Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚЫЛҚАЛАМДЫ СЕРІК ҚЫЛҒАН АРУЛАР

ҚЫЛҚАЛАМДЫ СЕРІК ҚЫЛҒАН АРУЛАР

Қарапайымдылық және сұлу­лық – қылқаламды серік еткен арулардың әр картинасынан осындай ерекшелікті бірден аңғарасың. Бұл Нәзира Сәдуақасова мен Әлия Мұқышеваның өзге суретшілерге ұқсамайтын қырларының бірі ғана.

Талантты нәзік жандардың шығармашылық көрмесі облыстық бейнелеу өнері мұражайында тұңғыш рет өткізілгенімен, олардың есімі сурет өнерін бағалайтындардың арасында бұрыннан танымал. Екеуі әйел образын жиі суреттеп, әдемілік пен нәзіктікті, ұяңдық пен сыпайылықты шебер жеткізуге талпынады. Бұған дәлел ретінде Нәзира Сағынжанқызының “Жас келін” атты экспозициясын атап өтуге болады. Мұнда ол қазақ әйелінің тұрмысын көрсетуге тырысқан. “Мен бұл картинам арқылы көрермендерге өз мәдениетімізді, қазақ халқына ғана тән ерекшелігімізді жеткізгім келді. Өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл құндылықтарымыз ұмытылып бара жатқандай. Меніңше, кез келген ұлт өзінің өткенінен қол үзбеуі тиіс”, – деген картина авторы жиналғандарға бұл тақырыптағы өзге де жұмыстарын мақтанышпен таныстырып өтті.

Әлия Мұқышева – табиғатты бейнелеудің хас шебері. Автордың табиғат тылсымдарын бейнелеген еңбектері, тұрмыс салтымызды көрсететін картиналары ерекше сұранысқа ие. Әсіресе, қылқалам иесі әйел бейнесін түрлі пішіндер, гүлдер мен өсімдіктер арқылы шебер сомдайды. “Арулар бейнесін олар өмір сүрген заманның, өткен дәуірде тігілген киімдердің тарихын зерттей отырып, сауатты жеткізу керек. Тіпті, эскиз жасаған кезде өзіме осындай талап қоямын. Еңбектерімнің ішінде тарихи тұлғаларға арналған картиналарым басым”, – дейді суретші. Әлия Досымбекқызы еліміздің танымал аруларына арналған “Әмбебап ару” атты кітаптың иллюстрациялаушысы ретінде де танымал. Суретші туындыда атақты пулеметші Мәншүк Мәметованың портретін салған.

Көрмедегі 20-дан астам картинаны тамашалап қана қоймай, сатып алуға да болады. Одан түскен қаржыны суретшілер қайырымдылық қорына аудармақ.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика