ЖЕР ТЕЛІМДЕРІНЕН АЙРЫЛУЫ МҮМКІН

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жан-жақты қолдау көрсетуде. Дегенмен, нарық заманында іскер азаматтар бірқатар қиындықтарға тап болып жатады. Өңіріміздегі бизнес өкілдеріне бұл орайда облыстық кәсіпкерлер палатасы көмек береді.
Палата жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Петропавл қаласы, Шал ақын және Жамбыл аудандары кәсіпкерлерінің атқарушы органдардың жұмысына қатысты шағымдары қаралды.

Петропавл қалалық жеке кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Олег Хрупин “Завадский А.В” жеке кәсіпкерлігінің мүддесін қорғау үшін келіпті. Оның айтуынша, 2015 жылы кәсіпкерлік субъектісі шаһардың Караван көшесінің бойындағы 0,2157 гектар жер телімін аукцион арқылы сатып алған. Кәсіпкер бір жылдан соң бұл аумаққа техникалық қызмет көрсету станциясын салуды жоспарлаған. Жақында оған облыстық жер инспекциясы басқармасынан жер телімін пайдалану бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізілетіні жайында хабарлама келеді. Ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеген кәсіпкер тексеріс тағайындалғанына наразы.
– Тексеріс жүргізуге Петропавл қалалық әкімдігінен келіп түскен өтінім түрткі болды. Онда “Завадский А.В” жеке кәсіпкерлігі жер телімін пайдаланбай отырғаны жазылыпты. Басқарма мамандары атап өткендей, Жер кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес жер телімдерінің меншiк иелерi мен пайдаланушылары оны мақсатына қарай пайдалануға міндетті. Дегенмен, аталмыш кодекстің 92-бабының 1-тармағына сәйкес жер телімін пайдаланудың мерзімі мен шарттарын жергілікті атқарушы орган айқындайтыны айтылған. Алайда, қала әкімдігі кәсіпкердің жер телімін қай уақытқа дейін кәдеге жаратуы керектігін нақтыламаған. Одан бөлек, жердің бұрынғы иесін ешкім тексермеген, – дейді Олег Хрупин.
Облыстық жер инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Айтпай Байдүйсенов тексерістер тек шағымдар бойынша ғана жүргізілетінін айтады. Мәселен, прокурорлық тексерістің нәтижесінде облыс орталығында 274 жер телімінің пайдаланылмай жатқаны анықталған. Солардың бірі – “Завадский А.В” жеке кәсіпкерлігінің жер телімінде соңғы төрт жылдан бері ешқандай жұмыстар жүргізілмеген. Ал Петропавл қалалық әкімдігінің аукционнан сатып алынған жер телімдерін пайдалану мерзімін белгілеу тәжірибесі жоқ екен.
Кеңес төрайымы Инесса Қуанова заңнамада мерзімдерді көрсетуге қатысты кемшіліктер барын атап айтты.
– Заңда жерді пайдалану мерзімі сату-сатып алу келісімшарттарында көрсетілуі керектігі тайға таңба басқандай жазылған. Аталған жер телімі жеке тұлғадан аукцион арқылы сатып алынған. Кәсіпкерде жер телімін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға қатысты міндеттемесі бар, бірақ механизмі қарастырылмаған, – деді ол.
Осылайша, жиында тексерісті тағайындау бойынша заң бұзушылықтар анықталмаған. Тексеріс Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыстық басқармасында тіркелген. Кеңес мүшелері кәсіпкерге тексеруді тағайындауға қатысты емес, оның нәтижесіне шағымдану бойынша бағыт берді.
Ал Жамбыл ауданының төрт кәсіпкері – “Ілияс”, “Хоменко”, “Александр” және “Айтуар-Агро” шаруа қожалықтары жер телімдерінен біржола айрылуы мүмкін. Палата сарапшысы Тимур Елеукин атап өткендей, аудандық жер қатынастары бөлімі бұл шаруаларға жер телімдерін мемлекетке қайтару туралы хабарлама жіберген. Диқандарға 2008 жылы егістік жерлерді ақылы түрде ұзақ мерзімге уақытша пайдалану (жалдау) құқығы беріліпті. Бірақ екі жылдан соң аудандық прокуратура жер телімдерінің конкурс рәсімі өткізілмей берілгендігін анықтағаннан кейін аудан әкімдігінің қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы шешім шығарады. Ал кәсіпкерлер бұл жағдайдан бейхабар болған.
– Бүгінге дейін кәсіпкерлер жер телімдерін мақсатқа сай пайдаланып келді. Оларды пайдалануға көп қаражат жұмсаған. Алайда, қате шешім салдарынан кәсіпкерлер бизнестерінен айрылуы мүмкін. Егер аталған жер телімдері конкурсқа шығарылса, бұрынғы иелері жеңіп алатынына кепілдік жоқ, – дейді Тимур Елеукин.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика