Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT Озық идеялар фестивалі

Озық идеялар фестивалі

Қыркүйекте ай бойы елімізде Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аталып өтіледі. Осыған орай білім беру мекемелерінде, мемлекеттік органдар мен қоғам­дық ұйымдарда түрлі шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Жақында “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының мамандары “Тіл мәртебесі – ел мәртебесі” атты идеялар мен жобалар фестивалін өткізді.

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатын көздеген шараға өңіріміздің ұстаз­дары, кітапхана қызметкерлері мен қосымша білім беру орталықтарының мамандары қатысты.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бері мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өзге этнос өкілдерінің тіл үйренуге деген ынта-ықыласын арттыру мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Қызылжар өңірінде қазақ тілінің тұнығынан нәр алып, бабалар өсиетінен сусындап жүрген өзге этнос өкілдері аз емес. Солардың бірі – облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстазы Людмила Милютина. Ол мемлекеттік тілді оқытудың озық үлгілері туралы сөз қозғады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка орта мектебінде қазақ және ағылшын тілдерінен сабақ беріп жүрген Алёна Герасимова да көпке үлгі. Шынымен де, түрі басқа болса да тілегі бір ұстаздардың еңбегі жан сүйсінтеді.

Сондай-ақ, ұзақ жылдардан бері өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрету жолында аянбай тер төгіп жүрген “Қызылжар” қосымша білім беру орталығының директоры Жанат Мұхамеджановтың да пікірі көпшілік үшін құнды. Бұл мекеменің тіл үйретудегі озық тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестері де өз сабақтарында қолданып жүр. Ал М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Қошанованың айтуынша, өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орнында қазақ, орыс, ағылшын тілдері тереңдетіп оқытылуда. Үш тіл білу – заман талабы.

Өз заманында қазақ тіл білімінің негі­зін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы: “Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы” деген болатын. “Ендеше, латын әліпбиі ұлтымызды дамудың жаңа белесіне өрлеуге, түркітілдес халықтардың өзара байланысының артуына, заман талабына сай өскелең ұрпақтың ағыл­шын тілін меңгеруіне зор ықпалын тигізеді деген үміттеміз”, – деп сөз сабақтаған И.Шухов атындағы кітапхананың әдіскері Алтынай Қожабекованың да ойы орынды.

Өңір мектептеріндегі қазақ тілінің тәлімгерлері Айгүл Ысқақова, Ульяна Есләмова, Ақбота Сьез, Дана Әділшина өз сөздерінде шәкірттерге қазақ тілін үйретудің өзіндік әдістерімен бөлісті.

Гүлзат ӘЛЖАНОВА,

“Өрлеу” БАҰО” АҚ-ы филиалы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика