Төрт түлік өргізген нәзік жандар

Бүгіндері Қызылжар өңірінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Соңғы жартыжылдықта 300-ге жуық отбасы аталмыш бағдарламаның шарапатын көріп үлгерді.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы басшысының орынбасары Айдар Төлеевтің айтуынша, қор ауылда ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді несиелендіреді.

– Басқа қаржы институттарына қарағанда, қордың несиелерін халықтың ең көп бөлігі тұтынады. Біз тұтынушыларды тарту және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында шалғай елді мекендерге үнемі барып тұрамыз. Биылғы жылы енгізілген өзгерістердің нәтижесінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 4 пайыздық жеңілдетілген несие беруді қолға алдық. Оның үстіне кепілдікке қоятын мүлік жеткіліксіз болған жағдайда, біздің қаржы институтымыздың кепілдендіру тетігі көмекке келеді. Мұндай отбасыларға 95 пайызға дейін кепілдік беріледі. Мәселен, бүгінге дейін облыста осындай 10-нан астам отбасы өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр, – дейді Айдар Маратұлы.

Қордың несиелеу көрсеткіштері соңғы жылдары өсе түскен. “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл өңірдегі филиалға 1 млрд. 800 млн. теңге бөлінген. Жарты жылда 291 жоба сәтті жүзеге асты. Ал оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.

Кәсіп ашып, нәсібін тауып жүрген ауыл азаматтарының бірі – Қызылжар ауданындағы Приишимка ауылының тұрғыны Айнұр Досбаева. Нәзік жан бірнеше жылдан бері мал шаруашылығымен белсенді айналысуда. “Еңбек” бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу үшін ауыл тұрғыны 2015 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Сертификат алған соң жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, бастапқы құжаттар топтамасымен және бизнес-жоспармен қордың филиалына жүгінеді. Сөйтіп, Айнұр Нұрланқызы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 1,2 млн. теңгенің несиесін ресімдеген болатын. Бұл қаражатқа төрт сиыр сатып алады.

– Қазақта “мал баққанға бітеді” деген қағида бар. Мен де бұл нақылдың өміршең екеніне көз жеткізіп отырмын. Жеңілдетілген несиенің арқасында мал шаруашылығына бет бұрдық. Жаңа қора салып, ірі қараға қажетті жағдай жасадық. Атакәсіппен айналысқанымыздан ұтылғанымыз жоқ. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өрісіміз малға толып, жағдайымыз түзелді. Үш жыл бұрын 2 млн. теңгенің несиесіне тағы 8 ірі қара сатып алдық, – дейді Айнұр Нұрланқызы.

Бүгінгі таңда Досбаевтар отбасында 17 бас ірі қара, 3 жылқы, 35 қой бар. Қажетті мал азығын дайындау жұбайы Оралбай Сердалыұлының мойнында. Биылғы қысқа қажетті мал азығын толығымен дайындап үлгеріпті. Бұған ауладағы “МТЗ-82.1” тракторы мен пресс-сұрыптаушының көмегі зор. Аталмыш техникаларды сатып алуға қор арқылы қосымша 5,8 млн. теңге алған болатын. Күн сайын сауылған 100 литр сүтті жергілікті “Байрас” ауыл шаруашылығы кооперативіне өткізеді. Әр литрі 98 теңгеден пайда әкеледі. Ауыл тұрғындары үшін бұл да қолдау.

Ал Тайынша ауданындағы Рощинское ауылындағы “Eradil Group” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тізгінін ұстаған Мақпал Жанғужина “Сыбаға” бағдарламасы аясында қорасын малға толтырып отыр. Кәсіпкерлікке қадам жасау үшін нәзік жан соңғы жылдары мекен еткен Нұр-Сұлтан қаласынан көшуді ұйғарған. Мақпал Сарыбайқызы осылайша туған ауылына оралып, жаңа бағытта бағын сынап көруге бел шеше кірісті.

Төрт түліктің сырын бес саусақтай білген атасының берген тәлімі көп көмек болды. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандарымен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар туралы сұрап біледі. Мемлекет тарапынан екі қолға бір күрек табамын, шаруамды дөңгелетемін деушілерге жасалып отырған оңтайлы жағдайды орынды пайдалануды ойлаған ол 31,8 млн. теңгенің несие қаражатына Герефорд тұқымды 34 ірі қара сатып алады.

Сиырларға арналған қоражай да салынған. Шөп үйетін орын мен мал суаратын құдық та бар. Мал басын көбейту мақсатымен асылтұқымды бұқа алынды және сауын аппаратын да сатып алған. Шаруашылықтағы жұмыстарды жүргізуге әкесі Сарбай Исламұлы көмектесуде.

Өріске төрт түлік өргізген бұл нәзік жандардың талпынысы қуантады. Аянбай төккен тер ғана жемісін беретінін олар жақсы біледі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: жеке кәсіпкер А.Досбаева.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика