Кешігіп жеткен қуанышты хабар

Ұлы Отан соғысы басталғанда Прес­­нов ауданы (қазір Жамбыл) Есперлі ауылынан Арқайдың үш ұлы – Ержан, Нұржан, Тұяқ майданға аттанған екен. Алғашқы екеуі жасының ұлғайғанына байланысты еңбек армиясында болып, елге аман-есен оралды. Ал кенжесі Тұяқ хабар-ошарсыз кетеді. Менің әкем Ержан інісін сағынышпен еске алып, оның жақсы қылықтары жай­лы бізге үнемі айтып отыратын. Асқар тауымыз қайтыс болғанда мен 15 жаста едім. Ойын баласымыз ғой, аса мән бермегендіктен, ағамыз туралы майын тамызып айтатын естеліктерінің көбін ұмытыппын. Есімде қалғаны, соғыс басталар жылы ол Пішенбай деген кісінің Ажар деген қызына үйленген екен. Тұяқ ауылда бірінші болып “НАТИ” тракторын тізгіндеп, жерлестерінің техникаға деген қызығушылығын оятқан. Әкемнің айтуынша, жалындап тұрған өткір, елгезек жігіт болса керек. Кейін соғыста хабар-ошарсыз ке­ткен жас қыршындарға арналған “Боздақ­тар” кітабын парақтап көріп едік, ағам туралы мәлімет таба алмадым. Қарап отырып, ішіміз удай ашыды. Мәселе бауырымыздың есімінің жинаққа енбеуінде емес, айтпағым – қан майданда қаза тапқан азаматтардың аты-жөндерінің дұрыс жазылмауы. Мысалы, Абелин Каппас, Такнаев Сейтак, Толегенов Капия деп тұр. Түсініп көріңіз! Осы аталған марқұмдардың ұрпақтары, туыстары мұны оқыса, қынжылары анық.

Биыл Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында әскери қызметте жүрген Дәурен деген подполковник баламнан күтпеген хабар ал­дым. Ұлым “Память народа” деген сайттан Тұяқтың есімін кезіктірген. Бүгінге дейін бар құпиясын сақтап келген №5405 папкада былай деп жазылыпты: “Рядовой Архаев Тяг (дұрысы Арқаев Тұяқ) уроженец Каз АССР, Пресновский район, с.Есперли. убит 1943 г. 12 апреля под деревней Погорелки, Ржевский район, Тверская область”.

Аты-жөні қате жазылса да, әкемнің туған бауыры екені айна қатесіз шындық еке­ні ешқандай күмән тудырмайды. Шамасы, құжатты толтырған адам басқа ұлттың өкілі болса керек. Тілі келмегендіктен, бұрмалап жаза салғаны көрініп тұр. Қандай да бір мәлімет табылғанына шүкіршілік дестік. Қуанышымызда шек болмады. Сенер-сенбесімізді білмедік. “Ештен кеш жақсы” демекші, қай жерден топырақ бұйырғанын білмекке талпынған әкемнің орындалмаған арманы ұрпақтарына жыл құсындай сағынтып жетті. Ресейдің мұрағат қызметкерлеріне алғысым шексіз. Ендігі ойым – Тұяқтың қаза болған жерімен байланысып, анық-қанығын білу. Өзім жетпіске келіп қалдым. Кейде денсаулық сыр беріп қалады. Мұны балаларым мен немерелеріме аманаттап отырмын. Заман түзелер, індеттен де құтылармыз. Амандық бол­са, көп ұзамай Тұяқтың қабірінің басына туған елдің топырағын апарып, аруағына тағзым етер ақжарылқап күн де туар деген үміттеміз. Бәлкім, менің де жолым түсіп қалар. Бәрі бір Алла­ның қолында.

Ысқақ АРҚАЕВ.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости