Диқандар межеге таяу

Өңірімізде орақ науқаны қарқын алып келеді. Ауа райының әр ашық күнін тиімді пайдалана білген солтүстікқазақстандық диқандар 2,5 млн. гектардың бидайын орып үлгерді. Бұл барлық егіс алқабының 86,3 пайызын құрайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, орақ науқаны қыркүйек айының аяғына дейін толық аяқталуға тиіс.

– Күзгі орақ науқанына сегіз мыңнан астам комбайн қатысуда. Оның үш мыңы – жоғары өнімді заманауи кешендер. Үкімет күзгі дала жұмыстарын уақтылы аяқтау үшін қажетті арзандатылған жанар-жағармай бөлді. Бұл мәселе толықтай шешілген. Астық қабылдайтын элеваторлар мен қоймаларда да кідіріс жоқ. Жауапты науқанды 25 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Қуандық Нұрғазыұлы.

Биыл өңірде 4,2 млн. гектарға дақыл егілді. Оның 2,8 млн. гектары – дәнді, ал 932 мың гектары – майлы дақылдар. Қамбаға 3,7 млн. тоннадан астам астық құйылды. Әр гектардан орташа 14,5 центнерден өнім алынуда.

Бүгінге дейін майлы дақылдардың 583,7 мың гектары орылды. Бұл жалпы аумақтың 63,3 пайызын құрайды. Майлы дақылдардың түсімі былтырғы көрсеткіштен кем емес. Гектарынан 8,2 центнерден айналуда. Дәнді және майлы дақылдардың шығымдылығы бойынша Қызылжар, Мамлют және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар алда келеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика