ЖЫЛАМАСЫН БАЛА, МҰҢАЙМАСЫН АНА

Бүгінде Қызылжардағы Аналар үйінде барар жері, басар тауы жоқ сәбилі сегіз келіншек тұрып жатыр. Шымкенттік Аида Нұрсәлімова осыдан екі жыл бұрын мұндай шарасыздыққа тап боламын деп мүлде ойламағанын айтады. Ол екі айдан соң келісімшарттың талабы бойынша он айлық қызы Ақбаянмен Аналар үйінен кетуге мәжбүр. Оның жеке баспанасы, тіпті, жұрт қатарлы пәтер жалдап тұруға қаражаты да жоқ. Ата-анасы мен туған-туыстары одан мүлдем бас тартқан. Көңіл қосқан азаматы Аиданың аяғы ауыр екенін естігенде теріс айналып, тастап кеткен.

Облыс орталығында қиындыққа тап болған жас аналарға арналған арнайы мекеме бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Жетімді жылатпауға, жесірді қаңғытпауға сеп болған бейімдеу орталығында бүгінде өз шаңырағында жылу көрмеген 9 бала тәрбиеленуде. Тағдыр тәлкегімен жалғызбасты ана атанып, маңдайы тасқа тиген Аида сынды өзге де қыз-келіншектердің жылы ұясына айналған мұнда көмек сұрап келетіндердің қатары жыл санап арта түсуде. “Әрқайсысының тағдыры әртүрлі болғанымен, басынан өткерген оқиғасы тым ұқсас. Ар-намысы аяққа тапталып, құшағындағы сәбиімен жападан-жалғыз қалған сіңлілерімізге психологиялық, материалдық, көмек беруге тырысамыз. Бейімдеу орталығы ашылған алты жылдың ішінде 100-ден астам жас анаға қол ұшын создық. Олар мұнда жарты жыл ғана тұрақтай алады. Нәзік жандардың әрі қарайғы тағдыры да қадағаланғанымен, бірінің бағы жанса, енді бірі шарасыздықтан маңдайы тасқа тиіп жатады”, – дейді Аналар үйінің үйлестірушісі Меруерт Көшембаева. Оның айтуынша, орталықта жігері жасып, сағы сынған жандардың еңсесін көтеріп, қайтадан аяқтарынан тұруына жағдай жасалған. Мамандар қыз-келіншектерге әлеуметтік жәрдемақы алуы үшін құжаттар жинауға, түрлі курстарды тамамдауға көмектеседі.
Тас төселген аулада балалардың арбасы қаз-қатар тізіліп тұр. Үйдің іші-сыртына бейнебақылау орнатылған. Әр бөлмеге орналасқан аналар кезектесіп, ортақ үйдің шаруасын атқарады. Бірақ жеке ғимараттың жоқтығынан олар үнемі баспана ауыстыруға мәжбүр. Аналар үйі жақында ғана маңындағы бір үйге көшті. Бұрын аналар бұл жерде жылдап өмір сүрсе, қазір талап өзгерген. Олар жарты жылдың ішінде өз проблемаларын шешуі тиіс.
Аты-жөнін атамауды өтінген Айжан Мүсілімованың мұнда екенін анасы мен сіңлісі ғана біледі екен. Бұрын жайлы жұмысы болған жас ана қолындағы жеті айлық Жігер есімді сәбиімен осы жерді уақытша паналауға мәжбүр. “Біз бұл жерге бес ай бұрын келдік. Орталықта тігіншілік курсын аяқтап, ине-жіпті ұстауға икемделдім. Қазір тапсырыстар алып жүрмін. Аналар үйінен кеткеннен кейін пәтер жалдап, алғашқы уақытта осы іспен шұғылданамын”, – дейді жас ана. Ол алғашқыда сүйіп қосылған жарынан уақыт өте келе жапа шеккенін көзіне жас ала отырып, әңгімелеп берді. Жұбайы екі күннің бірінде ұрып-соғып, таяқтың астына алған екен. “Керек болса, сені өлтіре салам!” – деген соң, қорыққанынан Айжан үйінен құжаттарын ғана алып, қашып шыққан. Ауылға қайтып баруға қысылады. Анасын жерге қаратқысы келмейді.
Барлық жағдай жасалған десек те, Аналар үйі сияқты мекемелерге болмысымызда іштей қарсылық барын жасырмаймыз. Себебі, қыздардың оң босағада отырып сәбилі болуы – қанымызға да, салтымызға да жат нәрсе. Оны насихаттап, үлгі етіп отырғанымыз жоқ. Бірақ тағдырдан таяқ жеген қыз-келіншектерді қиын кезде далаға тастау адамгершілікке жат емес пе? Облыстық аналар одағының төрайымы Күлімкөз Смайылованың пікірінше, мәселенің басты себебі қазақы салт-санамыздың ұмытылып, ұлттық құндылықтардың сақталмауында жатыр. “Бала тәрбиесiнде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Баланың бойына мәдени-әлеуметтiк ортаның құндылығын сіңіру, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңесін басшылыққа ала отырып тәрбиелеу ұмытылып барады. Қазіргі қазақ отбасыларында әкесіз өсіп жатқан балалар өте көп. Соның кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны 40 мыңнан асып отыр. Бұл – жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Қаншама адамның тағдыры. Қаншама жас сәбидің көз жасы, көңіл наласы бар. Әкесіз тәрбиеленген ұл мен қыздың жарымжан тағдырына жалпы қоғам болып жауапты екенімізді ұмыта бастаған сыңайлымыз. Батыстың әсерінен бе, кейінгі кезде біреудің отбасындағы мәселеге мүлдем бей-жаймыз. Әркімнің жеке басының шаруасы дейтінді шығардық”, – деген Күлімкөз Қайырбайқызы қыздардың тәрбиесіне де алаңдаулы екенін білдірді. Ал ардагер ұстаз Қымбат Исманова тастанды балалардың көбеюі, жас аналардың жалғыз қалуы жаһандану салдарынан орын алып отыр дейді. Қарт ұстаздың пікірінше, ұлттық тәлім-тәрбие рөлін арттыру қажет.
– Қазақ бола тұрып, тілімізді ұмытып, ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан ажырап қалдық. Шетелдік компьютерлік ойындар мен қатыгездікке құрылған фильмдердің жетегінде кеткен жастардың саны артып келеді. Бұл орайда мектептерде кейінгі буынға ұлттық тәлім-тәрбие беретін арнайы пән енгізудің маңызы зор дер едім. Мысалы, жапондар салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының жаңғыртылуына зор мән беріп отыр. Келешекте халқымыз өз өткенінен, тарихынан ажырамауы үшін нақты қадамдар жасайтын уақыт жетті. Бүгінгі толқынның ұлттық мәдениеттен сусындауына аға буын өкілдері – өзіміз де тікелей жауаптымыз, – дейді ақ жаулықты ана.
Дағыстандық ақын Расул Ғамзатовтың “...Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар” деген ұлағатты сөзінің астарында қаншалықты терең мәнмағына жатқаны бәрімізге ой салуға тиіс.

 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика