ТІЛСІЗ ЖАУМЕН КҮРЕС ТОЛАСТАМАЙДЫ

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов Петропавл қалалық Мәдениет үйінде биылғы он айда атқарған жұмыстары жөнінде тұрғындар алдында есеп берді.

Есепті кезеңде департаменттің жедел қызметтері оқыс оқиға орындарына 2115 рет шықса, соның 1605-і өрт, 352-сі апаттық жағдайлар болған. Төтенше жағдайлар барысында 240 тұрғын құтқарылып, 2846 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Зардап шеккен 161 азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Ал жыл басынан бері облыс аумағында 70 төтенше жағдай орын алған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20 пайызға аз. Жалпы 41 адам қаза тауып, 21 тұрғын әртүрлі дене жарақатын алды. Рамиль Камалов өңіріміздегі табиғи апаттардың ең қауіптісі көктемгі су тасқыны екенін айтты.

– Өткен жылы өзендердің тасуы салдарынан 5 мың саяжай учаскесі мен 380 тұрғын үйді су басса, 10 баспана зақымданды. Ал биылғы көктемде Есіл өзенінің суы көтеріліп, 1200 саяжай және республикалық, жергілікті маңыздағы автожолдарды шайды. Жолдардың барлығында жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Рамиль Фаткулович.

Департамент бастығының айтуынша, жаз кезінде бірнеше қайғылы оқиға орын алған. Атап айтқанда, суға түсу маусымы басталғаннан бері облыстың су айдындарында 13 адам қаза тапты. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі өзен-көлдердің жағасындағы 51 бұқаралық демалыс орнында тексеріс шаралары жүргізіліп, мектеп оқушыларының қатысуымен екі интерактивті сабақ өткізілді. Жалпы 27 суға түсу орнында 365 ескерту және тыйым салу белгісі, стенд орнатылған. Сондай-ақ, жағажай демалушыларына қауіпсіздік ережелері жазылған 103 жадынама таратылып, 573 бала суда жүзуді үйренді. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында департамент мамандары жедел-құтқару жасағымен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп рейдтік шаралар өткізген.

Департамент бастығы өңірде орын алған өрт оқиғалары туралы да айтып өтті. Жыл басынан бері облыста 91 миллион теңгенің материалдық шығынын келтірген 621 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 31 адам ажал құшып, 17 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, адам шығыны 9 пайызға, жарақаттану 19 пайызға азайған. Өрт оқиғаларының басым бөлігі облыс орталығында тіркелсе, бұл көрсеткіш бойынша Қызылжар ауданы көш бастап тұр. Жиында өрттердің 73 пайызы тұрғын үй секторына тиесілі екені айтылды. Тұрғындардың пешті жағу барысында жіберген қателіктерінің салдарынан 33 адамға иіс тисе, олардың біреуі қаза тапқан. Сондай-ақ, өрт салдарынан өмірі үзілгендердің қатарында “ащы суға” үйірлер де бар. Департамент қызметкерлері өртке қарсы күресті күшейту мақсатында 79 мыңнан астам үйді қамтып, 164 мың адамға өрт қауіпсіздігі жадынамаларын таратқан.

Рамиль Камаловтың айтуынша, жыл басынан бері 1711 нысан тексерілген. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 6 мыңнан астам фактісі тіркелген.

– Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 1139 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 6,4 млн. теңгенің айыппұлы салынды. Бүгіндері оның 99 пайызы өндіріліп алынды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың сәуір айында өңіріміздегі 39 сауда нысаны тексеріліп, 464 кемшілік анықталды. Тексеріс қорытындысына сәйкес 37 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олар 348 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді, – деді Рамиль Фаткулович.

Жиында 2020 жылы облыс орталығындағы “Береке” шағын-ауданында заманауи өрт депосы, ал Пестрое көлінің жағасында жедел-құтқару жасағының кешені салынатыны айтылды. Бұл мақсаттарға 811 млн. теңге жұмсалады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика