Сіз мындасыз: Home BILIM BERU Жаңа мектеп есігін айқара ашты

Жаңа мектеп есігін айқара ашты

Білім күні Петропавл қаласында Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж жанындағы жалпы білім беретін IT мектеп-лицейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов оқу ордасында болып, мектеп-лицейдің мүмкіндіктерімен танысты.

Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан жаңа білім ордасының құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Мердігер – “Құрылыс-Сервис СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстарына 1726,65 миллион теңге жұмсалды.

900 орынға арналған білім ордасының іші кең, жарық әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Қос тілде білім беретін оқу ордасында әзірге 600-ден астам бала білім алуға ниет білдірген. Мұнда 71 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп-лицейдің директоры Разея Қасымова IT бағытта білім беретін оқу ордасы заманға сай жабдықталғанын атап өтті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пәндік кабинеттер мен асхана, спорт залдарында болды.

– Жаңа оқу жылында облыста 75 мың бала мектепке барды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға көп. Ал 8 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Бұл жақсы көрсеткіш. Петропавл қаласы мен кейбір аудан орталықтарында осындай білім ошақтарына қажеттілік бар. Жыл соңына дейін Тайынша ауданында екі, келесі жылы облыс орталығында қос мектептің құрылысы басталады. Петропавлда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оқу ордасын салуды жоспарлап отырмыз, бір мектеп Копай шағынауданында бой көтереді, – деді Құмар Іргебайұлы.

IT мектеп-лицей орналасқан Уәлиханов көшесінің бойындағы ескі жер үйлер сырылып, бұл аудан жаңа кейіпке енгенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда аталмыш аумақта көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Сонымен қатар, заманауи спорт кешені салынбақ. Өңір басшысы білім ордасының жанына жиналған аға буын өкілдері мен жастарды өңірде атқарылатын шаруалармен таныстырып, көне шаһарды көркейту бағытында алда ілкімді істер күтіп тұрғанын жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика