АЙЫРТАУЛЫҚТАР ҚИМЫЛЫ ШИРАҚ

Диқандар үшін жауапты кезең басталды. Айыртау ауданындағы егін алқаптарында орақ науқаны қызу қарқын алды. Жаз бойы техникаларын сайлаған шаруалар астық жинау жұмыстарына бір кісідей жұмылып отыр. Біз бұған “Саумалкөл Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқабында болған кезде көз жеткіздік.

Аталмыш серіктестік көктемде 20 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақыл сіңірген болатын. Ала жаздай топырақтың құрамын минералды тыңайтқыштармен байытып, аурулар мен зиянкестерге, арамшөпке қарсы гербицидтер мен пестицидтер пайдаланған. Ауқымды шаруа нәтижесін берді. Алқап басындағы 6 “John Deer” комбайны 788 гектар арпа мен 60 гектар бидайды бастырып үлгерді. Гектар берекелігі сәйкесінше 22 және 30 центнерден айналуда.

– Біз көктемде 12 мың гектар алқапқа – бидай, 4 мың гектарға арпа еккен болатынбыз. Ал қалған аумақты зығырға арнадық. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, алтын дәннің сапасы жақсы. Жалпы, 200-ге жуық техникамыз жауапты науқанға кірісті. 230 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Өткен жылы жалақыны 1,5 есе көтердік. Еңбеккерлерді жем және шөппен қамтамасыз етеміз. Бұдан бөлек Каменный брод ауылына да барынша қолдау көрсетудеміз, – дейді серіктестік директоры Қайрат Рахымжанов.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серікбай Салғариннің айтуынша, қазіргі уақытта Айыртау ауданында он шақты агроқұрылым орақ науқанын бастап кетіпті. Жалпы, маңызды шаруа 374,3 мың гектар алқапта жүргізілмек.

– Биыл аудан диқандары 269,1 мың гектар алқапқа – дәнді, ал 60 мың гектар жерге майлы дақыл сіңірді. Орылып жатқан астықтың сапасы жақсы. Агроқұрылымдар 10 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіріп, 350 мың гектар танапта химиялық өңдеу шараларын жүргізді. Шаруалар орақ науқанына қажетті жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілді. Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде, – дейді Серікбай Салғарин.

Аудан бойынша орақ науқанына 542 комбайн, 363 жатка, 471 жүк көлігі жұмылдырылмақ. Жаңа астықты қабылдайтын 14 шаруашылықтың қарамағында сыйымдылығы 210,7 мың тоннаны құрайтын 5 элеватор мен 25 астық кептіргіш бар. Бүгінгі таңда “Саумалкөл Агро”, “Баянтай”, “Исағали” және “Златогорка” ЖШС-лері жалпы 1467 гектар арпа, 812 гектар бидай, 243 гектар сұлы, 62 гектар бұрыш орып үлгерді.

Әйгерім ОМАРОВА.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика