ЭЛЕКТРОНДЫ АУДИТТІҢ ТИІМДІЛІГІ ЗОР

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеп, бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру қажеттігі атап көрсетілген болатын. Еліміздің бюджеті мемлекеттік органдарға өз функцияларын орындауды қамтамасыз етеді. Бюджетке қаражатты жинақтай отырып, мемлекет өзінің алдындағы әртүрлі саяси, әлеуметтік, мәдени бағдарламаларын жүзеге асырады.

Алайда, ел қазынасынан бөлінетін қомақты қаржыны мемлекеттік органдар тиімді пайдалана ма? Оларға жүргізілетін мемлекеттік аудиттің тиімділігі қандай?
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен “дөңгелек үстел” отырысына қатысушылар осы мәселе төңірегінде пікір алмасты. Бұл алқалы жиынға облыстық тексеру комиссиясының мүшелері, облыс орталығындағы жоғары оқу орнының ғалымдары мен оқытушылары, мемлекеттік аудитпен, бухгалтерлік есеппен айналысатын мекемелердің өкілдері қатысты. Бүгіндері елімізде жүзеге асырылып жатқан “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ІТ-технологияны пайдалану жолымен республикалық бюджеттің қаржысына мемлекеттік электронды аудит жүргізудің қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы, экономика РhD докторы Тілеген Каскин мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Ербол Исақаев күн тәртібіне қойылған мәселенің маңыздылығына тоқталып, жиналғандарды ашық әңгімеге шақырды.
– Мемлекеттік аудиттің мақсаты басқару тиімділігінің артуы мен бюджеттік қаражатты, мемлекеттің активтерін орнымен пайдалану болып табылады. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 93-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында елімізде тұңғыш рет мемлекеттік электронды аудит өткізу жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асыру қолға алынып отыр. Бұл мемлекеттік аудит нысандарының жауапкершілігін арттырады, бюджетті жоспарлау және орындау барысында анықталған олқылықтарды есепке алуға мүмкіндік береді, қазына қаржысын тиімді пайдалануға ықпал етеді, – деген облыстық тексеру комиссиясының төрағасы есепті кезеңде жүргізілген жұмыстар барысындағы жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды.
Облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Амандық Сейфуллин, “Госсектор. KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Айдын Оспанов пен басқа да қатысушылар Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы” Заңына сәйкес ІТ-технологияны қолдану арқылы қашықтықтан жүзеге асырылатын мемлекеттік электронды аудитті енгізу сыбайлас жемқорлықтың, сондай-ақ, мақсатсыз шығындардың алдын алатынын, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы процестерді толық цифрландыру, оларды бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіру уақыт талабы екендігіне тоқталды.
Алқалы жиын соңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен облыстық тексеру комиссиясы арасында ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы мемлекеттік аудит саласында біліктілікті арттыру, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандумға қол қойылды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика