ҚАРЖЫНЫ ТИІМДІ БАСҚАРУ МАҢЫЗДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: экономикалық реформалардың іске асырылу барысына баға бере келіп: “Біз егер қазынаны қорғап және еселеп отырмасақ, ешқашанда қалыпты да күшті мемлекет болып саналмаймыз”, – деп атап көрсеткен болатын. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң жылдарында құрылып, еліміздің қаржылық саясатына өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген қазынашылық жүйесіне биыл ширек ғасыр толып отыр.

Қазынашылық органдарының негізгі функцияларының бірі – республикалық және жергілікті бюджеттің атқарылуы мен оған кассалық қызмет көрсету, бюджеттің толық және уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету. Сондықтан облыстық қазынашылық департаменті мемлекеттік мекемелердің шоттарына қызмет көрсетудің сапасын жетілдіру, мемлекеттік сатып алу процесінің тиімділігін оңтайландыру және арттыру, жергілікті бюджеттің қаражатын пайдалану кезінде қаржылық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік мекемелер арасындағы электронды құжат айналымына пайдасы зор “Қазынашылық – Клиент” жобасының тұсауы кесілген болатын. Бұл уақыт талабынан туған, қаржыны басқарудың халықаралық тәртіптеріне сай келетін шешім еді. Осы жобаның арқасында еліміз бойынша барлық операциялардың ашықтығына қол жеткізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсету уақыты қысқарды, қағазбастылық кеміді, қаржылық құжаттарды өңдеу сапасы жақсарды, операциялық және көліктік шығындар азайды.
Облыстық қазынашылық департаменті басқа қаржы ұйымдары іспетті азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу деректерін жөнелту бөлігінде электронды мемлекеттік сатып алулар мен “Қазынашылық – Клиент” ақпараттық жүйесін жетілдіруде. Сол арқылы мемлекеттік сатып алуларды тіркеу бойынша құжат айналымын тағы да азайту көзделіп отыр. Осылайша, адам факторын, құжаттарды өңдеу мен рәсімдеу уақытын, қаржылық шығындарды азайтуға қол жеткізілмек. Қаржылық заң бұзушылықтарды болдырмау және олардың алдын алу үшін тиімді бақылау тетіктері қарастырылған.
Қазіргі уақытта облыс бойынша “Қазынашылық – Клиент” ақпараттық жүйесінде жеті жүзге жуық мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетіледі. Қазынашылық жүйені пайдаланушылар нақты уақыт режімінде мемлекеттік бюджет қаражаттарын есепке алу және жұмсау рәсімдерін жүргізе отырып, оның ақпараттық жүйесінде операцияларды жүзеге асырады.
Қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелердің төлем шоттары ең, алдымен, республикалық және жергілікті бюджеттегі мемлекеттік мекемелердің төлемдерін алдын ала бақылау және өткізу бөлімдері арқылы тексеріледі, содан кейін олардың төлемдерін бекіту мен бақылау бөлімдерінен өткізеді. Сондай-ақ, қазынашылық департаменті әрбір қаржылық операцияның уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етеді. Жүйенің түпкі мақсаты – осызаманғы және жоғары тиімді ақпараттық ортаны қалыптастыру арқылы қазынашылықтың қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелерімен өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыру болып табылады.
Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында қазынашылық органдары арқылы қаржылық құжаттардың тексеріліп өңделуі, төлем жүйесі арқылы өткізілуі айтарлықтай қысқартылды. Сондай-ақ, қазіргі таңда бюджеттің тиімді атқарылуын қамтамасыз етуіне және ішкі қаржылық бақылау жүйесінің тиімді қызмет істеуіне байланысты мәселелер де өзекті болып отыр.
Облыстық қазынашылық департаментінің қызметкерлері экономикалық саясатты жүргізудегі жауапкершілікті сезіне отырып, өз қызметін одан әрі жетілдіру, әкімшілендіру сапасын жақсарту барысында ізденіспен жұмыс істеуде. Жалпы, ел экономикасында, оның ішінде қазынашылық жүйесінде болып жатқан жаңалықтардың бәрі өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін жасалып жатқан шаралар деп түсінеміз.
Қазіргі таңда облысымызда 693 мемлекеттік мекемемен қоса оларда ашылған 852 қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына қызмет көрсетіледі. Былтыр облысымыз бойынша бюджетке енгізілген салықтар мен табыстар 310863,9 млн.теңге, оның ішінде бюджеттің өзіндік табысы 78623,9 млн. теңгені құрады. Өткен жылы қаражаттарды бюджеттен қайтаруға 4408, ал салық органдары және бюджеттік салалық біліктілік арасындағы түсімдерді тасымалдауға 19867 төлем тапсырыстары өңделді. Бір жыл ішінде облыстағы қазынашылық органдарында азаматтық-құқықтық мәмiлелерді тіркеуге 21781 өтінім бекітілді, 445415 төлеуге берілген шоттар, “Қазынашылық – Клиент” жүйесі бойынша 22967 хабарлама өңделді. Ішкі өнім берушілердің деректемелеріне өзгертулер енгізу туралы 132 өтінім рәсімделді.
Облыстық қазынашылық департаменті Елбасымыздың әрбір Жолдауында белгіленген бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазір осындай жұмыстардың нәтижесінде адами факторлар толығымен жойылып, электронды жүйемен жұмыс жүргізіліп жатыр. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 98-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазынашылықтың ақпараттық жүйесінде жергілікті өзін-өзі басқарудың IV-деңгейдегі бюджеті енгізілді. Жалпы, мемлекет қаржысын – ел қазынасын тиімді басқарудың кілті болған қазынашылық органдары өз қызметін тиімді атқарып келе жатыр деп санаймыз.
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы аясында дамып келе жатқан қазынашылықтың ақпарат жүйесі бюджетке салықтарды және басқа да төлемдерді аударуға, бюджеттік шығындарды жүргізуге, қаржы ресурстарындағы жергілікті атқару органдарын басқарудың тиімділігін арттыруға, мемлекеттік бюджеттің атқарылуындағы транспаренттілік бағыттарды жетілдіруге негізделген. Қазынашылықтың ақпараттық жүйесі Елбасы алға қойған мемлекеттік қаржыны тиімді басқарудың басты міндетін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгіндері еліміздің қазынашылық жүйесі өзін жақсы дамып келе жатқан қаржы институты ретінде көрсете алуда. Ол мемлекеттік қаржыны жедел басқарудың, барлық деңгейдегі бюджеттің атқарылу процесіне қатаң бақылау жасаудың ақпараттық негізі болып табылады. Бұл білімді, өз істерін жақсы білетін қазынашылық қызметкерлерінің және мемлекеттік бюджетті атқаруды тиімді бақылауды қамтамасыз етудің арқасында жүзеге асып отыр.

Нұржан ӘБІЛДАЕВ, облыстық қазынашылық  департаменті басшысының орынбасары.
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика