ҮЙДЕ ДЕ, ТҮЗДЕ ДЕ БІРГЕ

Қызметте де, өмірде де қол ұстасып қатар жүрген жұптар бар. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың құқық қорғау органдарында бірге қызмет атқаруы үлкен шыдамдылықты, төзімді, күш-қайрат пен жігерді талап етеді. Солтүстікқазақстандық полиция департаментінде отыздан астам отбасылық жұп қызмет атқарады екен. Қызмет пен үйдегі жұмысты бірге алып жүрген жас отбасылардың бірі – Асан және Альбина Қазесовтар шаңырағы. Екеуі де еліміздің басына қауіп төніп, карантин жарияланғанда қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып, тәулік бойы кезекшілікте жүрді.

Асан Қазесовтың құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүрген алыс туыстары болға­ны­мен, ата-анасы мен бауырлары – басқа саланының мамандары. Соған қарамастан, полицей болу­ды ұйғарған. Ал жары Альбина полицейлер әулетінде тәрбие­лен­ген, сондықтан тәртіп сақшы­сы болуды бала күнінен армандапты. "Менің бұл саланы таңдауы­ма анамның әсері көп болды. Ол ұзақ жылдар бойы Петропавл қалалық полиция басқармасында тергеуші болып қызмет етті. Жездем – басқарма басты­ғының орынбасары қызметінен зейнет демалысына шыққан под­пол­ковник. Құқық қорғау органда­рында жұмыс істеп жүрген ағала­рым да бар. Ең бастысы, кезінде полиция қатарында қызмет етіп, өңірімізде қоғамдық тәртіпті сақ­тауға үлесін қосқан атамды үлгі тұттым", – деп Альбина Қазесова бұл жолды таңдауға себеп болған жайттарды есіне алды.

Асан Қазесов Петропавл құ­рылыс-экономикалық колледжін­де білім алса, жары Альбина М.Қо­зыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жа­нын­дағы колледжді аяқтаған. Оқуын жалғастырып, жоғары бі­лім алуды көздеген Альбина қа­зіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласын­дағы "Тұран" университетінде оқып жүр. Ол қолына дипломын алғаннан кейін, Асан да жоғары бі­лім алуға ниеттеніп отыр. Осы­лай­ша, ерлі-зайыпты білімдерін жетілдіруді де алдарына мақсат етіп қойған.

Ерлі-зайыптыларды табыс­тыр­ған, шаңырақ құруына себеп­ші болған да қызметтері десек, артық айтқандық емес. Себебі, олар жұмыс барысында көп уа­қыттарын бірге өткізе жүріп үй­ле­ну туралы шешім қабылдаған. Әдетте, қызметте де, отбасында да қатар жүріп, барлық уақытын бірге өткізу ыңғайсыздық туды­рып жататынын айтатындар көп. Бірақ бұл Асан мен Альбина үшін еш­қандай кедергі болған емес, ке­рісінше, үнемі қатар болу жұмыс­тарын жақсы атқарып, шаңырақ­та да шаттықты, береке-бір­лік­ті сақтауға көмек деп ойлайды. "Кейде қызмет барысында жарты күнге болсын басқа жерлерге ба­рып, көріспейтін кездер болады. Сол кезде бір-бірімізді іздеп, кө­руге асығып тұрамыз. Сондықтан демалыстарымызды да бірге өт­кізуге тырысамыз", – дейді Асан.

Соңғы кезде нәзікжанды поли­цейді көрсек, таңданбайтын бол­дық. Оған алдыңғы толқынның да, жастардың да көзі үйреніп кет­ті. Тіпті, уақыт өткен сайын елі­мізде тәртіп сақшысы маманды­ғын мең­герген қыз-келіншектердің қатары көбейіп келе жатқаны аңғарыла­ды. Әйел адам үшін по­лиция қыз­мет­кері болу оңай іс емес, әрине. Өйткені, полиция қыз­меті батыл­дық­ты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іс­керлік пен білім­ділікті талап ете­тін ауыр сала еке­ні кімге болса да мәлім. Дегенмен, осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отба­сын бірдей алып келе жатқан Аль­би­наның еңбегі қан­дай мақтауға да лайық. "Мен өзім­ді басқа қызмет­те елестете де ал­маймын. Міне­зім де осы салаға лайық деп ой­лаймын. Шаршай­тын кездерім де болады, әрине. Бірақ көп жағ­дайда жұмысымнан күш-қуат ала­мын", – деген ол бұл са­ланы таң­дағанына ешқашан өкін­бейтінін үлкен сеніммен жеткізді.

Әлемді дүрліктірген қауіпті дертке қатысты жарияланған ка­рантин кезінде ерлі-зайыпты кү­шейтілген режімде жұмыс іс­теді. Күн сайын қоғамдық тәртіпті күзе­тумен болды. Асан Қазесов тәулік бойына блок-бекетте ке­зек­шілік атқарды. Күн сайын жүз­деген жүр­гізушінің құжаттарын тексерген ол қиын сәтте қызме­ті­не адал болу үшін өзінің, жақын­дарының ден­сау­лығын қатерге ті­гуден де тай­салмады. Бірақ тәр­тіп сақшыла­ры­ның да қауіп­сіздігі, денсаулы­ғына ерекше на­зар ау­да­рылып, барлық мүмкіндік жаса­лып, дерт­тен қорғану үшін ар­найы киімдер таратылғанын айта кеткен жөн. "Кезекшілік аяқ­талған соң киімде­рімізді жұмыста тас­тап, дезин­фек­циялау үшін арна­йы ерітіндіге салып отырдық. Осы­лайша, келе­сі күні таңертең қайта киюге да­йын тұрды. Жұмыс бары­сында пай­далану үшін ар­найы қол­ғап­тар мен бетпердемен де қамтыл­дық. Күшейтілген ре­жімде қауіп­сіздік шараларына өзі­міз де баса мән бердік. Өйтке­ні, өзіміз ғана емес, жақындары­мыз­дың, от­ба­сы­ның, зайыбымыз бен бала­ла­рымыз­дың денсаулығын да ой­лау­ға міндеттіміз", – деді Асан Қазесов.

Ерлі-зайыптылар қызметте қа­тал болғанымен, отбасында мейі­рімді. Бос уақыттары бола қалса балаларымен бірге өткізуге ты­рысады. Футболды жақсы көретін Асан ұлы Исламмен доп тепкенді, табиғат аясына шығып, саябақта қыдырғанды ұната­ды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

"Soltústik Qazaqstan".

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика