Сіз мындасыз: Home BILIM BERU Ұстаздардың пікір алмасу алаңы

Ұстаздардың пікір алмасу алаңы

Тамыз кеңесі білім беру жүйесінің жетістіктері мен өзекті мәселелерін талқылауға, сондай-ақ осы саланы жетілдіру, жаңғырту бойынша инновациялық идеялар мен бастамаларды, іс-тәжірибелерді бөлісуге мүмкіндік беретін негізгі диалог алаңы болып табылады. Облыс мұғалімдерінің жаңа оқу жылы алдындағы басты жиыны “Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі” деген тақырыппен Оқушылар сарайында өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, мектеп инфрақұрылымын дамыту, мектептер салу, ауылдардағы білім нысандарын жаңғырту, кітапханаларды, асханаларды, мектеп жиһаздарын жаңалау, компьютерлік техникалармен, бейнебақылаулармен қамтамасыз ету, оқушылардың қауіпсіздігі мәселелері айрықша назарда болатынын жеткізді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жаңа оқу жылына дайындық барысын әңгімелей келіп, білім беру саласындағы жаңалықтармен бөлісті. 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың жаңа моделі енгізіліп, мектеп бағдарламасына “Әліппе” мен “Букварь” оқулықтары қайта оралады. Оқушыларға оқу жүктемесі төмендетіліп, жаңа үлгілік оқу жоспарлары, “Домбыра” курсы, колледждерге академиялық дербестік ұсынылады.

Өзара пікір алмасуларға Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының білім және дағдылар жөніндегі директоры, PISA білім беру жетістіктерін бағалау халықаралық бағдарламасының басшысы Андреас Шляйхер (Франция) тағы басқа спикерлер онлайн форматта қатысты. Мектептегі цифрлық білім беру туралы Ресейдің “Ашық білім беру” ұлттық онлайн университетінің, оқушыларға арналған “Ашық мектеп” білім беру тұжырымдамасының негізін қалаушылардың бірі, “EdCruch” білім беру жүйесінің бағдарламалық директоры, “МИСИС” ұлттық зерттеу университетінің онлайн оқыту жөніндегі директоры – Нұрлан Қиясов, “Мұғалім 5.0: сандық технологиялар+softskils заманауи педагог дамуының негізгі құзыреттіліктері” тақырыбы бойынша психология ғылымдарының докторы, бизнес-жаттықтырушы, эмоционалды зияткерлікті дамытудың патенттелген әдістемесінің авторы Виктория Шиманская сөйледі. “Eurasian Center for People Management” білім беру бағдарламасының жетекшісі, білім беру жобаларының тәуелсіз кеңесшісі, Елбасы қорының өзгерістер менеджерлерінің көшбасшысы, философия ғылымдарының докторы – Алмагүл Қанағатова, Дүниежүзілік банктің білім беру бағдарламасының Орталық Азиядағы жетекші маманы және үйлестірушісі – Аиша Вауда, сондай-ақ Айыртау ауданы №1 Саумалкөл орта мектебінің директоры Мырзабай Тұралинов ойларын ортаға салды.

29 секцияда қоғамдық бірлестіктер, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, “Ustaz” онлайн академиясы, “Алматы кітап” баспасы, педагогикалық шеберлік орталығы, “Өрлеу” БАҰО, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Білім беруді басқару жүйесін ұйымдастырудың тиімділігі мен сапасы, қазіргі білім беру жағдайында мектеп менеджментінің стратегиясын іске асыру, 2021-2022 оқу жылына арналған нормативтік-құқықтық актілердің ерекшеліктері жайлы ұсыныстар айтылды. Алда атқарылатын нақты міндеттер белгіленді.

Тамыз конференциясында облыстың үздік педагогтарына “Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері” белгісі, “Еңбек ардагері” медалі, өңір басшысының Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, “Солтүстік Қазақстан облысы білім беру ісінің құрметті қызметкері”, “Мағжан Жұмабаев”, “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгілері салтанатты түрде тапсырылды.

Айыртау ауданы №1 Саумалкөл орта мектебі орта білім беретін үздік ұйым болып танылып, арнайы сертификат пен 34 млн. теңгеге ие болды. Петропавл қалалық бірінші жалпы білім беретін IT-лицей мен Есіл ауданы Корнеевка гиназиясы “Қазіргі заманғы мектеп – өмірлік перспективалар мектебі” аталымын жеңіп алды. “Үздік ресурстық орталық” байқауының қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Калиновка орта мектебі жеңімпаз деп танылды.

Әсел ОРАЗБАЕВА,

облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика