ЗАУЫТ ӨНІМІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Дүниежүзілік экономикаға кері әсерін тигізген коронавирустың кесірінен елімізде бірқатар ірі кәсіпорындар, көптеген орта және шағын бизнес субъектілерінің жұмысы тұралап қалғаны белгілі. Дегенмен, сол қиындықтарға қарамастан, жұмысын жалғастырып, жаңа өндіріс орындарын ашқан компаниялар да бар. Солардың бірі – Петропавлдағы “SMB GROUP Family” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталмыш компанияның цехтарында болып, өндіріс жұмысымен танысты.

2005 жылы құрылған компания бұған дейін жылжымайтын мүлікті жалға беру және жалға алу, әртүрлі тауарларды көтерме-бөлшек сату, мамандандырылған техникалық қызметтер ұсыну сияқты жұмыспен айналысқан. Енді жаңа бағытта бағын сынап, биг-бегтер, яғни үлкен қаптар, жұмсақ контейнерлер және крафт-қаптар шығаратын зауытты іске қосты. Көктем және жаз айларында тоқыма цехы салынып, полипропилен жіптерін өндіретін станоктарды орнату және іске қосу, әкімшілік ғимараттарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

“SMB GROUP Family” ЖШС-нің құрылтайшысы Мұқан Садуовтың айтуынша, жаңа кәсіпорында жыл сайын 1,2 млн. биг-бег, 12 млн. полипропилен қап, 78 млн. қағаздан жасалған крафт-қап шығару жоспарланып отыр.

– Бүгінгі күні елімізде, оның ішінде Қызылжар өңірінде биг-бег немесе полипропиленнен жасалған ыдыстардың өндірісі жоқ. Біз отандық нарыққа жүргізген талдау барысында елімізде полипропилен қаптар мен жұмсақ контейнерлерге сұраныс бар екеніне көз жеткіздік. Көптеген отандық компаниялар бұл өнімдерді шетелден сатып алуда. Біз сапалы өнімді тиімді бағамен ұсынуды ұйғардық, – деді Мұқан Садуов.

Жобаға 600 млн. теңге инвестиция тартылған. Алдағы уақытта құйылатын қаржы көлемі кезең-кезеңімен 6 млрд. теңгеге дейін жеткізілмек.

Қомақты қаражатқа кәсіпорынға қосымша заманауи құрал-жабдықтар сатып алынбақ. Қазіргі уақытта цехтарда жұмыс барысы толығымен автоматтандырылған. Арнайы құрылғылардың көмегімен әзірленетін әр қаптың сыйымдылығы бір тоннаны құрайды. Зауытқа 148 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл соңына қарай толық қуатына көшкен кезде олардың саны 300-ге жеткізілмек. Еңбеккерлердің орташа айлық жалақылары 100 мың теңгені құрайды.

– Осыдан үш жыл бұрын Петропавлда бұрынғы зауыттардан қалған 30-ға жуық нысан қаңырап бос тұрған болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен олардың жартысы жаңа өндіріс ашу мақсатында инвесторларға берілді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Осыдан бір жыл бұрын бұл ғимарат та бос тұрған еді. Ал бүгінде бұл жерде ауыл шаруашылығы және құрылыс саласында сұранысқа ие өнімдер шығарылуда. Цехтарда шығарылған биг-бег қаптары жыл сайын 1,2 млн. тонна дәнді және майлы дақылдарды сақтауға мүмкіндік береді. Бұл облыстағы элеваторлар мен астық сақтау қоймаларында сақталатын астықтың 20 пайызын құрайды, – деген Құмар Іргебайұлы зауыт басшылығына бастамаларына сәттілік тіледі.

Биг-бег қаптары ауыл шаруашылығы дақылдарын және цемент, құм, пластик гранулалары сияқты құрылыс материалдарын тасымалдау және сақтауда қолданылады. Жаңа өнімге тапсырыс берушілер – жергілікті құрылыс компаниялары мен агроқұрылымдар. Бүгінде жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасалған.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика