СӘТТІ ӨТКЕН КЕЛІССӨЗ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдерінің орынбасарлары бастаған қазақстандық делегация Ресей Федерациясы Омбы облысының губернаторы Александр Бурковтың шақыртуы бойынша көрші елге барып қайтты. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ғани Сақтағанұлының айтуынша, іссапардың негізгі мақсаты – өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша Петропавлдағы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында фармацевтикалық зауыттың құрылысын бастау үшін ресейлік инвесторлармен қосымша келіссөз жүргізу. “Ресейліктер жобаның тиімділігін, қаржыландыру көзін көрсетіп, Омбыдағы осыған ұқсас нысандарды назарымызға ұсынды. Өз шарттарын айтты. Бірлескен іс-әрекеттің нақты жоспарын талқыладық”, – деп жазды әкімнің орынбасары.

Аталған жиын еліміздің Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевтың Омбы облысына жұмыс сапарына тұспа-тұс келген. Сондықтан Ғани Нығыметов сапар барысында бірқатар ресми іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алғанын да айтты. “Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаевтың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. 1945 жылы соғыста ауыр жараланған ол Омбыдағы госпитальда емделген. Ардагердің құрметіне ескерткіш тақта орнату жөніндегі бастаманы жергілікті ардагерлер, Омбыда тұратын қазақ қоғамы майдангерлер мен жаралы азаматтардың өмірін құтқаруға үлес қосқан омбылық дәрігерлерге алғыс ретінде ұсынған”, – деп жазды облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар қазақстандық делегация бірқатар өндіріс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысқан. Соның ішінде озон арқылы ауыз қуысы мен тамақ инфекцияларын емдеуге арналған медициналық қондырғылар шығарылатын кәсіпорын қазақстандық делегацияның ерекше назарын аударған көрінеді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика