ҚҰС ТҰМАУЫНА ҚАРСЫ ШАРАЛАР

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бастаған арнайы топ Солтүстік Қазақстан облысында болып, жоғары патогенді құс тұмауының таралуын болдырмауға қатысты қолға алынған шаралар барысын тексерді. Бұл жайлы министрліктің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан “Facebook“ желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Іссапар барысында арнайы топтың өңірімізге келудегі мақсаты жайлы айтқан вице-министр Гүлмира Исаева Қазақстанда 2005 жылдан бері құс тұмауы тіркелмегенін еске салды. “Сондықтан біз осы өңірде індетке қарсы жұмысты дұрыс үйлестіруге және вакциналау шараларын ұйымдастыруға, ауру ошақтары анықталған аумақтарды және құстардың өлекселерін жоюға көмектесу үшін келдік. Тәуекелдерді бағалау және құс тұмауының одан әрі таралуын болдырмау үшін барлық іс-әрекеттердің дұрыстығына көз жеткізу өте маңызды. Сондай-ақ, біздің міндетіміз – өлген құстың иелеріне өтемақы төлеу бойынша жұмысты жолға қою. Бізбен бірге республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың басшысы мамандарымен келді. Олар өтініштерді қабылдап, заңға сәйкес төлемдер жүргізеді“, – деді вице-министр.

Өткен аптада үй құстарының қырылу фактісіне қатысты талдау нәтижесі белгілі болғаннан кейін он ауыл карантинге жабылғанын хабарлаған болатынбыз. Қауіпті індет таралған аймақтардың қатарында Тимирязев, Шал ақын, Жамбыл, Тайынша, Қызылжар, тағы басқа аудандар бар.

Арнайы топ жұмыс сапары барысында жұмырт­қа беретін тауықтарының жартысы қырылған Бес­көл құс фабрикасына да ат басын тіреді. Құстар­дың қырылуы салдарынан мұндағы жұмысшылар табысынан қағылуы мүмкін.

– Бірінші күні жұмыртқа беретін тауықтардың 180 мыңнан астамы қырылса, көп ұзамай тағы 30-40 мыңынан тұмаудың белгілері анықталды. Кә­сіпорында қалған қаз мүлдем жоқтың қасы. Бір­неше тәулікте ондаған мың құс қырылғандықтан, оларды жою да қиындық туғызуда. Шұңқырлар қазып, өлекселерді өртеп, індет таралмауы үшін үс­тін балшықпен жабамыз, – деген құс фабрикасы­ның технолог маманы Татьяна Костенко құс тұ­мауының алдын алу үшін жаппай вакцинация жүр­гізуге қаржылары болмағанын жеткізді. Қыркүйек айының басында мұнда 15 мың үйрекке екпе егіл­ген екен. "Ресейдің елімізбен шекаралас аймағын­да қауіпті індеттің пайда болғанын естігенде, ал­дымен үйректерге екпе егу туралы шешім қабыл­дадық. Өйткені, жұмыртқа беретін тауықтарға екпе жеткіліксіз еді. Әзірге үйректерді ғана аман сақтап отырмыз", – деді маман.

Кәсіпорынның бүгінгі жай-күйімен танысқан Гүл­мира Исаева вакцинация талдау нәтижесі белгілі болып, нақты диагноз қойылғанда ғана жүргізілеті­нін айтты. Оның сөзіне сәйкес 16 қыркүйек күні кешкі сағат 21.00-де диагноз белгілі болған. Келесі күні вакцинация және шектеу шаралары қолға алынды. Екі күннен кейін қажетті вакцина арнайы көлікпен өңірге жеткізіліп, аудандар бойынша таратылды. Облыста сақтық шараларын жүргізу үшін республикалық қордан екпенің 873 дозасы бө­лінген болатын. Қажетті екпе Отардағы биология­лық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында шығарылған. Вице-министр қырыл­ған құстардың иелеріне өтемақы төленетінін де еске салды. Сомасы нарық бағасы бойынша есеп­теліп, облыстық әкімдік жанындағы арнайы комис­сия жариялайтын болады.

Мамандар өңіріміздегі құс фабрикаларының бас­шыларымен кәсіпорындардың айналасында «био­логиялық қауіпсіз әрі оқшауланған» аймақтар­ды құру жайын талқылады. Талаптар толық әрі мұ­қият орындалған жағдайда құс фабрикалары өнім­дерін әрі қарай еркін саудалауға мүмкіндік алады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

"Soltústik Qazaqstan".

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика