РИЯСЫЗ КӨМЕК

Волонтерліктің түп негізі туған-туыстарымыз, достарымыз немесе көршілеріміз қиындыққа тап болғанда қайтарымсыз көмек беруді көздейтін “Асар” және табиғи апаттардан зардап шеккендерге материалдық қолдау көрсететін “Жылу” дәстүрлерімен астарлас екені баршамызға белгілі. Бұл дәстүрлер бүгінгі күні жаңаша рең алып, қазақ халқының қайырымдылығы мен ұйымшылдығын паш етуде.

Биылғы жылдың “Волонтер жылы” болып жариялануы еліміз­дің жастары мен ізгілік бағытын таңдаған мейірімді жандар үшін керемет жаңалық болды. Бұл идея риясыз қызмет жасап жүргендердің басын біріктіріп қана қоймай, әрі қарай да ортақ мақсатта әрекет етуіне жағдай жасады.

“Волонтер жылын” қолдап, игі істерге жастарды барынша жұмылдыру мақсатында өткен оқу жылынан бастап М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің педагогикалық факультетінде “Волонтерлік қызметті ұйымдастырудың технологиялары” атты пән енгізілді. Бұл пәнді оқыту барысында студенттер теория жүзінде білім алып қана қоймай, тәжірибе жүзінде де қоғам мүддесіне пайдалы бірқатар игі істерді жүзеге асыруға атсалысуда. Бірігіп атқарған қайырымдылық іс-шараларының арқасында риясыз жақсылық жасау және волонтер болу әркімнің қолынан келетін іс екендігіне студент жастардың көздері жетті. Біздің студенттермен бірлесе отырып таңдаған бағытымыз – әлеуметтік және өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуге қолғабыс ету, көмекке мұқтаж жандарды қолдау, бір сөзбен айтқанда, қайырымдылықпен айналысу. Осы уақытқа дейін біршама істерді тындырдық, жұмыс әлі де жалғасуда.

Мамлютка қаласында орналасқан тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар білім алып жатқан мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерімен үнемі кездесіп, қолдау көрсетуді жақсы үрдіске айналдырдық. Мейірімді жандардың көмегімен жиналған қаражатқа жаңа киімдерді, кеңсе заттарын, ой-өрісті дамытатын ойын түрлерін сатып алып, өрендерге табыстаймыз. Олардың жүзіндегі қуанышты көргенде, студенттеріміздің қаншалықты игі іспен айналысып жүргеніне риза боламыз. Интернат тәрбиеленушілерінің әңгімелерін тыңдап, ақыл-кеңес беру үшін жоғары оқу орнының “Психологиялық қолдау көрсету” кабинетінің өкілдерімен кездесу, шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырудың да пайдасы көп. Балалардың көтеріңкі көңіл күйі мен алған әсерлері, олармен өткізілген уақыт студенттерге ұмытылмас қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.

Ақпан айында бірінші курс студенттерінің ұйымдастыруымен өткен “Жүректен – жүрекке” атты волонтерлік акция да көмекке мұқтаж жандарды қолдауға бағытталды. Акция барысында студенттердің бір тобы қаламыздағы көпбалалы отбасыларға азық-түлік және кеңсе заттарын таратса, қалғаны қақаған суықта жұмыс істеп, көше қарын тазалайтын жұмысшыларға ыстық тамақ ұсынды. Акцияның мақсаты қазіргі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде студент жастардың бірге жұмылып, халық игілігі үшін әркімнің қолынан келетін бастамаларды іске асыруына ықпал ету болды.

Жүректері мейірімге толы студенттер балалар үйіне түсетін тастанды және жетім балалардың санын азайту мақсатында 2013 жылы құрылған “Ана үйі” қоғамдық қорына баруды да ұмытпайды. Қайырымдылық шараларының басықасында жүретін жастар мерекелерде арнайы концерттік бағдарламалар өткізу, тұрмыстық және атаулы көмек ұйымдастырумен айналысып қана қоймай, уақыты келіп “Ана үйінен” кеткен жас аналарға қолдау көрсетуде де белсенділік танытуда.

Университетте педагогикалық мамандықты меңгеріп жүрген студенттер ұйымдастырған “Жақсылық жасап жарысайық” акциясы аясында қайырымдылық челленджі өткізілді. Акция қаламыздағы ауыр дертке шалдыққан қос бүлдіршіннің емделуі үшін қаржылай және ақпараттық қолдау көрсету мақсатын көздеді. Оған университет студенттері мен оқытушылары, әлеуметтік мәселелерге немқұрайды қарамайтын қала тұрғындары мүмкіндігінше қаражат жинады. Осы орайда студенттердің қос бүлдіршін туралы түсірілген бейне-баянды таратып, қайырымды адамдарды барынша жұмылдыруға атсалысқанын да айта кеткен жөн.

Бүгінге дейін тыйылмай тұрған коронавирус індетіне байланысты жарияланған карантин кезінде де волонтерлердің белсенді жұмыс істегенін білеміз. Студенттер өз тарапынан көмекке мұқтаж, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетіп, жығылғанға сүйеніш болудан аянбады. Қаржылық қиындыққа ұшыраған бір отбасының пәтерақысы мен коммуналдық төлемін өтеп, азық-түлікпен қамтамасыз еткендері, тұрмысы төмен отбасынан шыққан мектеп оқушысына қашықтан қиналмай білімін жалғастыруы үшін ұялы телефон сыйға тартулары осы сөзімізге дәлел бола алады.

Қорыта келгенде, университет студенттері, еліміздің келешегін сеніп тапсырар жастар мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылықпен айналысудан еш уақытта тартынған емес. Атап айтқанда, Алтын Шаяхметова, Жәмиля Тұяқбаева, Еркежан Суралина, Балғын Қабжан, Мәдина Қабжанова бастаған студенттер оқу үрдісі мен волонтерлік қызметті қатар атқарып, тынымсыз еңбек етіп жүр. Жастардың еңбегін бағалап, елеу оларды әрі қарай да игі істерді атқаруға ынталандырары сөзсіз. Өткен жылы “Қазақ тілі және әдебиеті” мамандығының үшінші курс студенті Алтын Шаяхметова Петропавл қаласында ұйымдастырылған “Zhas­tar Uaqutu” форумына қатысып, “Жыл волонтері” аталымын жеңіп алса, Жәмиля Тұяқбаева волонтерлік саладағы еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған болатын.

Ел болашағы білімді, адамгершілігі мол, ұлт игілігі үшін риясыз қызмет етуге дайын жастардың қолында екенін ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан алдағы уақытта да жастарды қолдау, көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға кеңінен жол ашылаты­нына сеніміміз мол.

Айгүл АЙТЫМОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің аға оқытушысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика