АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУГЕ АГРОФИРМАЛАР АТСАЛЫСУЫ ТИІС

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болып, алдымен “Новомихайловское – 2003” ЖШС-іне аялдады. Серіктестік егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Бұл ауылда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Иесіз қалған ғимараттар қалпына келтіріліпті, бүгінде балабақша, дәріхана, бірнеше дүкен, тағы басқа нысандар жұмыс істейді. Наубайханада жиырмадан астам өнім түрі пісіріледі. Әсіресе, нан-тоқашқа сұраныс жоғары, бағасы қолжетімді. Көрші елді мекендерден де сатып алады екен. Асылтұқымды шаруашылық мәртебесіне ие агроқұрылымда қазақтың ақбас сиырлары, жылқы, қой өсіріледі. 150-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 134 мың теңгеден айналады. Агроқұрылымның бас директоры Геннадий Щеголев соңғы бес жылда жеті баспана тұрғызылғанын, биыл “Еңбек” бағдарламасы бойынша бес үй салынып, оңтүстіктен алғашқы қоныстанушылар келіп жеткенін айтты.

Күзгі орақтың нағыз қызған шағында барлық күш-жігер, ұйымдастырушылық қарым-қабілет 9077 гектар алқапта жайқала өскен дәнді және майлы дақылдарды шашаусыз жинап алуға жұмылдырылған. Соңғы екі жыл бойы күздік бидайдың “Скипетр” деп аталатын жұмсақ сұрыбы егіліп, негізінен ішкі мұқтаждықты өтеуге жұмсалуда. Биыл оның гектар берекелігі 19 центнерден айналыпты.

Құмар Ақсақалов жұмыс күші көп аймақтардан көшіп келетін отбасылар үшін бой көтерген баспаналарды аралап көрді. Үйлер жылы, жайлы, бөлмелер кең, ауызсу тартылған. Әр үйдің аумағы – 88 шаршы метр. Бір сөзбен айтқанда, қаладағыдан кем емес деп айтуға толық негіз бар. Бес баспананың құрылысына 35 млн. теңге жұмсалған. “Қанатқақты жоба әзірге біздің облыста ғана жүзеге асырылуда. Жыл аяғына дейін өңірде 688 баспана тұрғызылады. Бүгінге дейін күнгей жақтан 1200-ден аса адам қоныстанды”, – деген әкім үй маңы мен аулаларды талапқа сай абаттандыру, қора-қопсы салу қажеттігін ескертті.

Бұдан кейін өңір басшысы минералдық тыңайтқыш шығаратын зауыттың және “Vesta-40” астық кептіргіштің жұмысымен танысты. Бұған дейін бидай сақтайтын және сағатына 20 тонна өнім шығаратын қондырғы іске қосылыпты. Оған дизель отыны пайдаланылып келсе, жуырда сұйытылған газға көшірілген. “ҚазАгроҚаржы” корпорациясы арқылы алынған несиеге машина-трактор паркі жаңартылған. Сағаттық қуаттылығы 40 тоннаға тең астық кептіргіш күзде пайдалануға берілмек. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында тұрғызылып жатқан бұл кешеннің жалпы құны – 63 млн. теңге.

Елді мекеннің Мәдениет үйінде өткен семинар-кеңеске аудан әкімдері, диқандар қатысып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешудің жолдарын жан-жақты талқылады. Құмар Іргебайұлы бірқатар міндеттер қойды. Бұл істе Геннадий Щеголев жетекшілік ететін ұжым өзгелерге үлгі етілді. “Бүгін көргендеріңіздей, Новомихайловка ауылында инфрақұрылымның барлық саласы қарқынды дамып келеді. Таспадай жолдар тартылған, көшелер түгел жарықтандырылған. Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, кірсе шыққысыз еткен. Әр үйге таза ауызсу тарту жопарланған. Серіктестік басшысы Геннадий Григорьевич – өңірдің гүлденуіне зор үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. Жұмысшылар үшін жылда үйлер салынады, әлеуметтік нысандар іске қосылады. Озық технологиялар кеңінен қолданылады”, – деген әкім кез келген кәсіпкер өз қарамағындағы ауылды абаттандырып, экономикалық жағынан дамытуға мүдделі болу қажеттігін атап көрсетті.

Шағын және орта бизнес өкілдері мен жергілікті билік бірлессе, алынбайтын асу болмайды. Бүгінде өңірде 280 елді мекеннің жолдарын, мектептер мен мәдениет нысандарын жөндеуге, жылу, су тартуға қомақты қаражат қарастырылып отыр. Бұл бағыттарға бөлінген ақша – 108 млрд. теңге. 76 ауылда су өткізу желілері қалпына келтіріледі. “Еңбек” бағдарламасын жүзеге асыру бағытында да жүйелі шаралар атқарылуда. Оның бір мысалы – Новомихайловка ауылдық округі. “Мұндағы ауылдар жыл өткен сайын жақсарып, тұрғындардың өмір сапасы айтарлықтай көтерілгені байқалады. Халық бақуатты тұрса, жоғары жалақы алса, шаруа қожалықтары да өздерін жақсы, еркін сезінеді. Қызметкерлердің еңбекақысын кем дегенде 20 пайызға ұлғайту талабын қоямын”, – деді Құмар Іргебайұлы сөз соңында.

Әкім жұмыс сапары барысында Меңгесер ауылында салынған сүт фермасын аралап көрді. Сондай-ақ, суы мен балшығы дертке дауа, ерекше емдік қасиетке ие тұзды көлдің жайымен де танысып, тиісті орындарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бердімұрат БАЙМҰҚАН,

журналист.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика