ЫРЫС ДӘНІН ЖИНАУДА

Биыл өңірде егін орағы ерте басталды. Жамбыл мен Мағжан Жұмабаев аудандарында күздік бидайға шалғы салынса, айыртаулықтар жаздық бидай мен арпа оруға кірісіп кеткен болатын. Жауапты науқан Шал ақын ауданында да қарқын алды.

Жергілікті диқандар алдында 184,9 мың гектар алқаптағы дәнді және 47,5 мың гектар майлы дақылды бастырып, 1,3 мың гектар жемазық, 2,1 мың гектар жерден картоп жинау міндеті тұр. Жауапты кезең басталғалы Афанасьев, Аютас, Городецкое, Жаңажол, Приишим және Юбилейный ауылдық округтеріне қарасты агроқұрылымдар 765 гектар бидай мен 390 гектар майлы дақыл алқабын бастырып үлгерді.

Аудан әкімі Рахат Смағұловтың айтуынша, жауапты науқанға 360 комбайн қатысады. Әр техника орташа есеппен 330 гектардың егінін оруы тиіс.

– Биыл ауа райы құбылмалы болғаны белгілі. Шілде айында жаңбыр аз жауды. Соған қарамастан, күзде қамбамыз алтын дәнге толатынына сенімдіміз. Ауылдық округтерді аралап, шаруашылықтардың басшыларымен кездесу кезінде ораққа жұмылдырылатын техникалардың даярлығын тексердім. Әр механизатор қауіпсіздік ережелерімен таныстырылып, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін комбайндар мен жүк көліктерінде дәрі-дәрмек қобдишасы болуы керектігі ескертілді, – деді Рахат Назымбекұлы.

Астықтың шығымдылығы жақсы. Атап айтқанда, бидайдың гектарынан орташа 19 центнер өнім алынса, майлы дақылдардың көрсеткіші 11 центнерден айналуда. Көктемде маңдай терін төгіп егін еккен диқандар ала жаздай түрлі зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу шараларын жүргізген болатын. Аудан шаруалары шөп шабу науқанын да сәтті аяқтады. Барлығы 38,3 мың тонна шөп шабылды. Оның 25,9 мың тоннасы жергілікті 67 агроқұрылымның еншісінде болса, қалғанын тұрғындар дайындады. Ауданда шөптің әр тоннасы 14 мың теңгеден сатылуда.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика