ОТАНДЫҚ НОУТБУК — ОҚУШЫЛАР ИГІЛІГІНЕ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ында болып, компьютер құрастыру цехының жұмысымен танысты.

Бұған дейін қауіпсіздік жүйелерін, цифрлық телевидение қондырғы­ларын, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдарын шығарып келген зауыт былтыр ноутбук құрастыратын желіні іске қосқан болатын. Сөйтіп, қазақстандық брендпен компьютерлік техника өндірісін игеру қолға алынды. Өңір экономикасы үшін маңызды бұл бастаманы сәтті жүзеге асыруға кәсіпорындағы көпқабатты баспа платалары және интегралды шағын сызбалар өндірісі серпін бермек.

Кәсіпорынның бас директоры Амангелді Арғымбаевтың айтуынша, былтырғы жылдың қараша айында ашылған цехта жаңа оқу жылының басына дейін “ЗИК” маркалы 5 мың компьютер құрастырылатын болады.

– Компьютер өндірісі Қазақстан үшін тың сала болып табылады. Себебі, өзге компаниялар мен кәсіпкерлер тек алып-сатумен ғана айналысып келген. Сондықтан жаңа бағытты игеру мақсатында нарықты зерттеуімізге тура келді. Нәтижесінде Азия елдерінде ноутбук және компьютер шығару бойынша көш бастап тұрған қытайлық “Сhina greatwall technology group co., Ltd” компаниясымен әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Екіжақты меморандумға сәйкес біз жыл соңына дейін тағы 50 мың компьютер мен 50 мың ноутбукты құрастырып, саудаға шығаруымыз керек, – дейді Амангелді Советбекұлы.

Зауыттың Қызылжар өңірінде компьютерлік техниканы құрастыру бойынша жобасы қытайлық компания басшылығы тарапынан қолдауға ие болған. Дегенмен, білікті бағдарламашысыз және мықты техникалық негізсіз бұл бастаманы жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан кәсіпорынның бір топ инженері былтыр аспан асты еліне барып, ноутбук құрастырудың қыр-сырын меңгерген болатын. Сондай-ақ, бұған дейін “Отау-ТВ” сандық теледидарына арналған “STB” құрылғысын шығарып келген цехтардың бірі қайта жасақталып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылды.

Нәтижесінде “China greatwall technology group co., Ltd” компаниясы мамандарының көмегімен былтыр алғашқы 50 ультрабук құрастырылды.

– Бүгінгі таңда зауытта компьютерлерді құрастыру жұмысы дұрыс жолға қойылған. Кәсіпорын басшылығы әлемге әйгілі “Microsoft” корпорациясымен де келісімшартқа отырғанын атап өткен жөн. Зауытты жаңғыртудың арқасында платалар жасайтын кондырғылар сатып алынды. Алдағы уақытта кәсіпорынның мамандарын Қытайға оқуға жіберіп, тәжірибе жинақтауларына жағдай жасаймыз.

Қазіргі уақытта отандық нарықта компьютерлерге деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл өнімге көрші облыстар да қызығушылық танытуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс мектептері зауытта құрастырылған компьютерлермен және ноутбуктармен қамтылатын болады, – деген Құмар Ақсақалов цехтың жұмысына оң бағасын берді.

Алдағы оқу жылында қашықтан оқу үрдісін тиімді ұйымдастыру үшін мұғалімдер мен оқушыларға мүмкіндік жасау мақсатында табысы төмен отбасынан шыққан, жетім және ерекше қажеттіліктері бар балаларға 12 мың компьютер беріледі деп күтілуде. Сол ноутбуктардың екі мың данасы жергілікті зауытта құрастырылатын болады. Сондай-ақ, заманауи құрылғыларға “Microsoft” корпорациясының операциялық жүйесі мен бағдарламалар жиынтығы орнатылады. Екіжақты меморандумға сәйкес шетелдік компания 100 АҚШ доллары тұратын бағдарламалардың бағасын 7 долларға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауда.

Цех мамандарының айтуынша, ноутбуктарды жинау жобасы үш кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта бірінші кезең жүзеге асырылуда. Яғни, мамандар құрылғыларды шетелден жеткізілген дайын бөлшектерден құрастырумен ғана шектелуде. Екінші кезеңде қосалқы бөлшектер жергілікті зауыттың цехтарында шығарылатын болады. Ал 2022 жылы жүзеге асырылатын үшінші кезеңде негізгі платалар мен процессорлар жергілікті зауыттың цехтарында жасалмақшы. Сөйтіп, алдағы екі жылдың ішінде ноутбуктар мен компьютерлер толықтай жергілікті кәсіпорында шығарылатын болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика