ЕЛІМІЗДЕ БАЛАМАСЫ ЖОҚ КОМБИНАТ ламинатталған фанер шығарады

Шетелге тәуелділік азаюы тиіс

Орман шаруашылығы да ел экономикасының маңызды бір буыны екенін былайғы жұртшылық жете біле бермейтін секілді. Өйткені, құрылыс материалдары түгелге жуық шетелден әкелінетіндіктен, ойлары да, бойлары да әбден үйреніп кеткендей. Оның үстіне Қазақстанда жер ресурстары жеткілікті көрінгенімен, орманға соншалықты бай емеспіз.

Статистикаға сүйенсек, республиканың жалпы аумағында орман және бұталы алқаптардың көлемі 4,2 пайызды ғана құрайды. Оңтүстік жақтарда көбіне отын ретінде жағылатын сексеуіл өседі. Батыс пен орталық бөлікте ауа райы құрғақ келетіндіктен, орман жоқтың қасы. Орман қорының 80 пайызға жуығы солтүстік және солтүстік-шығыс аймаққа тиесілі.

– Орман шаруашылығы географиялық ерекшеліктеріне қарай үлкен 4 өңірге бөлінеді. Теріскейдегі орманды далада қайың, көктеректен тұратын шоқ ормандар мен қарағайлы орман жолағы жиі кездеседі. Орман өнеркәсібі өте күрделі сала: ағаш дайындаудан бастап, механикалық, химиялық өңдеуге, қалдықсыз қайта өңдеуге дейінгі аралықты қамтиды. Қазір озық технологиялар кеңінен енгізіліп, жайқала өсіп, табиғаттың сәнін келтіріп тұрған қайың ағашынан түрлі өнімдер алынып жүр, – деді сөйлескенімізде табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің жетекшісі Василий Лабанчук. Ол орманның қоғам және адам өмірінде алатын зор маңызына да тоқталып өтті. Айтуынша, құрылыспен қатар тау-кен өнеркәсібінде (шахта жақтауларын ұстату), машина жасауда (кеме, ұшақ, вагон), сондай-ақ, жиhаз, қағаз, сіріңке, тағы басқа өнімдерді өндіруде кеңінен қолданылады.

Алайда, кейбір елдермен салыстырғанда майшелпектей саналатын ен байлығымызды игеру, кәдеге жарату жағы көңіл көншіте бермейтінін солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер тарапынан көп естідік. Солардың бірі – аты-жөнін атамауды өтінген “Комфорт” жиhаз салонының қызметкері кей үй жиhаздары мен үйішілік бұйымдар жергілікті материалдардан жасалғанымен, негізінен шетелден әкелінетінін, пандемияға байланысты өндірісте іркілістер орын алып отырғанын, жұртшылықтан тапсырыс қабылдау тоқтатылғанын ренішті үнмен жеткізді. “Жасыратыны жоқ, шикізаттың денін Ресейден алдыртуға мәжбүрміз. Елімізде өндіріле ме, жоқ па, сапасы қандай дәрежеде, хабарым аздау. Көріп тұрсыз ғой, шекара жабылып еді, өндірісіміз тоқыраудың аз-ақ алдында тұр. Қазақстандық мазмұндағы құрылыс материалдарын шығаратын мезгіл әлдеқашан пісіп-жетілді”, – деді сатушы келіншек.

Орманның ортасында отырсақ та, әлі күнге жиhаз жасауға қажетті материалдардың 80-90 пайызы неліктен сырттан әкелінеді деген сауалды осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген кәсіби мамандарға қойған едік. Олардың сөздеріне қарағанда, Қазақстанда ағаш өңдеу өнеркәсібі үшін шикізат базасы қалыптаспаған. Себебі, орманды қорғау мен сақтауға ғана назар аударылып, ал ағаш өңдеу ісі кенжелеп қалған. Сосын ағаш өңдеушілер Ресеймен салыстырғанда салықты көбірек төлейді. Бұдан бюджеттің бүйірі шыққанымен, ағаш өндірісі дамып кетеді деп айту қиын. Өзге елдің қаңсығын таңсық көріп, арзанына қарай жүгірудің бір сыры осында жатса керек. Ағашты өңдеумен шұғылданатын ірі мекемелер тым аз, дені – ұсақ ұйымдар.

Бұл орайда Қазақстанның ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының айтар уәждері аз емес. “Орман өнеркәсібі кешенінің ХХІ ғасырдағы интеграциялық-инновациялық мүмкіндіктері” деген тақырыпта өткен бірінші Орталық Азия аймақтық орман өнеркәсібі форумына қатысқан қазақстандық өкілдер жалпыға ортақ бірнеше мәселені тілге тиек еткен. Олардың бастыларына мемлекет пен өңдеу кәсіпорны арасында заңға негізделген өркениетті қарым-қатынас орнату, саланы дамытудың нақты мақсаттарын анықтау, Орман кодексіне өзгерістер енгізу, орман қорын пайдаланушының міндеттерін жүйелеу мәселелерін атауға болады. Бұған ағаш өңдеуші кәсіпорындар басымдықты салалар, инновациялық гранттар беру тізіміне кіргізілмегенін, ескірген құрал-жабдықтардың жаңартылмағанын, жаңаларын сатып алуға қаржылық әлеуеті жоқтығын қоссақ, шикізат жетіспеушілігінің себеп-салдары айқындала түседі.

– Ағашты өңдеу саласы экономикалық тұрғыдан келешегі жоқ, қоршаған ортаға, табиғатқа зияны шаш етектен деген жаңсақ пікірлермен еш келіспеймін. Көптен бері айтылып келе жатқан проблеманың бірі ірі өндіріс орындарының жоқтығы еді. Облыс орталығында фанер кәсіпорны салынса, бірнеше проблема өздігінен шешімін табары сөзсіз, – деді “Ахмуддинов” жеке кәсіпкерлігінің директоры Сермұхамет Оралұлы біздің әр сауалымызға ықыласпен жауап беріп. – Біріншіден, сыртқы шикізатқа деген тәуелділік азаяды. Екіншіден, өнімдердің бағасы қолжетімді болып, тұрақтанады. Үшіншіден, бірыңғай монополистік нарық көзінен арыламыз. Облыстық ағаш өңдеушілер қауымдастығының төрағасы қоғамдық қызметінде жүргенімде жылына 900 мың текше метрге дейін ағаш әзірлеуге рұқсат берілетін. Тапсырманың, әрі кетсе, 50-60 пайызы ғана орындалатын. Жұмыс, техника күші жетіспегендіктен, сұраныс өтеле бермейтін. Қазір жағдай біршама түзелген сыңайлы.

Ынта болса, қолдау бар

Қазіргі таңда ағаш өндірісі елімізде Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында біршама тәуір дамыған. Облыс орталығында ламинатталған фанер өндіретін комбинаттың бой көтеруі ағаш өңдеуші және құрылыс пен жиhаз жасаушы кәсіпорындар өндірісі мен ішкі нарықтың кеңеюіне ерекше серпін беріп, өнімнің өзіндік құнының кемуіне айтарлықтай әсер етері сөзсіз. Өңірде ағаш өндірісін дұрыс жолға қоюдың мүмкіндіктері мол екенін облыс әкімі Құмар Ақсақалов әкімдіктің отырыстарында бірнеше мәрте еске салған болатын. “Құрылыс және жөндеу жұмыстарына 90 пайыз қазақстандық материалдарды қолдану қажет. Әсіресе, басымдықты жергілікті кәсіпорындардың өнімдеріне берген жөн. Көп жайт инвесторлар мен мердігерлерге байланысты. Олардың қызметін бақылау үшін белсенді азаматтардан тұратын мониторингтік топ құрылатын болады. Тапсырма сапасыз атқарылса, екіжақты келісімшарт бұзылады. Өңірде қиыршықтас пен кірпіштің жоқтығы белгілі. Өзге материалдарды неге шығармасқа? Бұл ретте құрылыс материалдары өндірісімен шұғылданатын ұйымдарға үлкен міндеттер жүктеледі. Өнімдердің түрлерін көбейтіп, ішкі-сыртқы сұраныс бірінші кезекте ескерілуі тиіс”, – деген еді алқалы жиындардың бірінде.

Біз жақсы жаңалығымызды үй және кеңсе жиhаздарын саудалаумен айналысатын “Кристалл” сауда желісі өкілдерімен бөліскенімізде, олар кәдімгідей қуанып қалды. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған шетелдік үстел, шкаф, тағы басқа кеңселік жиhаздарға кейбірінің көңілі толмаса да, амалсыздан алуларына тура келеді. Бұл бәсекелестік ортаның жоқтығын көрсетеді. “Сондықтан елімізде ағаш өңдеу және жиhаз өнеркәсібінің өркендеуіне шын тілекшіміз. Сапасы шетелдегіден де жақсырақ болып жатса, сұраныстың арта түсері анық”, – дейді көтеріңкі көңіл күйлерін жасыра алмаған сатушылар.

Қалдықсыз өндіріс

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықовтың айтуынша, Қазақстанда әзірге баламасы жоқ ламинатталған фанер комбинатының алғашқы қазығы былтыр қағылып, биыл жыл аяғына дейін қолданысқа беру белгіленген. Қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтар, заманауи станоктар Түркия мен Қытайдан әкелініп, орнатылыпты. Электр жабдықтары Германиядан алдыртылған. Бірінші кезеңде 150 адам жұмыспен қамтылып, жылына 18 мың текше метр өнім шығарылып, облыс экономикасына 1,8 млрд. теңге кіріс түспек. Толық қуатына көшкен кезде жұмысшылардың саны екі есеге дейін көбейіп, 36 мың текше метр фанер өндіріледі. Аз-мұз мәліметтерге қаныққаннан кейін “Орман” ықшамауданы аумағында орналасқан Солтүстік фанер комбинатына келдік. Бір мың шаршы метр аумақты алып жатқан атшаптырым цех ішінде кездескен адамды тоқтатып, жөн сұрайық десек, мылқау адамша бетімізге бедірейе қарайды. Сөйтсек, Түркиядан келген мамандар болып шықты. Солардың сыртынан көрсетуімен инвестор әрі комбинаттың директоры Огызхан Чиликті кездестіріп, сұхбаттасуға ыңғайлана беріп едік: “Дәл қазір мазаламаңыз, сіңбіруге мұршам жоқ”, – деп қазақ тілінде шорт қайырды. Шамасы, жұмыс қауырт болып жатқанға ұқсайды. Содан фирманың бас энергетигі Жәнібек Болтаев бауырымызбен сұхбаттастық. Түрікше ағып тұр. Ана тіліне де жетік.

– Алты жылдай иесіз тұрған бұрынғы құбыр зауытының зәулім ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, жаңғырту үстіндеміз. Басшымыз – жеке кәсіпкер Огызхан Чилик. Оның таңдауының Қызылжар өңіріне түсуі кездейсоқ емес. Географиялық, экологиялық, көлік-логистикалық, шикізат жағынан болсын қолайлы. Былайша айтқанда, тоғыз жолдың бойында орналасуы барынша ескерілген, – деді ол.

Жәнібектің сөзін бас инженер Айвас Бакир толықтырып, техникалық үрдістерді қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Оның сөзінен ұққанымыз: заманауи технологиялар көмегімен ағаштан алуан түрлі өнім алуға болады. Солардың бірі – фанер. Фанер дегеніміз – екі не одан да көп жұқа ағаш тақтайларды бір-біріне беттестіріп, желімдеу арқылы алынатын ағаш материал. Теріскейде қайың ағаштың жаңқалары пайдаланылады. Фанер тақтайлар стандартты пішінде келеді: қалыңдығы – 4-22 мм., ұзындығы – 244 мм., ені – 122 мм. Құрылыста, автомобиль, вагон, кеме, тікұшақ жасауға, үй, кеңселік жиhаз өндірісінде кеңінен қолданылады. Өндіріс орнының дайын өнімі экспортқа бағдарланып, 30 пайызы ішкі қажеттілікке жұмсалады. Маңдай терін шүмектете төккен жұмысшылардың қай-қайсысымен сөйлессек те, комбинаттың өнімі ішкі нарықта ресейліктермен бәсекелес бола алатынына берік сенімді.

Кәсіпорынның басты шикізаты – жергілікті қайың ағашы. Орман шаруашылықтарынан дайындалып әкелінетін ағаштың қабығы аршылып, тазартылғаннан кейін жұқалап кесіледі, кептіріледі. Суық, ыстық күйінде сығымдалады, сосын ламинатталады. Күніне 70 текше метр фанер осы үрдісте әзірленіп, тұтынушыларға жөнелтіледі. Сапалық қасиетіне келсек, ағаш ұнтағынан жасалатын ДВП, ДСП-ға қарағанда әлдеқайда мықты, суға өте төзімді. Қалдықсыз өңдеу технологиясы негізінде ағаштың жаңқалары мен бұтақтары да кәдеге жаратылады. Мамандар бізге бөренені бойлап аралайтын станокты іске қосып, жұмыс істеу процесін көрсетті. Қаңқаны кесіп алатын өңдеу үрдісінің өте жоғары сапада атқарылатынына көз жеткіздік. Ағаш кескіш білдектің құрылымдық ерекшелігі тәнті етті. Мұнда шикізатты арнаулы өңдеуден өткізіп, дайын өнім күйіне жеткізудің барлық жолдары ұтымды түрде қарастырылған. Бұл тәсілдер Қазақстан үшін жаңалық болғанымен, экономикасы мықты дамыған елдер үшін кәдуілгі іс саналады. Ағаш бұйымдары мен құрылыс жұмыстарын жасауға арналған жабдықтар біртұтас тізбектер жүйесін құрап, бөренелерді тез-ақ сұрыптап, әртүрлі механикалық кесіп өңдеу, сонымен бірге ыстық күйде сығымдау операцияларын атқару кешенді түрде қамтамасыз етілген.

Өңірімізге танымал “Левин” жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Елена Левинамен тілдескенімізде, ол өңірде ағаш өңдеу ісінің келешегі зор екенін айта келіп, оның бір мысалына фанер комбинатын келтірді.

– Мұндай ірі өндіріс ошағының ішкі-сыртқы нарықта алатын орны өте зор. Елімізде экспортқа жыл сайын 50 млн. АҚШ доллары мөлшерінде ламинатталған фанер шығарылады екен. Бұл көздеген межеден көп төмен. Осы олқылықтың бір бөлігін биыл бой көтеретін кәсіпорын толтырады деген сенімдеміз. Біздің қызметіміздің негізгі түрлері ұқсас: өзіміздің жерде өсетін қайың ағашынан экологиялық таза өнімдер дайындаймыз. Үлкен сұранысқа ие жиhаз өндірісіне бес сатылы технология енгізілген. Өндірістің конвейерлік әдісі өз жемісін берді. Алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейту мақсатымен ынтымақтастық байланыс жасауға әзірміз. Бір-бірімізден үйренудің, тәжірибе алмасудың еш артықтығы жоқ,– деген Елена Владимировнаның сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Осы жолы ламинатталған фанер өндіретін комбинаттың басшысы Огызхан Чиликпен тілдесе алмай кеттік. Обалы не керек, ол да жұмысбастылығы үшін кешірім өтініп, келесі кездесуде кәсіпорын туралы, оның өнімі жайлы кеңінен әңгімелеп беруге уағдаласты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика