БЕДЕЛДІ БАСЫЛЫМ

Солтүстік өңірдегі байырғы басылымдардың бірі – “Soltústik Qazaqstan” газетінің алғашқы нөмірінің жарыққа шыққанына жүз жыл толғалы отыр.

Өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымның алғашқы саны 1920 жылғы 22 ақпанда “Кедей сөзі” деген атпен Омбы қаласында жарық көрді. “Көтер басты! Аш көзді! Таста керенау жалқаулықты! Қайраттан, сілкін! Жармасыңдар бос шашылып жатқан ғылым-білім жемістеріне! Хат білмегенің білуге, тануға қам қылып, түпке жеткен надандықтан құтылуға кірісіңдер!” деген ұранмен өз қызметін бастаған басылым бүгінгі күнге дейін қоғамдағы озық ойдың белсенді насихатшысы ретінде танылып келеді.
Өткен ғасырда “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Ленин туы” деген атауларға ие болған басылым бір ғасыр ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өтті. Газет әр жылдары солтүстікқазақстандықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды.
Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген еліміздің іргелі өңірі Солтүстік Қазақстан облысының нәтижелі бүгіні мен үмітке толы ертеңін жаңа қырынан жазып келеді. Туған өңірімнің төл газеті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын уақыттың салмағын еңсеріп, іргелі басылым ретінде өз мәртебесін сақтап қалды. Жылдар өте келе басылымның мазмұны байып, ел ішіндегі абырой-беделі де биіктеді. Бүгінде “Soltústik Qazaqstan” бағыт-бағдары айқын, тұрақты оқырманы қалыптасқан өңірдегі іргелі басылымға айналып отыр. Барша жерлестерімнің рухани серігі, мақсаты айқын, ұстанымы берік газетіміздің мерейтойы құтты болсын!

Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика