ДЕРТКЕ ДАУА — БАЛ ҚЫМЫЗ

Саумал – сан түрлі сырқатқа ем. Қазақстан дәрігерлері коронавирусқа шалдыққандарға қымыз ішуге кеңес беруде. Бүгінде ұлттық сусынға деген сұраныс деңгейі рекордтық көрсеткішке жеткен. Базарда бағасы да шарықтап тұр. Солтүстік Қазақстан облысында қымыз өндірісімен айналысатын “Арқалық” шаруа қожалығы ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін Ресейге экспортты тоқтатуға мәжбүр.

Нағашыбай Барлыбаев басшылық ететін “Арқалық” шаруа қожалығының табынында 550-ден астам жылқы бар. Қазір серіктестік тоқсан шақты бие байлап отыр. Тәулігіне 600 литр қымыз өндіреді. Коронавирус пандемиясына дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болған. Соның өзінде ұлттық сусын Қазақстанның өзге облыстары мен Ресей Федерациясының бірқатар қалаларына жөнелтілетін. Қазір қожалық облыс көлемі мен көршілес Көкшетау қаласынан түсетін сұраныстың өзін толық қанағаттандыра алмай отыр. Себебі, қымызға деген сұраныс күрт артып, бұған дейін ешқашан болмаған рекордтық деңгейге жеткен.

– Сауын биелердің санын 88-ге жеткіздік. 120 бие байлау үшін әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның өзінде сұранысты толық өтей алмаймыз. Өйткені, қымыз сұрап хабарласатындар көп. Барлығына көмектескіміз келеді. Бірақ Петропавл қаласындағы супермаркеттердің өзіндегі қымыз сөрелерден лезде жоқ болады. Өйткені, көпшілік өнімді емдік, профилактикалық мақсатқа пайдалана бастады, – дейді Нағашыбай Сабырұлы.

Бұған дейін күніне 5-6 рет сауылатын биелер қазір жеті рет сауылады. Сәйкесінше, құлындардың қорегі азайған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шаруашылық жылқы төліне дәрумендер мен сиыр сүтін бере бастаған.

– Жылқылар, негізінен, тебінде жүреді. Қыста қатты суық болған кезде қосымша азықтандырамыз. Ал сауылатын биелердің рационы мүлде басқа. Қазір құлындардың да күтіміне біршама өзгерістер енгізіліп жатыр. Таңғы 6-да енелерінен бөліп аламыз. Жемшөп, дәрумендер береміз. Анасынан ала алмаған қоректің орнын толтыру керек қой. Әйтпесе, өспей қалады. Жылқы таза мал болғандықтан, көп сырқаттана бермейді. Дегенмен, инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы вакцина қойылады, – дейді мал дәрігері Ғабиден Башпаев.

Қымыз – талай дертке шипа. Дәруменге бай саумал құрамы жағынан ана сүтіне ең жақыны екен. Оны медицина ғылымдары да әлдеқашан дәлелдеген. Тек коронавирус індеті соны тағы да бір еске салғандай.

– Осының барлығын ешқандай ғылыми зерттеусіз ертеден білген ата-бабаларымызға қайран қаламын. Тіпті, қор дайындау әдісінің өзі қызық. Оның бактериялары жаңа туған, енесінің уызын ембеген қой мен ешкінің төлінен алынады. Бие құлындар шақ таяғанда егіз туған қойдың бір қошақанын сойып жіберіп, асқазанындағы сөлді қырып алып, жылқы сүтімен араластырып тиісті температурада қор ашытады. Оны жасау асқан шеберлердің ғана қолынан келеді. Бөгде адам бұл үрдісті аңдып, әдісін көріп қалса, ауыр жазаға кесіледі екен. Ел арасында, тіпті, көзін шұқып немесе өлтіріп тастайтын жағдайлар болғандығы жөнінде де әңгімелер бар, – дейді Нағашыбай Сабырұлы.

Нағашыбай Барлыбаев жылқы шаруашылығы мемлекет қолдауына зәру екендігін айтады. Кәсіпкер елімізде Қамбар ата төлін өсіру және қымыз өндірісі кенжелеп қалуының басты себебін үкімет тарапынан тиісті көмектің болмауымен байланыстырады.

– Мемлекет тарапынан шаруашылықтарға дотация беріледі. Мәселен, өндірілген сиыр сүтінің әр литріне – 37 теңге. Ал бие сүтіне – 60, түйеге – 55 теңге. Қара мал күніне 40 литр сүт береді. Жылқы мен түйеден әрі кетсе 5 литр өнім алынады. Елімізде жылқы шаруашылығын тиісті деңгейде дамыту үшін дотация көлемі кемінде 200 теңге болуы керек. Бұл оңай кәсіп емес. Малға шөбі шүйгін жер, құнарлы тамақ керек, – дейді кәсіпкер.

“Арқалық” шаруа қожалығында бие сауу үрдісі автоматтандырылған. Адам қолына үйренген жылқылар сауынға келгенде қаз-қатар тізіліп тұра қалады.

– Жылқылар орнына келу үшін жем салып қоямыз, соған үйреніп алған. Бір сауғанда бір бие 800-900 грамм сүт береді. Автомат міндетімізді едәуір жеңілдетеді. Қыста да жұмыс үзілмейді. Ұлттық сусынның өндірісі жыл бойы жалғаса береді, – дейді сауыншы Зәуреш Нұрмұқанова.

Саумал арнайы ыдыстарға құйылып, цехқа жөнелтіледі. Таңертең әкелінген сүт 10-12 сағатта ашып, дәмі тіл үйірер қымызға айналады.

– Күбіні түтінге жарты сағат ыстап аламыз. Одан кейін қорды құйып, сүт қосамыз. Күбілерді пісу керек. Дайын болған қымызды шыны құтыларға құйып, бұрандасын жабамыз. Егер қалыпты температура сақталса, мұндай ыдысқа құйылған өнімнің жарамдылық мерзімі 7-8 күнге жетеді, – дейді қымыз цехының маманы Марал Гафиуллина.

Өнім сапасын технолог маман бақылайды. Назира Нағмет – “Серпін” бағдарламасы бойынша биыл жоғары оқу орнын тамамдапты. Жас маман бірден қымыз цехына жұмысқа қабылданған.

– Сүт күніне 7 рет келеді. Оның барлығын дер кезінде қабылдап, кәдеге жарату керек. Қор сақталатын арнайы қойма бар. Ол орталанған сайын сүт құйып, сапасын қадағалап отырамыз. Университет қабырғасында сүт өңдеу технологиясы, оның ішінде қымыз туралы оқыдық. Өзім де ізденіп, интернеттен түрлі материалдарды оқимын. Әріптестерім де көмектесіп жатыр, – дейді ол.

Атакәсіпті серік еткен Нағашыбай Барлыбаев коронавирус індетіне байланысты елімізде күрделі жағдай қалыптасқанда қарап отыра алмады. Қызылжар орталық мешітінің жанынан құрылған “Зекет” қоғамдық қоры арқылы Петропавл қаласындағы провизорлық стационарларға қымыз жеткізіп беруде.

Эльмира КӘЛЕНОВА.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика