ҚЫЗАНАҚ ПЕН ҚИЯР ҚЫСТА ДА ӨНІМ БЕРЕДІ Қызылжарда жылыжай кешені салынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалы әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру талаптарын ұсынып отырғанын айта келіп, алда атқарылатын басты жеті қағидатты белгілеп берген болатын. Солардың бірі – өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру.

Бұл мәселенің ауыл шаруашылығының маңызды бір саласы саналатын көкөніс-бақша дақылдарын өсіруге тікелей қатысы бар. Олай дейтініміз, бұл бағытта бәсекеге қабілетті инновациялық жобаларды жүзеге асыру, өндіріске енгізу әлі кенже қалып келеді. Отандық сұрыптарды шығаруда, жоғары репродукциялы тұқым түрлерін қолдануда, азды-көпті өндірген өнімдерді өткізуде жедел түрде түзетуді қажет ететін кемшіліктер жоқ емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша жылына 3,5 млн. тонна картоп өндіріледі. Ішкі нарықтың жан басына шаққандағы сұранысы – 100 килограмм. Жалпы сұраныс 1,7 млн. тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш жөнінен біздің облыс екінші орында тұр, тағамдық картоп 32-33 мың гектар алқапқа егіледі. Соған қарамастан нарықтағы бағасы жоғары және де біраз бөлігі оңтүстік өңірлерден, Ресейден, Қытайдан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан әкелініп, ішкі қажеттілікті жабуға кетеді. Басқа көкөніс түрлері туралы да осылай айтуға болады. Оның себебін сұрағанымызда сала мамандары көкөніс шаруашылығында барлық жұмыстар қолмен атқарылатындықтан шығын көп жұмсалатынын, сақтау орындарының жетіспейтінін, теріскейдің қатаң климатына бейімді сұрыптар егілмейтінін, ауыспалы егіс жүйесі сақталмайтынын алға тартты. Еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қауымдастығының мәліметіне көз жүгіртіп көрейік. Елімізде арнайы картоп және көкөніс қоймаларының сыйымдылығы бар-жоғы 800 мың тоннаға ғана жетеғабыл. Картопты былай қояйық, жылына өндірілетін 600 мың тонна қырыққабатты, 250 мың тонна пиязды, 340 мың тонна сәбізді қайда сақтаймыз? Бұл жерде салалық министрліктің дәруменге бай, экологиялық таза көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін өзімізде өсірудің орнына алыстан арбалағанды оңай кәсіп көзі етіп алғаны қынжылтады. Шетелде бұл саланың әлдеқайда дамып кеткені талас тудырмасы анық. Алайда, “таяқтың екі ұшы” бар демекші, өнімдердің химияға негізделетінін, бір мезеттік пайда үшін ұлт саулығын “ұмытып” кететініміз қалай? Отандық өнімдердің артықшылығы тәжірибеде әлдеқашан дәлелденген. “Біреудің қаңсығын таңсық ету психологиясынан арылудың жолы бар ма?” деген сауал туындаса, оның алғашқы бастамасы Қызылжар өңірінде қолға алынып отырғаны алдымен еске түседі. Озық жоба бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылықтарымызға және нақты мүмкіндіктерге қалай сүйену қажеттігіне негізделген. Бүгінгі таңда шетелдің арзан әрі сапасыз тауарлары отандық өнім ретінде ұсынылатынын, улы химикаттармен дәріленетіндіктен адам ағзасына өте зиянды заттар жиналатынын ескерсек, бұл өзгерісті бәсекеге қабілеттіліктің қарымды қадамына теңеген болар едік.

Қызылжар” арнайы экономикалық аймағында орналасқан жылыжай кешенінің құрылысы осы жылдың үшінші тоқсанында басталып, келесі жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру көзделген. Жалпы аумағы – 3,7 гектар. Жылдық қуаттылығы – 3 мың тонна. Тапсырыс беруші – “Зеленый Север”, бас мердігер –“СИОН-Норд”, жобалаушы – “Region-St” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Басты мақсат – үзіліссіз, циклды өндіріс жүйесін ұйымдастыра отырып, қызанақ, қияр өнімдерімен облыс тұрғындарын қамтамасыз ету, сондай-ақ көрші Ресей нарығына жеткізу, – дейді “СИОН-Норд” компаниясының бас директоры Денис Бернат. Оның айтуынша, өнеркәсіптік жылыжай тұрғызу ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, импортты алмастыруға, отандық мазмұн үлесін көбейтуге, сонымен бірге елдің көкөніс шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін тиісті деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. Құйылатын инвестиция мөлшері өте қомақты – 4 млрд. 490 млн. теңге. “Инвестициялық жобада көкөніс дақылдарын (қызанақ, қияр және т.б) өсіру мақсатымен жергілікті билік тарапынан арнайы жер телімдері берілді. Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы маусымаралық кезеңде көкөніс тапшылығын азайту жолдары жете қарастырылған. Қазір жобалық-сметалық құжаттар толық әзірленіп, сараптамаға жіберілді”, – деді Денис Эдуардович.

Жобаның бастамашысы “Зеленый Север” ЖШС-нің басшылығы да іске кірісуге тас-түйін дайын екендіктерін білдірді. Шаруашылық жүргізу үшін таңдап алынған аймаққа барлық коммуникациялық жүйелер тартылады. Жылыжайдың құрылысына мырышталған болат профилі секілді төзімді материалдар пайдаланылады. Жаңбыр суын ағызу, жылытылған ауамен қамту, зиянды жәндіктерден қорғау, көлеңкелі жылу экраны, бақылау және басқару желісі, тамшылатып суару жүйесі, өсімдіктерді механикалық қолдау – бәрі ескерілген. Жылыжай кешендерінде өсірілетін көкөністер тіл үйірер дәмділігімен ерекшеленетін болады. Жобаның басты бір артықшылығы – өнімдер тасымалдауға төзімді, ұзақ сақтауға жарамды. Тұтынушылар тарапынан үнемі айтылатын: “Сырттан әкелінетін қырыққабат та, қияр да, қызанақ та тас тәрізді қап-қатты. Сықсаң шырын шықпайды. Дәмі жоқ. Бізге шетелдік өнімнің құрамы емес, тауар ретіндегі өтімділігі керек. Бағасы арзан болған соң амалсыздан сатып алуға тура келеді”, – деген ренішті сөздерді енді естімейтін боламыз .

Жылыжай үшін Солтүстік Қазақстан облысы неге таңдап алынды?” деген сұрағымызға ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаев былай жауап берді:

Өңіріміз Ресейдің үш облысымен шектеседі. Омбыға – 250, Түменге – 500 шақырым. Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қостанай қалалары да алыс емес. Демек, көкөніс шаруашылығын дамыту, өз өнімімізді өндіріп қана қоймай, өткізу әлеуетімізді де молайтуға мүмкіндік беріп отыр. Екіншіден, бұл салаға Үкімет басымдық беріп, озық жобаға қаржылай қолдау бар. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қажетті жабдықтар сатып алуға 1,8 млрд. теңге бөлінеді. Бүгінгі таңда өңірде тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. 2020-2021 жылдары 800 тонна картоптың, 200 тонна сәбіздің, 200 тонна пияздың, 227 тонна қырыққабаттың қоры жасақталған. Жаңа жылыжайда қияр мен қызанақ қыркүйектен сәуірге дейін өсірілсе, сыртқа тәуелділігіміз азайып, баға да қолжетімді болары сөзсіз. Облыс тұрғындары жылына орташа есеппен 13 мың тонна қызанақ пен қияр тұтынады деді”.

Талғат Кәкімұлы былтыр 109,8 мың тонна картоп пен көкөніс жиналғанын, ішкі сұраныс барынша қамтамасыз етілгенін, биыл 6,2 мың гектар алқапқа – көкөніс, соның ішінде 900 гектарға – сәбіз, 600 гектарға – қызылша, 300 гектарға – пияз, 1,3 мың гектарға қырыққабат, осынша алқапқа – қызанақ, 1,14 мың гектарға қияр өсірілгенін жеткізді.

Тамақтану академиясы келтірген мәліметтер бойынша әр адам жылына орта есеппен 126 килограмм түрлі көкөніс түрлерін пайдалануы керек. Қазақстандағы көкөніс дақылдарының жыл сайынғы егістік көлемі 110-115 мың гектар шамасында ғана. Қай заманда болсын көкөніс өнімдерінің тағамдық құнарлығымен қоса емдік, шипалық, дәрумендік қасиеттері де қатты бағаланған. Осы себепті республикамызда денсаулықтың қайнар көзі іспеттес көкөніс түрлерін көптеп өсірудің ең ыңғайлы үлгісі ретінде жылыжайлардың көптеп тұрғызыла бастауы уақыт талабынан туған үрдістердің бірі екені даусыз. Өкінішке қарай, көкөніс баптаумен шұғылданатын кәсіпорындардың саны саусақпен санарлық қана. Сондықтан жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін жылыжай кешенін салу бастамасын облыс әкімі Құмар Ақсақалов қолдап, жылыжайдың құрылысы климаттық ерекшеліктерге ыңғайлы болуына айрықша назар аударды. Маусымаралық кезеңде өндірістің шектеулі болуына байланысты қызанақ пен қиярға тапшылық туындап, оның импорт есебінен өтеліп жүргені жасырын емес. Сондықтан өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және импорт алмастырудағы маңызы өлшеусіз. Жаңа технологияларды қолдану, гидропоника әдісімен жыл бойы өсіру, жылу-электр стансасының су буын пайдалану мәселелері жан-жақты ескерілген.

Қызанақ күтімді ең көп талап ететін көкөністердің бірі болғандықтан, мұнда оны өсіруге ғана емес, сақтауға да бағытталған бірегей технология таңдап алынған. Мұның өзі сабақтың тез жетілуіне, жемісті мол беруіне айтарлықтай әсер етеді. Өнімді жинап алудың да ұтымды жолдары қарастырылған. Биологиялық, сапалық құрамы, пісіп-жетілуіне дейін жіті бақылауға алынып, зерттеу шаралары кешенді түрде жүргізілмек. Бұдан бөлек, көкөністердің қоректік заттарға қажеттілігі, ауадағы көмірқышқыл газының құрамы, фотосинтез үшін ең қолайлы мерзімі, сонымен қатар ауа мен тамыр кеңістігінің температурасы, ауаның ылғалдылығы, жарықтың жеткіліктілігі мен ұзақтығы ғылыми түрде зерделеніп, қоректендіру режімі тұрақты бақылауға алынады. Өнімдердің өсуі мен дамуы үшін оңтайлы жағдай жасау, қысқа мерзім ішінде жоғары өнім алу – түпкі міндет. Қоректік заттар мен ерітіндіні беру автоматты түрде жүзеге асырылады. Қосымша электр жарығы арқылы өсімдіктерді өсіруді тәжірибеге енгізу көзделген. Осылайша жетіспейтін табиғи жылу мен жарық озық әдістер есебінен өтеледі. Тозаңдандыру және зиянкестермен күресу үшін технологиялық үрдісте биологиялық құралдар қолданылады.

Жоба аясында 65 адамды (агроном, көкөніс өсіруші, технолог, оператор, т.б.) жұмысқа орналастыру көзделген. Қызметкерлерді қабылдау келесі жылдың екінші тоқсанында басталмақ. Олар тағылымдамаларға жіберіліп, білімдерін шыңдайды. Жеміс-көкөніс өнімдерінің 3 түрін өндіру белгіленген: олар – 1460 тонна қызанақ, 1319 тонна қияр және 170 тонна салат жапырақтары. Облыстың ішкі қажеттілігінің жартысына жуығы өтеліп, қыс бойы сауда орындарынан үзілмейді. Қызанақ өсіру бір ауыспалы, қияр үш ауыспалы егіс жүйесіне негізделген. Қызанақ қазаннан шілдеге дейін, ал қияр қазаннан тамызға дейін өнім береді деп күтілуде. Өнімдердің 80 пайызы ішкі қажеттіліктерге жұмсалып, 20 пайызы экспортқа шығарылады. Бүгінде өндірген өнімді сақтау, өткізу күрделі мәселелердің бірі саналса, бұл жағы да мұқяит ойластырылған. Жинап алынған өнімдер сату пункттері жанында орналасқан арнайы тоңазытқыштарда сақталып, тұтынушыларға дейін жеткізу процесі еш кедергісіз атқарылады. Озық техникаларды қолдану жайы қарастырылып, Нидерланды мемлекетімен келіссөздер жүргізілуде. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп, өңірді дамытудың кешенді бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайызбен қаражат бөлініп отыр.

Тың жобаға қатысты қала тұрғындарының, соның ішінде нарықтағы бағаны дөп басып білетін көкөніс саудасымен айналысып жүрген кәсіпкерлердің де пікірлерін сұраған едік.

Облыс орталығында жылыжай кешені салынатынын естіп, қуанып жатырмыз. Өте орынды бастама дер едім. Жасыратыны жоқ, базардағылардың көбі – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жандар. Тұрақты қызмет болмағаннан кейін өзгеден сатып алған тауарына аздап баға қосып сатып, балашаға нәпақасын айырғанына шүкіршілік етеді. Көкөністің, жеміс-жидектің дені сырттан жеткізілетіндіктен, бағасы едәуір жоғары. Себебі, жол, басқа да шығындар қосылады. Ал өзімізде жылыжай ашылса, көкөніс сатушылардың да, жұртшылықтың да таңдау мүмкіндігі артып, өнім сапасы да жақсарар еді,– деді “Дария” базарының директоры Роза Шакирова.

Өз басым теріскейде бау-бақша, көкөніс шаруашылығының дамуын қос қолдап қолдаймын. Қысы-жазы көкөнісі үзілмейтін жылыжайдың тұрғызылуы – көпшіліктің қамын ойлаудан туған игілікті іс. Қысы қатал өңірде экологиялық жағынан таза көкөніс түрлерінің көптеп өндірілуіне тілектеспін, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Қаламқас Қасымбекқызы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

Soltüstık Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика