ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

Халқымыз үшін ауыл руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.

Ауыл идеологиясы – ұлт пен мемлекеттің идеологиясының мәйегі, күретамыры және өркендеу түбірі. Осыған дейін елімізде “Ауыл жылы” жарияланса, соңғы жылдары “100 мектеп, 100 аурухана”, “Ауыл – ел бесігі”, “Қолжетімді баспана”, “Серпін”, “Дипломмен – ауылға!” және тағы да басқа бағдарламалар жүзеге асырылып, елді мекендерді дамыту басым бағытқа айналды. Себебі, ауыл халқы елiмiздiң қоғамдық-саяси тұрақтылығының да шешушi факторы болып есептеледi. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауылды көркейту бір ғана ынтамен шешілмейді, осы салада жұмыс істейтін әрбір адамнан ғылым жетістіктерін, оны өндірісте пайдалану тәжірибесін игеруді талап етеді. “Білекті – бірді, білімді мыңды жығады” деген халық нақылы қалтқысыз айтылған. Бүгінде Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың жартысына жуығы – жастар. Осы орайда мемлекет беріп отырған оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл жастары заманға сай озық білім алып, жинақтаған мол тәжірибелерін егемен еліміздің іргесін мықтауға, экономикамызға серпін беру ісін жандандыра түсуі қажет. Бүгінгі таңда елімізде болашағы бар ауылдарды дамытуды қолға алып, әлеуметтік саланы көтеруге ден қойылған. Сондықтан елді мекендерде жол жөнделіп, таза ауызсу тартылып, қызмет көрсететін мекемелердің сапасын қалалық деңгейге жеткізу бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған сәтте ауылдағы ағайын “Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, ауылдың дамуына өзіндік үлес қосуы тиіс.

Қазір Жамбыл ауданында елуге жуық елді мекен бар. Тұрғындар көп қоныстанған ірі ауылдардың да, сонымен қатар шағын елді мекендердің де әлеуметтік ахуалы ұдайы назарда. Әр ауылдың іргесі сөгілмеуі үшін жұмыспен қамту саясатын белсенді жүргізе отырып, жұмыссыздық деңгейін төмендету, ауылдың әлеуетін жақсарту бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, шағын ауылдарды сақтауға көп көңіл бөліп отырмыз. Соңғы жылдары қарқын алған жаһандық урбанизация ауылға да жеткені белгілі. Ауылдан қалаға халықтың жаппай көшуі салдарынан буынаралық байланыстар да үзіле бастады. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан ауыл зиялылығын құрған әлеуметтік топ түрлі факторлар себебі нәтижесінде біртіндеп азайды. Дегенмен, заман өзгеріп, ауыл тұрғындарының құрамы сырттан көшіп келген қандастарымыз арқылы қайта түзелуде, қазір халқы тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтың тұрғындарын солтүстікке көшіру арқылы демографиялық ахуалды шешуге талпыныс жасалуда. Ішкі миграция үдерісі арқылы қайта түлей бастаған ауылдың зиялы ортасының қалыптасуы – едәуір уақытты қажет ететін үдеріс.

Ел Үкіметі 2013 жылы қабылдаған “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасында жұмыс күшіне тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру туралы егжей-тегжейлі айтылған. Әр облыс осы бағдарлама негізінде жоспар құрып, өзінше атсалысуда. Соның нәтижесінде оңтүстіктен солтүстікке көш түзегендердің саны артып келеді. Жамбыл ауданына биыл Маңғыстау, Түркістан, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласынан 25 отбасы, 79 адам көшіп келді. Олар Благовещенка, Пресновка, Жамбыл, Архангелка, Баян, Орталық, Қайранкөл, Железное ауылдарына қоныстанды. Оңтүстіктен көшіп келгендердің арасында біздің ауданға аса қажет мұғалім, мейіргер, аспаз, биоорганикалық заттардың химиялық технологиясы, құқықтану, автомеханик, тракторшы, бухгалтер мамандықтарын игергендер келді. Оларға жаңа салынған үйлердің кілттері табысталды. Алдағы уақытта тағы 30 отбасы, 104 адам көшіп келеді. Олардың да уақтылы жұмысқа орналасып, баспаналы болуы үшін барлық жағдай жасалады.

Үстіміздегі жылы ауылдарда 9 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Тоғыз әлеуметтік-мәдени нысанға қайта қалпына келтіру, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Қайранкөл ауылындағы бұрынғы балабақша ғимаратын мәдени-демалыс орталығы ретінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 123 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жауапты мердігер – “ТОИР” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шатырын жаңартуға қажетті материалдарды әкеліп, терезелерін ауыстыруда. Ауқымды құрылысқа 23 адам тартылса, оның он үші жұмыспен қамту орталығы арқылы екі қолға бір күрек тапты.

“Еңбек” бағдарламасы аясында Благовещенка ауылындағы Мәдениет үйінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс уақытында аяқталды. Шатырының бұзылған жерлері ауыстырылып, қабырғалары тегістелді, есік алдына өрнектастар төселді. Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде де осындай жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ауылдардағы мәдени нысандарды жаңарту және аталған салаға жастардың бет бұруына барынша жағдай жасау дәстүрге айналып келеді. Көбіне ауылдағы таптырмайтын талант иелерінің тасада қалатынын ескерсек, бұл осы мәселені шешуде маңызды рөл атқарады. Өнерлі өрендердің талабын шыңдауда Мәдениет үйлерінің тындырымды істері мол.

Жаздың басында Баян, Благовещенка, Қайранкөл, Жаңажол, Сәбит ауылдарындағы мектептерді жөндеу басталған болатын. Қазір олардың денінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Елді мекендердің темірқазығына айналған білім ошақтарын жөндеу ауыл тұрғындарының болашаққа деген сенімін арттыратындығы белгілі. Себебі, бүгінгі заман сұранысы сапалы білім болғандықтан, тұрғындардың басты талабы да, қажеттілігі де осы.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарын жөндеу, елді мекендерді абаттандыру бойынша жұмыстар да қолға алынды. Аталған инфрақұрылымдық жобаларда жұмыспен қамту орталығы жіберген 151 адам еңбек етуде.

Елімізде ауылды көтеруге қомақты қаражат бөлінуде. Демек, ауылдың шын мәнінде ел бесігіне айналып, ірі мегаполистерді отандық ауыл шаруашылығы өнімімен қамтамасыз ете алатын деңгейге көтеріле алатынына да сеніммен қарауымыз керек. “Сенiң жырың жырлайтыным өмiрде, сенiң мұңың мұңдайтыным өмiрде” деп Бейімбет Майлин айтқандай, ауыл тақырыбы мәңгiлік болғандықтан, ол жерде өмір сүру, қызмет iстеу тұрғындарға жайлы болуы тиіс. Ауыл қазақ руханиятының, мәдениетiнiң, дәстүрлi шаруашылықтың қайнар көзi, қазақтың жаны мен жүрегi десек, онда оны түлету, өркендету халқымыздың тұрмысын түзеу, елімізді көркейту деген сөз.

Нұрлан СҰЛТАНҒАЗИН,

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика