Электр желілері жөнделуде
- Жаңартылды 20 Тамыз 2020
- Қаралды: 60
“Солтүстік Қазақстан электр желілік тарату компаниясы” АҚ алдағы қысқа дайындық аясында тозығы жеткен электр желілеріне жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда акционерлік қоғамның балансында 13221 шақырым электр желісі және әртүрлі 2392 қосалқы станция бар. Олардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Кәсіпорынның бас директоры Анатолий Казановскийдің айтуынша, жыл сайын жүргізілетін жөндеу жұмыстары тозығы жеткен желілерді техникалық қалыпты жағдайда ұстауға ғана мүмкіндік беруде. Ал жалпы электр желілерін толық қалпына келтіру үшін көп уақыт керек.
Акционерлік қоғам Петропавл қаласы мен 8 ауданда энергетика инфрақұрылымын дамыту мен жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жыл соңына дейін 1 мың шақырым электрмен жабдықтау желісі қалпына келтіріліп, 31 шақырым жаңа желі тарту жоспарланған. Нәтижесінде электр желілердің сапасы жақсарып, тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жөндеудің арқасында тұтынушылар сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, барлық аудандарда жаз бойы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Жауапты іске 32 бригада мен 37 арнайы техника жұмылдыруда. Көктемде басталған жөндеу жұмыстары бүгіндері 27 пайызға орындалған. Сондай-ақ, жоспарлы жұмыс барысында 1156 шақырым электр желісі, 2,5 мың шақырым кабель, 14 қосалқы және 89 трансформаторлық станция жөнделмек. Инвестициялық бағдарлама аясында акционерлік қоғам Петропавл қаласы Жұмысшы кентіндегі электр сымдарын қалпына келтіріп, Қызылжар ауданындағы Новомихайловка мен Литейная ауылдарының аралығына жаңа электр желісін тартпақ. Бұдан бөлек, пайдаланылған электр энергиясын есептейтін автоматтандырылған жүйені енгізу жұмыстары жалғастырылып, қажетті құрал-жабдықтар мен көліктер сатып алынатын болады.
– Коронавирус індетіне байланысты елімізде енгізілген карантин жұмысымызға біраз кедергі келтіргені сөзсіз. Дегенмен, бар жұмысты жыл соңына дейін толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгіндері компанияның қарамағындағы электр желілерінің 80 пайызы тозған. Яғни, олардың жағдайы техникалық талаптарға жауап бермейді. Тек кешенді жаңғырту жұмыстары ғана жағдайды түзеуі мүмкін. Ол үшін қаржыландыруды кем дегенде үш есе арттыру керек. Сонда желілердің жыл сайынғы тозуы 10-20 пайызды құрайтын болады. Бұл жұмыстарды атқару үшін 5 жыл қажет, – дейді Анатолий Казановский.
Андрей АГЕЕВ,
“СевКазЭнерго” АҚ-ның қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы.