ҚАЙЫҢНАН ЖАСАЛҒАН ФАНЕРА кеме құрылысында да қолданылады

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы “Солтүстік фанера комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ағаш өңдеу цехында болды.

Көп жылдан бері қаңырап бос тұрған ғимаратта шетелдік технология бойынша ламинатталған фанера шығарылмақ. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд. теңге. Бүгіндері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген цехқа Еуропа елдерінен сатып алынған заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Жоба толық жүзеге асырылғанда өңір экономикасына 2 млрд. теңгеге жуық қаржы құйылып, кәсіпорын толық қуатына көшкен кезде 150 тұрғын жұмыспен қамтылмақ.

Комбинат бастапқыда жылына 18 мың текше метр өнім шығаратын болса, кейін оның мөлшері екі есеге дейін артып, 36 мың текше метрге жетпек. Серіктестіктің бас инженері Айвас Бакирдің айтуынша, орман шаруашылықтарынан жеткізілген ағаштың қабығы аршылып, арнайы станоктарда тілінеді. Күн сайын ламинатталған 70 текше метр фанера тұтынушыларға жөнелтіледі. Ағаштың жаңқалары мен бұтақтары да кәдеге жаратылады.

Цехтың мүмкіндіктерімен танысқан облыс әкімінің айтуынша, фанера шығаратын комбинаттың іске қосылуы Қызылжар өңірінде ағаш өңдеу өндірісін дамытуға жол ашпақ.

– Болашағы зор жобалардың бірі – фанера өндіру комбинатының құрылысы шетелдік инвестицияның арқасында жүзеге асырылуда. Түркиялық инвестор Огузхан Челиктің таңдауы Қызылжар өңіріне түсуі кездейсоқ емес. Біздің облыс географиялық жағынан, көлік-логистикалық қатынас тұрғысынан және шикізат жөнінен қолайлы. Қызылжар өңірінде көп өсетін қайыңды тек отын ретінде ғана пешке жақпай, дайын өнім ретінде пайдалануға болады. Қайың фанерасы, тіпті, кеме жасау барысында да қолданылады. Қазір елімізге 90 мың текше метр фанера сырттан әкелінеді. Жаңа кәсіпорын ішкі қажеттіліктің 30 пайызын өтейтін болады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Дайын өнімнің басым бөлігі Түркия, Қытай және Өзбекстанға жөнелтіледі. Облыс орталығындағы ірі жоба жергілікті ағаш өңдеушілердің, жиhаз жасаушы кәсіпорындардың және құрылыс компанияларының өндірісіне ерекше серпін береді деп күтілуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика