Сіз мындасыз: Home BILIM BERU ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ...

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ...

Халқымызда“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тамаша тәмсіл бар. Бір өкініштісі, біз көп жағдайда күйбің тіршіліктің қамымен бір-бірімізге жылы сөздерімізді айтуға уақыт таба алмай жүреміз. Ардақтыларымызды ажал ортамыздан жұлып әкеткенде ғана есеңгіреп, айта алмай ішімізде қалған сөзімізді дұғамен, еске алумен жеткіземіз.

Әріптесіміз Бағдат Ерғалиқызы Төлебаева кеше ғана ортамызда ойнап-күліп жүрген еді. 38 жыл білім саласында тапжылмай еңбек етіп, зейнет жасына жете алмай, бақилыққа кете барды. Биыл көзі тірі болғанда асқаралы  60 жастың биігіне көтеріліп, арқа-жарқа отырушы еді.

1983 жылы Өскемен педагогикалық институтының бастауыш сынып мұғалімі мамандығын тамамдаған Бағдат Ерғалиқызы еңбек жолын Жаңалық сегізжылдық мектебінде бастап, 1984 жылы туған ауылы Ақтасқа келіп, жалғастырады. Содан бері оның алдын көптеген  шәкірт көріп,  үлкен өмір жолына қарай қадам басты. Мектептің табалдырығын алғаш аттаған, әріп танымайтын бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындату, бойларына ненің жақсы, ненің жаман екенін сіңірту бастауыш сынып мұғалімдеріне жүктелген міндет қой. Бағдат Ерғалиқызы осы міндеттердің үдесінен шыға білді. Еліміздің өзге өңірлерінде жүрсе де алғашқы ұстаздарына арнайы сәлем бере келетін жандар аз болмайтын. Бағдат Төлебаева әр оқушыға білім алудың ғана емес, тәрбиелі, өнегелі болудың маңызын ұқтырды.

Ұстаздарының білімге баулу, ізденімпаздыққа тарту, еңбекке жігерлендіру, жауапкершілігін арттыру сияқты талаптарын орындаған  шәкірттерінің көбі өз қатарының алды болды, жетістіктерге жетіп отыр. Мамандықтарын дұрыс таңдап, түрлі қызметтің тізгінін ұстап отырғандары қаншама?

Бағдат Ерғалиқызы кәсіби біліктілігімен, мамандығына адалдығымен ұлағатты ұстаздар қатарына қосылды. Аудандық, облыстық деңгейде алған марапаттары еңбегіне, мұғалімдік білігіне көрсетілген құрмет болатын. Оның ұстаздық қасиетін де, адамгершілік мінез-құлқын да үлгі тұтатындар қатары қалың.

Бағдат Ерғалиқызы салмақты, бірқалыпты жан болатын, артық ауыз сөз айтпайтын. Бір істі атқарар кезде асығыстыққа салынбай, терең ойланатын. Еңбекқорлық қасиетімен де ортамыздың ұйытқысы болды. Мерекелік шаралар, ұжымдық басқосулар кезінде қоңыржай дауысымен ән салып, көпшілікті разы ететін қасиетін  біразға дейін еске алып жүреріміз анық. Бағдат Ерғалиқызының тағылымды өмір жолы әріптестеріне, туыстарына, дос-жарандарына, оқушыларына өмірлік азық болары сөзсіз.

Жұбайы Бақытжанмен бірге  екі  ұл  мен бір қыз  тәрбиелеп өсірді. Бақытжанның мамандығы – құрылысшы. Кезінде құрылыс техникумын бітірген. Біраз жылдар құрылыс саласында табысты еңбек етті. Ұлдарының үлкені Саят Айыртау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде аға офицер. Нұртасы Ақтау қаласында Ұлттық қауіпсіздік  комитетінің Маңғыстау облыстық департаментінде қызмет етуде. Қызы Айдана  Нұрсұлтан  қаласында тұрады, мұғалім. Балаларының бәрі жоғары білімді, әрқайсысының өз отбасылары бар. Бағдат Ерғалиқызы көре алмай кеткен қызықты Бақытжан, балалары мен немерелері көрсе екен дейміз.

 «Ақтас негізгі мектебі» КММ-нің  ұжымы.

  Есіл ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика