ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУ Кәсіпкер өз қаржысына жолға асфальт төсетуде

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа деген іңкәрліктен, ғажайып сезімнен басталады десек, соның ыстығына күйіп, суығына тоңып, перзенттік борышын өтеу әр жан үшін асыл мұрат, басты парыз болса керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында жаңғырудың негізгі қағидаттарын қалыптастырумен қатар заман сынағына лайық төтеп бере алатын нақты міндеттерді жүзеге асыру атап көрсетіліп, таяу жылдарда қолға алынатын бірнеше жоба ұсынылған еді. Солардың ішінде маңыздыларының бірі – “Туған жер” бағдарламасы.

Өңірімізде туған жердің өркендеуіне, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға белсене атсалысып жүрген азаматтар баршылық. Солардың бірі – “Дайындық” ЖШС-нің басшысы Біржан Шаймерденов жақсы іс-шараларға үнемі бастамашы болып, жерлестеріне қамқорлық жасауды қалыпты іс санайды. Кәсіпкердің қолдауымен Дайындық елді мекені жыл санап көркейіп келеді. Бір кездері тараудың аз-ақ алдында қалған ауыл бейнесі бүгінде танымастай өзгерген. Тоғызжылдық мектеп, фельдшерлік акушерлік пункт, шағын орталық, кітапхана, клуб, мешіт жұмыс істейді. Көшелер асфальтталған, үйлерге су, жылу жүйелері тартылған. Былтыр озық технологиялармен жабдықталған тауарлы-сүт фермасы бой көтерді.

Бір “әттеген-айы” – ауылдық округ орталығынан елді мекенге дейін созылған жолдың сапасы сын көтермейтін. Көптеген жылдар бойы күтім көрмегендіктен, жүргіншілер ойдым-ойдым жерлермен қатынап, әбден әуре-сарсаңға түсетін. Негізінен бұл аралық аудандық маңыздағы учаске саналатындықтан, әкімдіктің есебінде болатын. Алайда, жергілікті қазынаның тапшылығын сылтау еткен шенеуніктер мәселені орнықты шешудің орнына жұртшылықтың өтініш-тілектерін сағыздай созып келген. “Нар жолында жүк қалмас” дегендей, Біржан Шаймерденов тәуекел етті. Биыл 9 шақырым жолды қалпына келтіру үшін шаруашылық есебінен 322 млн. теңге бөліп, қалпына келтіру басталып кетті.

– Дайындық және Ленинское ауылдарын республикалық трассамен байланыстыратын 12 шақырым жолды жөндеуге 465 млн. теңге қажет. Серіктестіктің қаражатына былтыр жобалық-сметалық құжаттар жасалып, жолға сараптама жүргізілді. Туған жер десе жарғақ құлағы жастыққа тимейтін Біржан Әбділманұлы қомақты қаржы бөліп, жұмысты кезең-кезеңмен атқармақ. Тұрғындар қуанышында шек жоқ. Алғыстан басқа айтарлары жоқ, – дейді Лесное ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақов.

Әкенің салып кеткен ізгі жолын қуған ұлы, белді кәсіпкер Олжас Шаймерденов екі араға тасжол салынса, көшіп келушілердің саны артатынына, жұмыс күшінің көбейетініне сенімді. Алдағы уақытта елді мекенде 30 баспана тұрғызылатынын да айтып қалды.

Бұл – Аққайың ауданында қолға алынған игі шаралардың басы ғана. Мәселен, осы ауданға қарасты Полтавка ауылы – экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі. Мұнда бір мыңға жуық адам тұрады. Қоғамдық монша, балалар алаңқайы, кинотеатр, шағын футбол алаңы бар. 23 млн. теңгеге Мәдениет үйі қалпына келтірілді. 12,5 млн. теңгеге фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Енді ауылды абаттандыру, көркейту жұмыстары қарқын алған. Көшелерге асфальт төсеу үшін “Полтавское” ЖШС-і 30 млн. теңге бөліпті. Инертті материалдар әкелініп, мердігер компания іске қызу кірісіп кеткен. Серіктестік директорының орынбасары Ерлан Зікірин басқа жақтардан көшіп келушілердің көбейгенін жеткізді. 135 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Былтыр 7 баспана тұрғызылса, биыл үшеуінің құрылысы жүргізілуде.

Спортпен кәсіби шұғылданатын жеткіншектердің жарыс шығындарын шаруашылық өз мойнына алған. “Қызылжар” футбол клубының сапында өнер көрсететін Кәрім Мақашев – солардың бірі.

Былтырлары Біржан Шаймерденов пен Елтай Зікірин жаумен шайқаста ерекше ерлік танытқан Жансүгір батырдың кесенесін салуға 28 млн. теңге бөліп, күрежолдың бойында салтанаты келіскен зәулім кесене тұрғызғанын облыс тұрғындары жақсы біледі. Қос азамат бабалар аманатына адалдығын осылай ұқтырса, олардың ұлдары да елге деген қалтқысыз қызмет үлгісін танытып келеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика