ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚАРБЫЗЫ

Солтүстік Қазақстан облысында дәстүрлі егін шаруашылығы жақсы дамыған. Диқандар негізінен дәнді дақылдар егіп, картоп отырғызады. Соңғы жылдары жергілікті егіс танабын әртараптандыру мәселесіне көңіл бөліп, майлы дақылдар алқабын кеңейткен болатын. Алты ай қысы бар өңіріміз үшін мүлдем таңсық өнім түрлерін егетін солтүстікқазақстандықтар да бар. Солардың бірі – Николай Малвенов қарбыз өсірумен айналысады.

Есіл ауданындағы Корнеевка ауылының тұрғыны бірнеше жылдан бері қарбыз өсіруге ден қойған. Биылғы көктемде де осы дақыл тұ­қымын сепкен. Ала жаздай бел жазбай еңбектенген отбасы биыл екі рет өнім алыпты. Жуырда 2 тоннаға жуық қарбыз жиналды. Бұл біздің өңір үшін рекордтық көрсеткіш деуге болады. Дәмі тіл үйіретін дақылдың орташа салмағы 7 килограмды құрайды. Арасында 12-14 килограмдықтары да кездеседі. Солтүстік үшін таңсық өнім өсірумен айналысатын отбасының ұйытқысы Елена Малвеновамен телефон арқылы әңгімелестік. Оның айтуынша, күйеуі қарбыз өсіру тәжірибесін ғаламтордан үйренген екен.

Үй жанындағы бақшаға түрлі дақыл өсірумен айналысатын ол ғаламтордан Ресейдің Кемерово қаласында қарбыз өсіріп, жақсы өнім алып жүрген шаруалар туралы ақпаратты көзі шалып қалады. Бұл облыстың ауа райы біздің өңірдің климатына ұқсас келеді екен. Содан бастап жерлесіміздің аталмыш дақылға деген қызығушылығы оянады. 2017 жылдан бастап картоптың жанына қарбыз тұқымын еге бастайды. Алғашқы жылдары шағын ғана жерге отырғызылғандықтан, өнім де аз шығады. Келесі жылы білімін жетілдірген ауыл тұрғыны қыс бойы дайындалып, қажетті сұрыптарды сатып алады. Ал биыл картоптың орнын толық қарбызға арнауды жөн көреді. Сөйтіп, бұл жолы 300 түп өнім жинайды.

– Алғашқы қарбызды шілде айының ортасында алған болатынбыз. Жуырда екінші рет өнім жинадық. Жерімізге тәтті көкөністің отызға жуық сұрыбын отырғыздық. Олардың арасында “Виктория”, “Топ ган”, “Атаман”, “Астраханский” және “Кримсон Свит” деген түрлері бар. Біз оларды таныстарымыз арқылы Мәскеуден алдырдық. Бұл элиталық тұқымдар облысымыздың ауа райына біршама бейімделген. Арасында экзотикалық түрі, дәмі өзгеше келетіндері де бар. Бүгіндері әр сұрыптың өнімділігіне, дәмі мен сапасына көңіл бөлудеміз. Кейін, әрине, арасынан ең өнімі жоғарысын таңдап, жыл сайын отырғызатын боламыз, – дейді Елена Малвенова.

Ерлі-зайыптылардың агрономиялық білімдері жоқ. Бұған дейін тек картоп отырғызумен шектеліп келген. Николай Малвенов – ауыр жүк көлігінің жүргізушісі. Еленаның өз кәсібі бар, ауылда азық-түлік дүкенін ұстайды. Отағасы алыс жолға шыққанда қарбыздарды күтіп-баптайтын да Елена. Нәзік жанның айтуынша, қарбыздың көшетін сәуір айының соңында егу қажет. Жылусүйгіш өсімдік болған соң топырақтың температурасы 16 градустан төмен болмауы керек. Әйтпегенде тамырлары жетілуі екіталай. Биыл дақыл мамыр айының басында отырғызылғанымен, екі аптаға созылған суықтың кесірінен өскіндердің 30 пайызы шықпай қалған. Сондықтан оларды үнемі жауып, ерекше күтімге алған.

Әрине, мол өнім алу үшін ерекше күтім қажет. Дақылдарды уақтылы суарып, арамшөбін жұлып отыру керек. Арамшөп көп болса, қажетті топырақ құнарының бәрін сорып алады. Әдетте қарбыз шілде және тамыз айларында піседі. Дегенмен, былтыр кейбірінің жетілуі қарашаға дейін созылған. Осылайша, Малвеновтар отбасы ауа райы біршама салқындау Қызылжар өңірінде қарбыздан жақсы өнім алуға болатындығын дәлелдеп отыр. Корнеевкада өсірілген қарбызға, әсіресе, ауыл тұрғындары арасында сұраныс жоғары. Швейцариялық селекция әдісімен шығарылған “Топ гон” қарбызы баршаның сүйікті тағамына айналып үлгерген. Екіншіден, өсіру барысында ешқандай пестицид қолданылмайды. Экологиялық таза өнім болғандықтан, хош иісті, дәмі де тіл үйіреді. Отбасы өкілдерінің айтуынша, қарбызды өсіру барысында үш нәрсеге ерекше көңіл бөлу керек. Ол – дұрыс таңдалған тұқым, тамшылатып суару әдісі және қарбызды өсіремін деген шынайы ниет. Әуесқой бағбандар биылғы өнімді ауылдықтар арасында саудалап, ағайын-туысқандарына таратып бермекші. Тағы бір жыл тәжірибе жинаған соң оны тұрақты табыс көзіне айналдыру жоспарлары бар.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика