БІЗДІҢ ҰЖЫМ

Радио алғаш пайда болған кезде газеттің дәурені өтті дегендер көп болған, ал телеарна ашыларда кейбіреулер тіпті “жаназасын” да шығарып қойған еді. Содан бері де біраз су ақты, қаншама ұрпақ ауысты. Бірақ адам баласы газет-журнал оқуын әсте тоқтатқан емес. Әрі қарай да солай жалғасарына кәміл сенеміз. Бір ғасырлық дәуренді артқа тастаған Қызылжар өңірінің шежіресі – “Soltústik Qazaqstan” газеті де екінші жүзжылдыққа болашаққа деген нық сеніммен қадам басып отыр.

Бұрын қалам ұстағандарға құрмет ерекше болғаны рас. Себебі, бұл сөз қадірін түсінген санаулылардың ғана мамандығы еді. Ал қазір тың технологиялардың келуімен екінің бірі өзін журналист санайтын заман туды. Ешбір оқу-тоқудың қажеті жоқ, көргенін жарқ еткізіп телефонына түсіреді, естігенін екі сөйлеммен жазады да, әлеуметтік желінің қайнап жатқан қазанына салып келіп жібереді. Әрі қарай не боларына бас қатырып жатқан адам аз. Себебі, ақпараттың бомбадан да қуатты күшке ие екенін ескеріп елемейді. Ал газеттің сөзі – салмақты. Тасқа басылып, талай жылдар бойы сақталады. Сол себепті батыс елдерінде қазірдің өзінде әлеуметтік желіге деген сенім азайып, газеттердің таралымы қайта өсе бастаған. Бұл күн кешігің кірегенімен, бізге де жетеді деген үміт бар.
“Soltústik Qazaqstan” газетінде бүгінде буын алмасу үрдісі жүріп жатыр. Есімдері Қызылжар өңірінен әрі асып, кең-байтақ қазақ даласының түкпір-түкпіріне тараған қаламгерлеріміз салып кеткен сара жолды жалғастыру – жауапты міндет. Басылымның іргетасын қалаушы Мағжан Жұмабаев айбатын арыстандікіне, қайратын жолбарыстікіне теңеген жастардың ішінде қаламды серік еткен ұрпаққа да сенім артқаны анық. Сол сенімге селкеу түсіріп алмайық деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген басылымның бүгінгі ұжымымен таныстырып, тыныс-тіршілігі жайлы оқырманды құлағдар еткенді жөн санап отырмыз.
Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғылары іздерінен жаңыла қоймас. Журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменовтің басшылығымен ұжым бір ғасырлық межеге жетіп отыр. Жаһанданудың қоғамға тигізер орасан зиянын алыстан бағамдай білген қаламгер газет арқылы халықты айдың-күннің аманында адасып қалудан сақтандыруда. Бұл қазақты қалың ұйқыдан оятып, қараңғылықтан құтқаруға ұмтылған Алаш қайраткерлерінің жолын жалғағандықтың белгісі емес пе?!
“Qyzyljar nury” қалалық газеті “Soltústik Qazaqstan”-ның жанынан жарық көре бастағанына да биыл – 15 жыл. Алғашқы редакторы – екі газетке де еңбегі сіңген Зарап Құсайынов. Зейнет жасына жетсе де, мол тәжірибесін жастарға үйрету мақсатында әлі де еңбек етіп келеді. Ал “немере” газеттің тізгіні бүгінде жас буынның өкілі Нұргүл Оқашеваға сеніп тапсырылған. Нұргүл өткір мақалаларымен ғана емес, жүрек қылын шертер жырларымен де оқырмандарын баурап жүр.
Ауыр жұмыстан қашпайтын, нардың жүгін артсаң да арқалап кете беруге дайын адамдар болады. Облыстық газеттің қара нары деп өзі нәзік, бірақ қаламы қайратты жан – бас редактордың орынбасары Айгүл Ысқақованы айтар едім. Ақын Абай айтқандай, авторлардан түсетін, тілшілер жазған мақалалардың “айналасын теп-тегіс жұмыр қылатын”, артығын күзеп, қатесін түзеп беретін де осы кісі.
Журналистика – қолдың емес, ойдың еңбегі. Алайда, газет қызметкерлерінің бәрі қаламын алып, ақ қағазға қарап немесе қазіргідей компьютерге телміріп қана отырады дейтіндер қатты қателеседі. Таңнан кешке дейін бір орнында тыным тауып отырмайтын қызметкеріміз – жауапты хатшы Жадыра Есенгелді. Соның өзінде мөлтек сырларын қағазға түсіріп үлгеріп жатады.
Газет пен интернетті қарсы қоятындар қатты қателеседі. Керісінше, екеуі бірін-бірі толықтырып тұратындай. Мысал ретінде “Soltústik Qazaqstan” газетінің сайтын айтуға болады. Жедел ақпараттар алдымен сайтқа шығады. Газет қарауға уақыты жоқ, бірақ телефонын тастамайтындар басылымда жарық көрген мақалаларды интернет арқылы оқи алады. Бұл жұмысты тәжірибелі журналист Роза Шәкенова атқарады.
2000-шы жылдардың басында газетке бас сұққан кезде кілең аға буын өкілдерін көретінбіз. Жастар жоқтың қасы еді. Ал қазір керісінше көріністің куәсіміз. Газетте негізгі үш бөлім болса, солардың бәрін жаңа мыңжылдықта жаңаша білім алған жастар басқарып отыр. Және бір айта кететін жайт, үшеуі де жергілікті университеттің журналистика кафедрасының түлектері. Экономикаға Қанат Атаманов, руханиятқа Гүлбике Кубенова, ал саясатқа Арайлым Бейсенбаева жауапты.
Газет ашылған кездегі алғашқы мақсаты ақпарат тарату және халықты ағарту еді. Бұл міндеттер қазір де күн тәртібінде. Дегенмен, материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шығып, қоғам рухани тұрғыдан кедейлене бастаған қазіргі шақта газеттің руханият бөліміне артылар жүк еселене түспек. Бұл салада өндіртіп жазып жүрген тілшілердің алдыңғы шебінен Ақмарал Есдәулетованы көреміз.
Газет – шыңдалу мектебі. Аталмыш басылымда қанаттары қатайып, кейін әдебиет әлемінің шыңына қанат қаққан Сәбит Мұқанов, Ғалым Малдыбаев, Сафуан Шәймерденов және тағы басқа ондаған қаламгерді атауға болады. Соңғы уақытта басылым табалдырығын имене аттап кіріп жатқан жастар да ертең осындай биіктерден көрінер деген ойдамыз. Ару Алматыда білім алған Нұржан Сейілбеков пен Орынбасар Төлепбергенқызы да тілшілікті таңдаған сәтте қателеспегені аңғарылады.
Басылымның көркем безендірілуіне, түрлі-түсті суреттермен көмкерілуіне және қатесіз шығуына жауапты буын өкілдерінің есімдерін де газетіміздің мерекелік санында атап өтпеске болмас. Өйткені, бұл кісілердің еңбегі көрініп тұрғанымен, есімдері ескеріле бермейді. Талғат Тәнібаев газеттің фототілшісі болса, Ләззат Қожабекова, Ақнұр Бейсенбаева, Жанна Бекетаева мен Әсел Ахметова безендіруге жауапты. Ал сауаттылық жағынан корректорлар Айгүл Хамзина, Гүлшат Мұқатай және Зарина Баянмен сынға түсуге көпшіліктің жүрегі дауалай қоймас.
2020 жылдың 22 ақпанынан бастап газет жүзжылдықты аяқтап, күнтізбенің жаңа парағын ашқалы отыр. Ғасыр бұрын “Кедей сөзі” қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаса, қазіргі “Soltústik Qazaqstan” да сол мақсаттан айнымақ емес. Заман өзгеріп, буын алмасқанымен, кезінде Алаш қайраткерлері салып кеткен жол, айтып кеткен ұлтқа қызмет ету мақсаты ешқашан өзгермейтініне сенімдіміз.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика