ЖАЛТЫРДЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

Бүгінгі күні төрт түлігін түлетіп, егінін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауылдар аз емес. Шал ақын ауданындағы Жалтыр ауылы да – берекелі істерімен көпке үлгі шағын елді мекендердің бірі. Қазақ ауылы аудан орталығы – Сергеевка қаласынан 28 шақырым қашықтықта, Жалтыр көлінің оңтүстік-батысында қоныстанған. Ауылдың тағдыры қыл үстінде тұрмаса да, бір кездері көше бойына сымдай тізілген үйлердің бүгінде арасы сиреген. Елді мекенде 67 отбасы түтін түтетуде, барлығы 375 адам тұрады.

Елімізде 1954 жылдан тың игеру басталғаны белгілі. Ең алғашқы тың игерушілер Октябрь ауданының игерілмей жатқан жерлеріне түрен салды. Ал 1955 жылы ұсақ кеңшарларды ірілендіру науқаны басталған кезде Жалтыр көрші Сергеевка, Чапай, Бағанаты елді мекендері сияқты “Марьев” кеңшарының құрамына кірді. Төрт түлігін түлетіп отырған ауыл тоқсаныншы жылдары біраз қиындықты басынан өткерді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылып, мал бөліске салынды. Ауыл иелігіндегі техникалар да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Сол уақытта тепсе темір үзетін ауыл жігіттері екі қолға бір күрек таба алмай қалған болатын. Дегенмен, “Көппен көрген – ұлы той” дегендей, ол күндер де тарих қойнауына енді.
Бүгінгі таңда Жалтыр ауылының түтіні түзу ұшуда. Ауыл мектебінде жергілікті ұстаздармен қатар әйгілі ғалым, химик, металлург, көрнекті жазушы Евней Букетовтің жұмыс істеп, балаларға орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ бергенін біреу білсе, біреу білмес. Сондай-ақ, бұл мектеп өмірінің басым бөлігін білім саласына арнаған Серікбай Ақанов сияқты азаматтарымен мақтанады.
Бүгінде Городецкий ауылдық округіне Городецкий, Бағанаты, Коноваловка, Мерген және Жалтыр елді мекендері қарайды, Қойлары қоралас, бір-бірімен аралас бұл ауылдарда төрт жүзге жуық отбасы түтін түтетіп отыр. Еңбек жолын білім саласында бастаған Гүлмира Көпеева әртүрлі қызметтер атқарып, біраз тәжірибе жинақтапты. Жоғары білімді маман бұған дейін көрші ауылдағы Мерген негізгі мектебінің директоры, кейін Юбилейный ауылдық округінің әкімі болған. 2015 жылдың мамыр айынан бері осы округтің әкімі қызметін атқаруда.
– Қазіргі таңда 1483 адам түтін түтетіп отырған бұл ауылдардың иелігіндегі жердің 27028 гектарында дәнді дақылдар өсіріледі. Бірнеше ірі агроқұрылым, жиырмаға жуық ұсақ шаруа және фермерлік қожалық егістік алқаптарға алтын дәндерін сіңіріп, пайдаға кенелуде. Мұндағы шаруашылықтар былтыр әр гектардан орташа есеппен 15 центнерден өнім алды. Ең бастысы, бүгінгі күні округ тұрғындарының жеке кәсіпкерлікпен айналысып, қосалқы шаруашылығын дамытуға, балаларының білім және мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалуда, – дейді Гүлмира Амангелдіқызы.
Біз ауыл мектебіне ат басын бұрдық. Оқу ордасының директоры Мәншүк Жантөкенованың айтуынша, елді мекеннің темірқазығы болып отырған білім ошағы 1933 жылы бастауыш мектеп болып ашылса, 2012 жылы оған негізгі деген мәртебе берілген. Тоқсан жылға жуық тарихы бар мектеп білім беруге қажетті материалдық-техникалық базамен қамтылғанымен, оқушы саны аз. Бүгінгі таңда мұнда бар-жоғы 45 бала білім алуда. Бұл ауыл тұрғындарының мектеп жабылып қала ма деген алаңдаушылығын тудырып отырғаны сөзсіз.
– Бір жылдары кейбір пәндердің мұғалімдері зейнет демалысына шығып, қиналғанымыз рас. Соңғы жылдары ауылға жас мамандар келуде. Шәкірттеріміз әрдайым облыстық және республикалық пән олимпиадаларында, халықаралық зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр, – дейді Мәншүк Қажығалиқызы.
Мектеп директорының айтуынша, бірқатар үздік оқушылар алған білімдерін Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында жалғастырып, оны “Алтын белгімен” аяқтаған. Әскери білім алып, еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп жатқан түлектердің де қатары қалың. Солардың бірі – Сағындық Алқайдаров. Ауыл тумасы – облыс орталығындағы №6637 әскери бөлімде бастықтың орынбасары. “Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов” атындағы медальға ие болған мектеп түлегі Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен де марапатталған. Бұдан бөлек, Асхат Арықов, Асанәлі Рахымов, Медет пен Бексұлтан Жақсылықовтар Мемлекеттік әскери күзет қызметінде, Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқаруда.
Биылғы оқу жылында ауыл мектебінің жас мамандармен толыққанын директордың әңгімесінен естідік. Жас мамандардың дені “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында тартылған. Тарих пәнінің мұғалімі Серікболсын Сексембайдың, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асқат Махметовтың және бастауыш сынып мұғалімі Аян Естаевтың ауылға барып, еңбек етулері көңілді қуантады.
Тұрмыстың түзелгені болар, ауылда демографиялық ахуал тұрақты, жылдан-жылға тұрғындар саны көбейіп келеді. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру аясында 20 балаға шақталған “Балбөбек” шағын орталығы жұмыс істеп тұр. Орталықтың әдіскері Лаура Қажығайқызы атап өткендей, аталмыш бағдарлама аясында мұнда 15 балғын тәрбие алуда. Қажетті құрал-жабдықтармен және ойыншықтармен, оқулықтармен жабдықталған екі кабинетте сәбилерге Самал Мұқанова мен Райгүл Ізентаева сынды тәрбиешілер білім мен тәрбие нәрін сіңіруде.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібін ашып, мал өсіріп отырған іскер азаматтар ауылдың әлеуетін нығайтуда. Солардың бірі – Нұрлан Исин. Ол 2004 жылы “Әділет” шаруа қожалығын құрып, кәсіпкерлікті қолға алған. Егін шаруашылығымен айналысатын азамат бүгіндері еңбегінің несібесін көріп отыр. Иелігіндегі алқапқа бидай мен арпа егеді.
– Бүгінгі нарық заманында жұмыс істеймін дегендерге екі қолға бір күрек табылады. Көрші Мерген мен Бағанаты ауылдарында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсібін ашқандар аз емес. Бұл – жалтырлықтардың да қолынан келетін іс. Ауылда жайлы өмір сүруге болады. Тек іргесін нығайту үшін келіп жатқан жас мамандар тұрақтаса екен, – деген тілегін жеткізді кәсіпкер.
Бүгінгі күні диқанның туған бауыры Жанатай да мемлекет қолдауының шарапатын көруде. 2017 жылы астанадан елге оралған азамат кәсібін ашу мүмкіндігіне ие болады. Қорасын малға толтыруға ниет қойған ол аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталығының көмегіне жүгінеді. Мұндағы менеджер-кеңесшілер оған алдымен бизнес-жоспар құруды үйретіп, жеке кәсіпкерлігін оңтайлы тіркеу тәртібін түсіндіреді. Осындай көмектің арқасында ауыл тұрғыны нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 3 миллион теңгенің несиесін рәсімдейді. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы қаржы алған азамат ауласына жаңа қора салып, 7 жылқы мен 5 сиыр сатып алды.
– Отбасылық бизнеспен айналысу менің көп жылғы арманым еді. Алайда, бұған дейін бұл салада жеткілікті білімім де, қаржым да болмағандықтан, тәуекелге бара алмадым. Тек арнайы оқу курсынан өткеннен кейін және білікті мамандар көмегінің арқасында ғана несие алуға бел будым. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек еткіміз келеді. Аудан мен ауылдық округтің әкімдері тарапынан қажетті көмек көрсетілуде. Бәрі бір күнде бола қоймайды ғой. Қиындықтарға түсіністікпен қараймыз, – дейді Жанатай Қабуалиұлы.
Қазіргі уақытта іскер азаматтың қорасында 14 жылқы, 10 ірі қара бар. Ауыл тұрғыны сиырдың сүтін “Сергеевка сүт зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізіп, пайдаға кенелуде. Кәсіпкер алдағы уақытта мал басын арттыруды да жоспарлауда.
Ауыл халқының басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Азды-көпті қой, жылқы, сиыр ұстайды. Келіндер ауыл шаруашылығы кооперативтеріне сүт өткізуде. Тұрғындардың дастарқанынан май-қаймағы, ірімшік-айраны арылмайтынын атап айтқан жөн. Еңбекпен ысылған тұрғындар негізінен ауыл мектебінде, көрші Мерген ауылындағы “Мерген Б.Қ.” ауыл шаруашылығы кооперативінің сүт қабылдау қосынында, “Гермес-Агро” ЖШС-нің тұшпара цехында және былтыр ашылған наубайханада жұмыс істейді.
Жалтырда көптеген қазақ елді мекендеріне тән мәселелер де жоқ емес. Мұнда көп жылдан бері көшелер жарықтандырылмаған, аудан орталығымен жалғастыратын жолдың сапасы да көңіл көншітпейді. Дегенмен, бұл мәселелер бірте-бірте өз шешімін табуда. Былтыр аудан бюджетінен бөлінген 1,4 млн. теңге қаржыға көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп, үш көшеге электр қуатын үнемдегіш 20 жарықдиодты шам орнатылған.
Округ әкімінің айтуынша, 2018 жылы “Сергеевка – 2050” ЖШС-і Мерген мен Жалтыр ауылдарын жалғайтын жолдың 9 шақырымына жөндеу жүргізген. Үстіміздегі жылы бұл жолға ағымдағы жөндеу жүргізуге тағы 45 млн. теңге қаржы қажет. Округ әкімдігі жасаған жобалық-сметалық құжаттар қазіргі уақытта сараптамадан өтуде. Сондай-ақ, тұрғындарды алаңдатқан ауызсу мәселесі де шешілген. Былтыр жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 млн. теңгеге локалды сумен қамту қосыны салынды. Осылайша, ауыл тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика