ГАЗ БАҒАСЫ НЕГЕ ҚҰБЫЛДЫ?

Соңғы кезде облыс аумағында автокөлік газының бағасы шарықтап тұр. Бұл туралы редакциямызға бірқатар қала тұрғындары хабарласып, сұйытылған мұнай газының құны өзге өңірлерге қарағанда күрт өскенін алға тартып, шағымданды. Кейбір бекеттерде газдың литрі 76 теңгеден сатылуда. Осыған орай біз мәселенің мән-жайын зерттеп көрдік.

Қазақстан жыл сайын мұнай мен газ өндірісін ұлғайтуда. Республикада өндіруді арттыруға мүмкіндік беретін ірі мұнай-газ жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ресми дерек бойынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-мамырында елімізде сұйық немесе газға айналған күйде табиғи газды өндіру көлемі 24,8 млрд. текше метрге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінде өндірілген көлемнен 7,2 пайызға артық.

Алайда, нарықтағы көмірсутек шикізатының бағасы тұрақталар емес. Өңірлерде газдың бағасы әртүрлі. Тіпті, кейбір облыстарда айырмашылық бірнеше теңгеге дейін жетеді. Қызылжар өңірінде де газ мәселесі тұрақты дей алмаймыз. Біресе газ тапшылығынан көліктер стансалар алдына кезекке тұрса, енді бірде газдың бағасы құбылып, тұрғындарды тығырыққа тірейді.

Бұған көпшіліктің еті үйреніп кеткендей. Дегенмен, пандемияға байланысты орын алған қиын кезде солтүстікқазақстандықтардың қымбат газды құюға қалтасы көтере бермесі анық. Жүргізушілердің айтуынша, мамыр-маусым айларынан бастап жергілікті жанар-жағармай бекеттері газ бағасын көтере бастаған. Мұның алты ай карантинде отырып, табысы азайған солтүстікқазақстандықтарға оңай тимесі анық.

Қалада газбен жүретін “темір тұлпарлар” саны күн санап артып келеді. Солардың бірі – Қайрат Омаров. Бензиннен газға көшкелі бері әжептеуір ақшасы үнемделген. Мәселен, бұрындары аптасына 5 мың теңгеге бензин құйып келсе, қазір әлдеқайда аз ақша жұмсайды.

– Көліктің рулін ұстағаныма он жыл болды. Тәжірибелі жүргізушімін. Бұған дейін көлігіме “АИ–92” маркалы бензин құйып келген болатынмын. Дегенмен, бензиннің бағасы күннен-күнге қымбаттауда. Амалсыздан былтыр газ қондырғысын 180 мың теңгеге орнатуыма тура келді. Бұл қадам отбасымның бюджетіне біршама жеңілдік әкелді. Себебі, көліктің багын бір толтырып алсам, соның өзі 1,5 аптаға жетеді. Алайда, көктемде газ бағасының өскенін байқадым. Отбасын асырау қамымен Көкшетауға такси ретінде жиі қатынаймын. Бір қызығы, Петропавлдан бар-жоғы екі жүз қашықтықта орналасса да, онда газдың бағасы арзан. Лажсыз сол жақта багымды толтырып алуға тырысатын болдым, – дейді қала тұрғыны.

Жүргізуші сөзінің жаны бар. Сұрастыра келе, өзге облыстарда сұйытылған мұнай газының бағасы біршама төмен екеніне көз жеткіздік. Мәселен, Көкшетауда газ – 52-57, Нұр-Сұлтанда – 60-74, Арқалықта – 58-68, ал Атбасарда 54-63 теңге аралығында саудалануда. Сонда Солтүстік Қазақстан облысында автогаз бағасының күрт өсуінің себебі қандай? Мәселенің түбіне жету үшін облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне хабарластық. Алайда, хатшы қыз коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде бірқатар мамандар мен бөлім басшыларының басқа жұмысқа ауысып кеткенін жеткізді. Яғни, бағаға мониторинг жүргізетін маман тапшылығы орын алған.

Басқа амалымыз қалмаған соң облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті басшысының орынбасары Наталья Шаяхметоваға қоңырау шалдық. Оның айтуынша, өңірімізде аталмыш жанармай бағасының қымбаттауының өзіндік себебі бар.

– Елімізде мемлекеттік реттеуді енгізу арқылы төтенше жағдай кезінде автокөліктерге арналған газдың бағасы тұрақтандырылған болатын. Президент жанындағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Энергетика министрлігіне автогаз құю стансаларында уақытша мемлекеттік бағалық реттеу енгізу шараларын қабылдау тапсырылды. Егер бұған дейін стансалардағы сұйытылған мұнай газына бағаны нарық реттесе, енді төтенше жағдай енгізілгеннен кейін министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, барлық 2165 жанармай құю бекеттеріндегі ең төменгі және ең жоғары бағаларды талдап, мемлекет реттейтін бағалық шектеулерді орнатты, – дейді Наталья Николаевна.

Бұл бұйрық өз нәтижесін берді. Әр аймақтағы баға логистикалық шығындарға, зауыттардың географиялық жақындығына, жанар-жағармай стансаларының санына, тұтынушыларға және тағы басқа жайларға байланысты белгіленді. Тұтастай алғанда, Қазақстанда сұйытылған газдың орташа бағасы 8 пайыз төмендеді. Бұдан бөлек, сақтау паркінен газдың өткізу бағасы тоннасына 62 мың теңгеден 56 мың теңгеге дейін арзандатылды. Карантин аяқталған соң да өзге өңірлерде баға сол күйінде сақталып отыр.

Дегенмен, біздің облыста бірізділік жоқ. Жергілікті кәсіпкерлер карантин кезінде газдың бір литрін 65 теңгеден сатып келгенді. Бірақ жанар-жағармай бекеттерінің басшылықтары бұйрықта автокөліктерге арналған сұйытылған газдың бағасын тұрақтандыру шаралары тек төтенше жағдай кезінде атқарылу керектігі ғана жазылған деген желеумен бағаны өсіріп жіберген. Сөйтіп, газ құю стансаларындағы газдың бағасы аяқастынан көтеріліп, бір нүктелерде – 74, енді бір нүктелерде 76 теңгеден сатыла бастады. Осылайша, жүргізушілер арасында түсініксіздік тудырған болатын. Аудандардағы баға да осы шамалас.

Бүгінгі таңда әрбір кәсіпкер тауарына өзіндік құнын өз бетінше қоюға құқылы. Алайда, бағаның негізсіз өсуі қатаң қадағаланады. Егер де баға негізсіз қойылса немесе кәсіпкерлердің астыртын әрекетке барғаны анықталса, олар жауапқа тартылуы мүмкін. Сондықтан департамент басшылығы аталмыш мәселенің өзектілігін ескере отырып, газ сатумен айналысатын 14 серіктестікті сотқа берген. Бірінші отырыста жанар-жағармай стансаларында газ бағасын белгілеу әрекеттерінен бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық белгілері анықталды. Бұл жеңілістен кейін сот шешімімен келіспеген кәсіпкерлер жоғары органға апелляциялық шағым түсірді. Енді бір айдың ішінде түйткілді мәселеге нүкте қойылады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта газ бағасын тұрақтандыру мақсатында Энергетика министрлігімен бірлесіп, тиісті жұмыстар қолға алынып отыр. Облыс әкімдігі бөлшек сауда сатушыларымен және жанармай құю стансаларымен жасалған меморандум аясында жұмыс істеуде. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, өңірде 78 сұйытылған газ құю бекеті бар. Олардың басым бөлігі жанар-жағармай стансасының жанында орналасқан. Бүгінгі таңда бұл бекеттерде 949 мың тонна газ қоры бар.

– Өңіріміздегі бекеттерге газдың басым бөлігі Ақтөбе мен Павлодар облыстарындағы мұнай зауыттарынан жеткізіледі. Тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Автокөліктерге арналған газ отынының қажетті қоры бар. Бағаның құбылуына оның тапшылығы әсер етіп отырған жоқ. Бүгінгі күні қаладағы бекеттерде сұйытылған мұнай газы 74-76 теңге аралығында сатылуда. Ал аудандарда тасымалдау шығындарына байланысты әртүрлі баға белгіленген. Ең қымбат бағалар облыс орталығында тіркелді, – дейді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда облыста газбен жүретін 153610 көлік тіркелген. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспановтың келтірген ақпараты бойынша, оның 12,4 мыңы сығымдалған газбен жүреді. Яғни, оларда санатына байланысты қымбат бензиннің орнын ауыстыратын “BRC” (Италия), “LOVATO” (Италия) және “Stag” (Польша) газ баллон құрылғысы орнатылған. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Ал “темір тұлпарына” қондырғыны орнатқанымен, техникалық төлқұжатын заңды рәсімдемегендері қаншама? Осылайша, бағасы шарықтап кеткен бензиннен табиғи таза әрі қолжетімді газға ауысқан жерлестеріміздің ренішін түсінуге болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика