БЮДЖЕТ КІРІСІ АРТҚАНЫМЕН, ИГЕРІЛУІ БӘСЕҢ

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттің шығыс-кіріс бөлігінің орындалу барысы талқыланды.

Алдымен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Серікбай Қасмақасов өңірдегі эпидемиологиялық жағдай жайында есеп берді. Оның айтуынша, солтүстікқазақстандықтардың 14 пайызы коронавирусқа тест тапсырған. Наурыз айынан бері облыстағы 635 елді мекеннің 256-сында індет жұқтырған азаматтар тіркелді.

Баяндамашының айтуынша, Қызылжар өңірінде жедел респираторлық вирустық аурулар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық маусым биыл қазан айында басталып, мамырға дейін созылмақ. Осыған орай қыркүйек айында облысқа тұмауға қарсы 60 мың вакцина жеткізіледі.

Былтырғы жылдың қазан-сәуір айларында 33,6 мың солтүстікқазақстандық тұмаумен ауырған болатын. Олардың 69 пайызын 14 жастағы жасөспірімдер құрады.

Ауруға қарсы вакциналар жылдағыдай жиі ауырып қалатын балаларға, созылмалы дертке шалдыққан тұрғындарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардағы балаларға және медициналық қызметкерлерге тегін егіледі. Басқарма басшысына былтырғы жағдайдың қайталанбауы үшін алдын алу жұмыстарын ширақ жүргізуді тапсырған облыс әкімі вакциналарды сатып алуға бөлінетін қаражат 2-2,5 есе арттырылатынын хабарлады.

Бұдан кейін сөз алған облыстық экономика басқармасының басшысы Әрсен Қазбеков өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жетістіктер мен кемшіліктерді атап көрсетті. Есептік кезеңде облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 108,1 пайызды құрады. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі – 16,2, салынған инвестиция – 18,8, құрылыс – 14,5, өнеркәсіп 8,1 пайызға ұлғайған. Осы мерзім ішінде ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері 2,8 пайызға артты. Ал бөлшек сауда 4,8 пайызға төмендеген. Агроөнеркәсіп саласы 103,9 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10 млрд. теңгеге артық. Мал шаруашылығына көз жүгіртсек, ет өндіру – 6,7, сүт 5,4 пайызға көп. Жалпы, 12 ауданда көрсеткіш жақсы. Дегенмен, Есіл ауданында қара мал етінің, Қызылжар мен Аққайың аудандарында құстың, Шал ақын ауданында жылқының, Мамлют ауданында шошқаның өсімі төмендеген.

Мәселен, өсім өнеркәсіп, өңдеу, құрылыс саласында да байқалды. Аталмыш кезеңде 158,2 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Биылғы жартыжылдықта өңір экономикасына 108,4 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Оның 63 пайызы – жеке кәсіпкерлердің қаржысы. Инвестицияның 51 пайызы – ауыл шаруашылығына, 18 пайызы – жылжымайтын мүлікке, 13 пайызы өндіріске тиесілі. Жеке инвестиция тарту бойынша Тайынша мен Есіл аудандары алда. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда Ақжар, Айыртау және Шал ақын аудандарында көрсеткіштер төмендеген.

Бұдан кейін облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант жергілікті бюджеттің орындалуы туралы есеп берді. Баяндамашының айтуынша, жергілікті бюджеттің кіріс жоспары артығымен орындалып, шығыс бөлігі 99,5 пайызға игерілген. Бюджетке жоспарлы 22702 млн. теңгенің орнына 32731 млн. теңге түсті. Яғни, жоспар 144 пайызға артығымен орындалған. Бюджеттің шығыс бөлігі 98,5 пайызға орындалған. Белгілі болғандай, облыс бюджетінен бөлінген 2,434 млн. теңге мақсатты жұмсалынбаған. Ал республикадан бөлінген мақсатты трансфертті игеруде де кемшіліктер бар. Аталмыш кезеңде жалпы 1,422 млн. теңге игерілмеген. Атап айтқанда, Петропавл қаласы, Ақжар және Айыртау аудандары республикалық трансфертті толық жұмсай алмаған. Аудандардың арасында тек Қызылжар ауданының есебі түгел. Сондай-ақ, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім, денсаулық сақтау басқармалары ел бюджетінен бөлінген қаражаттың 800 млн. теңгесін игеруде сылбырлық танытқан.

Құмар Ақсақалов бірқатар маңызды мәселелер мен алда тұрған басым міндеттерге тоқталып өтті.

– Бүгін 7 айдың қорытындысын шығарамыз. Қиындықтарға қарамастан, көп жұмыстар атқарылды, алдағы бағытымыз айқын. Міне, үш ай қатарынан облыс экономикасы қарқындап дамып жатқан өңірлер тобында. Барлық басты салалар бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіптің дамуы бойынша біздің облыс өңірлер арасында көш басына шықты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту және құрылыста жоғары даму қарқынын қамтамасыз еттік. Оң көрсеткіштер жыл соңына дейін сақталуы керек. Оған мүмкіндік бар. Ең алдымен, оған рекордтық бюджет негіз болады. Соңғы айда біз шығындарды 2 млрд. теңгеге өсірдік. Бүгін облыс бюджеті 324 млрд. теңгені құрайды. Соңғы 7 айдың ішінде бюджет 25 пайызға өсті, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір жетекшісі алдағы оқу жылына дайындық жайына да тоқталып өтті. Биыл карантин кезінде үнемделген қаржы есебінен 580 компьютер сатып алынып, оқушыларға таратылған болатын. Қашықтан оқу үрдісін тиімді ұйымдастыру үшін мұғалімдер мен оқушыларға мүмкіндік жасау мақсатында тағы 12 мың ноутбук, компьютер және планшет таратылады. Олар, негізінен, табысы төмен отбасынан шыққан, жетім және ерекше қажеттіліктері бар балаларға беріледі. Сондай-ақ, 373 мұғалімге компьютерлер уақытша пайдалануға беріледі. Ноутбуктардың 2 мың данасы Петропавлдағы “А.С.Киров атындағы зауыт” АҚ-ында құрастырылатын болады.

Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталып өткен Құмар Ақсақалов кейбір аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, қатысушыларға кемшін тұстары бар салалардың көрсеткіштерін жетілдіру қажеттігін ескертті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика