Бүгінде елімізде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Облыстық газет те заман ыңғайына сай жаңашылдыққа бет бұрды. 2018 жылдың 27 наурызынан бастап абыз басылымның атауы латын қарпімен жазыла бастады. Содан бері барлық айдарлар біріздендіріліп, әр санның соңғы бетіндегі бір жаңалық латынша жариялануда.
Өңіріміздің рухани қазығы бола білген басылымда өңір жаңалықтарымен қатар Президент Жолдауы, “Рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры”, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламаларын, мәдениет, өне­р, экономика және басқа да сала­ларды жан-жақты қамтитын танымдық мақалалар үнемі жа­рық кө­руде. Өмір көшіне ілесіп, дәуір болмысын шынайы суреттей білген басылым осы күнге дейін халыққа қызмет етуден айнымай келеді. Газет бетінде қалың оқырмандар қызыға оқитын “Oqyrmannyń júrek syry”, “Tarıh jáne tanym”, “Bir ánniń tarıhy”, “Ahýalyń qalaı, aýyl?” және тағы басқа айдарлар мен қосымшалар үзбей шығып тұрады. Сондай-ақ, “El bolam deseń, besіgіńdі túze!”, “Rýhanıat”, “Kіtap oqısyz ba?”, “Tіl taǵdyry – el taǵdyry” атты айдарлар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға бағытталған. Ал соңғы жылдары оқырмандардың назарына “Alash ardaqtysy”, “Bizde qonaqta”, “Tikeleı baılanys”, “Demalys saǵatynda” және тағы басқа жаңа айдарлар ұсынылды.
Халық қарашаңырақ деп қастерлейтін, өңіріміздегі белді де беделді басылымның жүріп өткен жолы осындай.
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика