МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛМЕК

Биыл Қызылжар өңірінде 1 мың шақырым жол жөнделмек. Осы мақсатқа қазынадан 39,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл жайлы “Qyzyljar” телеарнасында тікелей эфирде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Баяхмет мәлімдеді.

Облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 9 мың шақырымды құрайды, оның 1970 шақырымы – республикалық, 1983-і – облыстық, 5043-і – аудандық маңызы бар жолдар. Өңіріміз автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша республикада Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін үшінші орында. Өткен жылдың күзіндегі тексеріс қорытындысы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 58 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екенін көрсетті.

– Біздің өңірімізде көлік инфрақұрылымының дамуына қажетті барлық алғышарттар бар. Облысымыз тоғыз жолдың торабында орналасқан. Соған орай транзиттік әлеуетті дамыту мақсатында республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі жыл санап артып келеді. Былтыр бұл жұмыстарға 30 млрд. теңге бағытталған болатын. Нәтижесінде өңірде 676 шақырым жол дұрысталып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдары 65 пайызға жетті, – деді Мақсат Қуанышпайұлы.

Атап айтқанда, бөлінген қаржының 1,09 млрд. теңгесі “Краснокиевка – Новоберезовка” автожолының 8 шақырымын жаңғыртуға жұмсалған. Сондай-ақ, Қызылжар, Мамлют, Тимирязев және Аққайың аудандарының “Новоникольское – Андреевка”, “Становое – Новомихайловка”, “Сергеевка – Тимирязево”, “Ақсай – Восход”, “Смирново – Полтавка” және “Ялты – Шөптікөл” автожолдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, су өткізетін 4 құбыр орнатылды. Бұл мақсатқа 15,7 млрд. теңге бағытталды.

Баяндамашының айтуынша, үстіміздегі жылы да атқарылатын жұмыс ауқымды. Бұл жолы облыс аумағындағы тас жолдарды жөндеуге ел бюджетінен 39,1 млрд. теңге бөлінген. Оның 12,2 млрд. теңгесі республикалық маңызы бар жолдарға, қалған қаржы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге бағытталмақ. Сөйтіп, жыл соңына дейін жалпы 1 мың шақырым жол қалпына келтірілмек.

“ҚазАвтоЖол” акционерлік қоғамы облыстық филиалы бюджет қаражаты есебінен “Челябі – Новосібір” тас жолының 29 шақырымдық учаскесін жаңғыртуды жоспарлауда. Бұл жұмыстар 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Тас жолдың 82-ші шақырымындағы 532,4 мың шаршы метр аумақта күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. “Ауыл – ел бесігі” және “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламалары аясында 355 ауылішілік жол жөнделетін болады. Бұл жұмыстар негізінен Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда атқарылмақ.

– Жыл басынан бері бөлінген қаржының 14,4 млрд. теңгесі немесе 53 пайызы игерілді. Басқарма мамандары “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының мониторингтік тобымен бірлесіп, жұмыстардың сапалы әрі уақытында жүргізілуін қадағалауда. Сондай-ақ, біздің басқарма “Ұлттық сапа орталығының” жергілікті филиалымен келісімшартқа отырған болатын. Орталықтағы жылжымалы зертхана пайдалануға берілген жолдардың сапасын тексеру бойынша зерттеу шараларын жүргізеді, – деді брифингті қорытындылаған Мақсат Баяхмет.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика