ҮМІТ ОТЫН ҰЯЛАТТЫ

Қазіргі қысылтаяң шақтың кімге болмасын оңай тиіп жатпағаны анық. Ауру алқымыңнан қысқанда, жаның көзіңе көрініп, бойыңнан қуат кете бастағандай күй кешесің.  Осындай кезде кімге, неге сенеріңді білмей қиналады екенсің. Мен де көпшіліктің үрейін тудырған “COVID-19” ауруына шалдығып, дәрігерлердің уақтылы көмегінің арқасында аман қалдым. Қауіпті індетті жеңіп шығуда отбасымның да көмегі зор болды.

Сырқаттанар алдында Ақмола облысында қыз­мет бабымен іссапарда жүрген едім. Жұмыс үстін­де өзімді әлсіз сезініп, дірілдеп, тоңа бастадым. Бірден медициналық пунктке бардым. Дене қызуым 37,8-ді көрсетті. Салқын ұстағандай бо­лып, дәрі ішіп, өзімді нашар сезінген соң жұмыс­қа жарамсыздық парағын ашып, үйге сұранып, Қы­зылжарға келдім. Зайыбымның ыстық сорпасы мен дәмді тағамдарын ішіп, жағдайым сәл жақсар­ғанымен, дене қызуым түспей қойды. Бала-ша­ға­ма жұқтырмайын деп, бірден ауруханаға жат­тым. Жөтелім күшейіп, ауа жетпей, одан сайын ентіге бас­тадым. Екі күннің ішінде құр сүлдерім қалды де­сем болады. Дәрігерлер маған пневмония диаг­нозын қойып, ем бере бастады.

Шынымды айтсам, ауруханаға кетіп бара жа­тып-ақ өзімнің халімнің нашарлайтынын сезгендей болдым. Енді отбасыма қайта ораламын ба деген ойға жиі беріліп, өзімді аман-сау шықпай қала­тын­дай сезіндім. Бұл дерт туралы небір қорқынышты ақпараттарды естіп алған маған ауруға төтеп беру оңай болмайтындай көрінді. Тіпті үмітім үзілгендей күй кештім. Бірақ №1 қалалық аурухананың тәжі­ри­белі дәрігерлері мен медбикелері мені мұндай ой­дан бірден арылтты. Ақ халатты абзал жандар жағ­дайыма қарай дәрі-дәрмектер тізімін бекітіп, емдей бастады. Сөйтіп, үзілуге шақ қалған үмітімді қайта жалғады. Дәрігерлердің күнделікті қадаға­лап, жаныма демеу болуының, жігерлендіретін сөз­дерінің арқасында мен жаман аурудан толығымен жазылып шықтым. Отбасым да үнемі мені қолдап: “Мұны бар болғаны тұмау деп ойла. Өзіңе сен, жа­зылып шығасың”, – деп, өз-өзіме деген сенімімді арт­тырды. Дәрігерлердің зор еңбегінің нәтиже­сінде мен үш аптадан соң жазылып шықтым. Қы­сылтаяң шақта зыр жүгіріп, күні-түні дамыл таппай жүрген ақ халаттыларға газет арқылы зор ал­ғысымды білдіргім келеді.

 Әлеуметтік желілерде дәрігерлердің жұмысына қа­тысты түрлі пікір айтылуда. Тіпті палатада жа­тып-ақ кейбір азаматтардың медицина қызметкер­леріне сенімсіздік танытып, ерсі қылық жасағанда­рын көрдім. Дәрігерлерге оңай емес. Тәулігіне 3-4 сағат қана ұйықтайды. Медициналық киім-ке­ше­гін, бетпердесін аптап ыстықта да шешпей, жұмыс істей­ді. Сондықтан біз оларға түсіністікпен қарап, алып-қашпа сөздерге ермегеніміз дұрыс.

Тимур БАЙЛИН,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика