Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ

ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ

Ислам діні тазалыққа негізделген. Өйткені, мұсылманның құлшылығы өзін таза ұстаудан басталады. Адамзаттың арманы болған жәннаттың кілті намаз болса, намаздың кілті – тазалық. Тазалықтың артықшылығы туралы Құран Кәрімде: “Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді”, – деп жазылған. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Тазалық – иманның жартысы” деген хадисі арқылы мұсылмандарды тазалыққа жіті мән беруге шақырған.

 

Дененің тазалығы

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Бес нәрсені адам баласы жаратылысынан қажетсінеді: мұртты басу, тырнақ қысқарту, қолтықты түктен тазарту, ұятты жерді түктен тазарту және сүндетке отыру”, – деп тазалықтың адам баласының дене мүшелерінің барлық жеріне қатысы бар екенін аңғартқан.

Сүйікті пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қандай да бір ыдысқа қолын жүгіртпестен бұрын қолын жусын. Өйткені, қолын түнімен қайда ұстағанын білмейді ғой”, – деген хадисінің де тазалық үшін мәні жоғары. Ардақты елшінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Әлиге (р.а.): “Ей, Әли, өсіп кеткен тырнақтарыңды ал, ішінде зиянды нәрселер болады”, – деп ескертуі де – біздер үшін үлгі-өнеге.

Киімнің тазалығы

Алла тағала Құран Кәрімде: “Киіміңді таза ұста. Жаман нәрсе­лерді таста”, – деген. Алланың әмірін екі етпей орындаушы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Ақ киім киіңіздер, ақ түсті киім әдемі көрінеді, тазалық тұрғысынан да ыңғайлы...”, – деп ақ киген адамның тазалыққа басқаларға қарағанда артық көңіл бөлетінін айтып кеткен.

Киімінің тазалығына мән бермейтін адамды көргенде Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Мына кісі киімін жуатын ештеңе таба алмаған ба?!” – деп реніш білдіруі киім тазалығының маңыздылығын көрсеткендей. Алла тағала Құран Кәрімде: “Ей, адам баласы! Қай кезде де намаз оқитын болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер”, – деген. Демек, Алла тағалаға құлшылық жасау үшін таза киім кию құлшылықтың құнарын арттырып, біздердің жаратушы иемізге жақындай түсуімізге ықпал етеді екен.

Тамақ ішудегі тазалық

Пайғамбарымыздың (Алла­ның оған игілігі мен сәлемі болсын): “Тамақтың берекеті – тамақ ішердің алдында және тамақ ішіп болғаннан кейін қол жуу”, – деген хадисінен біздің ішіп-жеген тамағымыздың бойымызға сіңуі де тазалықпен тығыз байланысты екендігін көреміз. Келесі бір хадисінде: “Қолдарында тамақтан қалған майдың жұғындыларымен жатып ұйықтаған адам қандай да бір кеселге ұшыраса, өзі­нен көрсін”, – деп тамақтың жұғындысынан тазаланбау кеселге ұшыратуы мүмкін екенін де ескертеді.

Тамақ ішудегі тазалық пен қатар ішетін асыңның тазалығына мән беру де маңызды мәселе. Алла тағала Құран Кәрімде: “Ей, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің тазасынан ғана жеңдер”, – деп бұйырған. Осы аяттан көріп тұрғанымыздай, Алла тағала біздерге адал аспен тамақтануымыз, арам ет­кен нәрселерге жақындамауымыз керек екенін бұйырады. Тағы бір қудси хадисте, Алла тағала біздердің дұға-тілектеріміздің қабыл болуы ішіп-жеген асымыздың адалдығына тікелей қатысты екенін айтады.

Жүректің тазалығы

Ислам дінінде тазалық ұғымы адамның денесіндегі, киіміндегі және құлшылық жасайтын жерін­дегі лас, нәжіс нәрселерден тазаруымен қатар жүректегі лас нәрселерден, яғни күнәлардан да таза болуды білдіреді. Себебі, сыртқы тазалық пен ішкі тазалық бір-бірімен үйлескенде ғана адам баласының құлшылығы қабыл болады.

Жүректің тазалығы туралы Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Адам баласының денесінде бір ет бар, ол жақсы болса бүкіл дене жақсы болады. Ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар! Ол – жүрек”, – деген. Ішкі жан дүниемізді таза сақтаудың бірден-бір жолы жүректі таза ұстау екенін ескерткен Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны тазалаудың жолдарын: “Әр заттың кірлегені сияқты жүрек те кірлейді. Оны тәубемен, кешірім тілеумен, тазалап отырыңдар. Бес уақыт өтелетін намаз сендердің біреуіңнің есігіңнің алдында тоқтаусыз ағып жатқан өзен іспеттес. Егер сендердің бірің сол өзенге күн сайын бес рет жуынсаңдар, сол кісінің бойында кір дейтін бірдеңе қалмағаны сияқты, бес уақыт намаз да қателіктер­ді кетіреді”, – деген хадиспен түсіндіреді. Яғни, біз уақтылы күнәларымыз үшін Алладан кешірім сұрап, бес уақыт намазымызды қаза қылмай оқитын болсақ, жүректің кірі тазарып жаратушымызға жақындай түседі екенбіз.

Қорыта айтқанда, жүрек таза болса ғана тілден жақсы сөз шығады, ал егер тілден жақсы сөз шықса, қалған мүше сол сүйексіз мүшеден шыққанды жасайды. Енді түсінген шығармыз, қайыр­лы амалдардың ең қайырлысы жүректі таза ұстау екен.

Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика