ТӘРБИЕ — ТАЛ БЕСІКТЕН

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің бірін-бірі аяусыз ұрып-соққан сәттері  түсірілген бейнероликтер кең тарауда. Кәмелетке толмағандардың ұрлық, зорлық, тіпті адам өлтіру сияқты ауыр қылмыстарға ұрынып, заң алдында жауапқа тартылып жатқаны туралы жан түршіктірерлік оқиғалар телеарналар мен газет беттерінен жиі орын ала бастады. Жас ұрпақтың бесіктен белі шықпай жатып теріс қылықтарға бой алдыруына не себеп? Әлде қоғамда ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігінің ақсағаны ма?

Мұны көпшілік отбасындағы тәр­биенің осалдығымен, ата-ана­лардың жұмысбастылығымен жә­не балалардың бос уақытының тиім­ді ұйымдастырылмауымен байланыстыруда. Ересектердің қа­рауынсыз қалған жастар неше түр­лі бұзақылыққа барып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Облыстық полиция де­партаментінің стастистикасына жү­гінсек, өткен жартыжылдықта об­лыс аумағында жасөспірімдердің қатысуымен 70-тен астам қылмыс орын алған. Оқушылардың мек­теп­­ке бармай, көше кезген тұста­ры да аз емес. 98 кәмелетке тол­ма­ған бала түнгі уақытта компью­тер клубтары мен ойын-сауық ор­та­лықтарынан ұсталды. Облыс ор­та­лығында екі бала­ның төбелесі қайғылы жағдаймен аяқталды. Оқиғаға қатысты учаскелік полицей де, мектеп ди­ректоры да, кәмелетке толма­ған балаларына бас-көз бола ал­ма­ғаны үшін ата-аналары да жауапқа тартылды. Әке-шешесі балалары­ның тәрбиесіне қажетті деңгейде көңіл бөлмегендерін мойындап, ірі кө­лемде айыппұл төлеуге міндет­телді.

Нейропсихолог, дағдарыс ор­та­лы­ғы­ның жаттықтырушысы Ға­лия Баязитованың пікірінше, бүгін­гі таңда ата-аналардың көбі бала­ларының көйлегі көк, тамағы тоқ болғанына тоқмейілсіп, тәрбие, жа­уапкершілік, адамгершілік қа­сиет­тер сияқты маңызды жайт­тарды ұмыт қалдыруда.

–  Кейбір ата-ананың түсінігінде балаға тәрбиені балабақша, мек­теп беруі тиіс деген түсінік қалып­тас­қан. Бұл – қате ұғым. Отбасын­да еркіндікті, немқұрайдылықты се­зінген жасөспірім қоғам ортасы­на түскенде, маған кез келген нәр­сені істеуге болады деп ой түюі мүмкін. Осыдан неше түрлі келең­сіздіктерге ұрынып, заң алдында жа­уапты болып жатады. Сондық­тан бала тәрбиесін толығымен мектепке ысырып, жауапкерші­лікті ұстаздар мен мектеп инспек­торына жаба салу, бар мәселені сынып жетек­шісінің мойнына іліп, өзін материалдық тұрғыда отба­сын қамтамасыз етуші деп қана тү­сіну – ата-аналардың ең басты қа­те­лігі. Сондай-ақ, оқушы­ны­ң мі­нез-құлқында, қимыл-әрекетінде жағымсыз жайттар байқалса, олар мектеп психологына жүгіну арқы­лы бар мәселені шештім деп ой­лай­ды. Алайда, сәбилеріміздің адам болып қалыптасуынан бас­тап, ол алатын тәрбие, ең алды­мен, ата-анаға, ата-әжеге, отбасы­на қатысты екенін ұмытпаған аб­зал. Мектеп психологы, ұстаздар бала тәрбиесінде тек қосымша рөл атқарады, – дейді маман.

Расында да, бала бойындағы, ой-жүйесіндегі өзгерістерді сырт­тағы маман емес, алдымен, өзінің туған ата-анасы байқайды емес пе? Сондықтан қай жастағы бала болса да, ата-анасы оның жақсы азамат болып қалыптасуы үшін аса қажет құндылықтар мен қасиеттерді бойына дер кезінде құя білгені абзал.

Ұрпақ тәрбиесі асыл дініміз – ис­ламда да ерекше көрініс тапқан. “Қызылжар” орталық мешітінің има­мы Мұхаммад-Зохир Мирзоев балаға тәлімді де парасатты тәр­бие беру – ата-ана үшін ең ұлағатты парыз екенін айтады.

– Бала тәрбиесі еш уақытта сал­ғырттықты көтермейтін аса бір күр­делі де маңызды іс. Тәрбие ана құр­сағынан бастау алады. Бола­шақ ана өз баласына деген мейірі­мін, сезімін, махаббатын неғұр­лым ерте кезден қалыптастырса, соғұрлым өзі де ата-ананың ыстық ықыласының мән-мағынасын те­ре­ңірек түсінетін болады. Демек, ба­ла тәрбиесі ата-ана тәрбиесі­мен ұштасып жатуы тиіс. Әрқай­сы­мыз болашақта баланың жеке тұл­ға болып қалыптасуына, сана­лы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс­ бі­лім алып жетілуіне, өмірде өз ор­нын табуына көмек беруге мін­деттіміз, – дейді имам .

Осы орайда Шәкәрімнің: “Адам­­ның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар бар­лығынан басым болатын адал ең­бек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді” – дегені  еске түседі.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика