Әйел — қоғам тірегі

Күнделікті өмірде әйелдердің табысты болуы қоғамға игі әсер ететіні сөзсіз. Бұл адамзат прогресінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылатынын да атап өткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Әлемде мемлекеттің даму деңгейін анықтайтын көптеген критерийлер қалыптасқан. Алайда, өмірдің барлық кезеңдерінде кез келген қоғамда ұлттың адамгершілік қырын анықтайтын басты жайттың бірі, бұл, әрине, әйелдерге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға деген көзқарастың берік орнағандығы”, – деп, халқымыздың нәзік жандарға деген  құрметіне ерекше тоқталған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде гендерлік теңдік саясатын жоспарлы жүргізіп, бұл мәселеге ұдайы көңіл бөліп келеді.

Елімізде әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау сала­сында үлкен жұмыс атқарылды. 1998 жылы Қазақстан нәзік жандар­ға қатысты шектеудің барлық түр­лерін жою жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына қосыл­ды. Сонымен қатар еліміз БҰҰ-ның “Әйелдердің саяси құқықтары тура­лы”, “Тұрмыс құрған әйелдердің аза­мат­тығы туралы” конвенцияла­ры­на қол қойды. Халықаралық еңбек ұйы­мының алты конвенциясын, со­ның ішінде “Ерлер мен әйелдердің ең­бегін тең дәрежеде бағалау ту­ралы” құ­жатты қабылдауы да мем­ле­кеті­міздің арулар қауымына де­ген қамқорлығының бір белгісі іс­петті. 2009 жылы елде “Ерлер мен әйел­дердің тең құқықтары мен мүм­кін­дік­терінің мемлекеттік кепіл­дігі ту­ра­лы” Заң қабылданды. Бұдан соң “Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және ген­дер­лік саясатының концепция­сы” бекітілді. Онда мемлекеттік ген­дер­лік саясаттың мақсат-міндет­тері ай­қындалды. Ерлер мен әйел­дердің мін­деттері мен мүмкіндіктері белгі­ле­ніп, жынысына қарай дис­кри­ми­на­циялаудың барлық түрле­ріне жол бермеу жолдары нақты­ланды. Бұл құжатта әйелдер қа­уымы қоғамның барлық салала­рында қызмет етуге құ­қылы екендігі жан-жақты көрсе­тіл­ген.

Бүгінде әйелдер өзге салалар­мен қатар кәсіподақ жұмысына да бел­сенді араласуда. Біздің өңір бо­йын­ша кәсіподақ мүшелерінің 53 па­йызы – нәзік жандар. Олар салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымда­рын басқарып, атқарушы биліктің жұ­мысына белсенді қатысуда. Сон­дай-ақ, аналар әлеуметтік серік­тес­тік бойынша үшжақты комиссия ісі­не араласып, еңбек етуші әйелдер­дің мәселелерін қозғауға, әлеумет­тік-еңбек қатынастары тұрғысын­да­ғы маңызды проблемаларды ше­шу­ге атсалысып отыр. Бүгінгі күні об­­лы­­сымыз бойынша энергетика, пош­та байланысы, көлік, білім және ғы­лым, денсаулық сақтау, мәде­ниет, спорт, орман шаруашылығы мен өз­ге де салаларда құрылған кәсіподақ ұйымдарын әйелдер басқарып отырғанын мақтанышпен атап өтуге болар. Бұл осызаманғы экономика­лық жағдайда еңбек ұжымдарын­дағы гендерлік теңдікті дамытуға зор мүмкіндік туғызып отыр.

Қазір нәзік жандардың құқықта­ры жан-жақты қорғалады. Еңбек шар­тын жасасу және бұзу, бос жұ­мыс орындарына орналасу, еңбек­ақы төлеу, жұмыс уақыты мен дема­лысын ұйымдастыру, қауіпсіз еңбек шарттарын ұсыну жағдайла­ры заң талаптарын орындай оты­рып, жүзе­ге асырылады. Еңбек ко­дек­сіндегі құқықтық нормалардың сақталуына кәсіпорындардың ұжым­дық келісім­шарт­тарының кө­мегі көп. Аталмыш ұжымдық келі­сім­шарт­тар әйелдер­дің де, жұмыс берушінің де жауапкершілігін арт­тыруға, еңбек ету жағдайларын жақ­сартуға жол ашуда. Мысалы, “Мол­сервис” ЖШС, “Қазпошта” АҚ-ның об­лыстық филиалы өз қызметкер­лері босанған немесе тұрмысқа шық­қан жағдайда бірреттік төлем жасайды. Өңіріміздің өзге кәсіп­орындары жұмыс беруші мен кәсіп­одақ қаржысы есебінен балаларды жазғы сауықтыру шараларымен қамтуға мүмкіндік берді. Бір айдан астам уақыт бойы еңбекке жарам­сыз болған әйелдерге жәрдемақы төлеу “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ мен “Азия-Тораңғұл” ЖШС-інде игі дәстүрге айналған. Сондай-ақ, аталмыш зауыт жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тамамдаған жас мамандарға 5-10 пайыз көлемінде қосымша ақы төлейді. Өзге кәсіп­орындар жүкті әйелдерді декреттік демалыс алдында ақысы төленетін бір айлық еңбек демалысына жіберіп, оларға бірінші қыркүйек күні еңбекақысы төленетін бір күн­дік демалыс ұсынады. Ал “Қазпош­та” АҚ-ның облыстық филиалы мүм­кіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға айына бір рет ақы­сы сақталатын бір күндік дема­лыс береді. “ПЗТМ” АҚ, “Көкжайлау Грейн”, “ТНС – 2020” және “Фирма “Алекри” ЖШС-лері 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге 2-3 жұмыс күнін қамтитын қосымша демалыс беруді қолға алған. Және бұл жағдайда кәсіпорындар нәзік жандардың еңбекақысын сақтай­тынын да атап өткен жөн.

Ұжымдардың ішінде мерейлі жасқа келген қыз-келіншектерге қаржылай көмек беретін кәсіп­орын­дар да баршылық. Мысалы, “Келлеровское” ЖШС-і 50 және 55 жасқа толған қызметкерлеріне еңбек өтіліне байланысты бірреттік еңбекақы көлемінде сыйақы таға­йындап келеді.

Бүгінгі күні кәсіподақтар қыз-келіншектерді қолдау бағытындағы Президенттің бастамасына орай әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілерге бірқатар ұсыныста­рын жеткізді. Олар, негізінен, көп­балалы және жалғызбасты әйел­дерге, мүмкіндігі шектеулі бала тәр­биелеп отырған аналарға қа­тысты. Сонымен қатар кәсіподақ белсен­ділері әйелдерге қолайлы жұмыс орнын қалыптастыру мақсатында еңбек заңнамасына бірқатар өзге­рістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Людмила ГОЛЕНКОВА,

облыстық кәсіподақ орталығының бас маманы. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика