Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ Ұстаз көңілі неге алаң?

Ұстаз көңілі неге алаң?

Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мұғалімдер тарапынан келіп түскен өті­ніштер мен арыз-шағымдарға талдау жасады. Оның барысында ұстаздарды ең жиі мазалайтын мәсе­лелердің бірі еңбекақыға қатысты екені белгілі болды. Мұғалімдер білім мекемелерінің есепшілері ай сайынғы еңбекақы табельдерінің уақтылы берілмейтініне, сұрақтарына толыққанды жауап ала алмайтындарына наразы. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырып, педагогтарға арналған "Фаворит-чат" қызметін іске қосқанын айта кеткім келеді. Арнайы құрастырылған калькулятор арқылы әр мұғалім өзіне тиесілі еңбекақысын есептеп ала алады.

Ұстаз мамандығының беделін арттыру мақсатында елімізде көптеген жұмыс ат­қарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты нақты тапсырмалар берген болатын. Со­ның бірі – мұғалімдердің кәсіби құзырет­тілігіне байланысты жалақыларын көтеру. Педагогтарға біліктілік санатын көтеру қа­ғидалары Қазақстан Республикасы "Педа­гог мәртебесі туралы" Заңының 14-бабына сәйкес әзірленіп, мұғалімдерге біліктілік санаттарын беру тәртібі айқындалды. Со­ның бір кезеңі – арнайы ұлттық біліктілік тес­тін тапсыру. Нәтижесінде педагог-моде­ратор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеу­ші, педагог-шебер біліктілік са­нат­тарына ие болады және әр санатқа байла­нысты жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін үстемеақы қосылады.

2020 жылғы маусым-тамыз айларында өтініш білдірген Солтүстік Қазақстан об­лысының екі мыңға жуық ұстазы тестілеу­ден өтті. 14 қыркүйектен бастап тестілеу қай­тадан жалғасын тапты. Сынақ бары­сын­да ұялы телефондарды, смарт-ци­фрлық аппараттарды, басқа да көмекші құрал­дарды пайдалануға тыйым салын­ған. Ау­ди­торияларда тестілеу өткізудің ашықты­ғын қамтамасыз ету үшін және ереже бұзу­шылыққа жол бермеу мақса­тында барлық компьютерлер бейнеба­қылаумен жабдық­талған. Дегенмен, тес­тілеу кезінде ұстаз­дар арасында тыйым салынған заттарды қолдану фактілері анықталып, ереже бұз­ғандар емтиханнан шығарылып, алған нә­ти­желерінің күші жойылды. Осындай жағ­дай Петропавл қаласының, Айыртау, Мам­лют, Шал ақын аудандарының ұстаздары арасында кез­десті. Бұл мұғалімдер педа­гогикалық әдепті сақтамағаны үшін тәр­тіптік жа­уапкершілікке тартылды.

Осындай әрекеттер ұстаз маман­дығы­ның абыройын түсіреді. "Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы" деген халық даналығы да осы бір қасиетті мамандық иесінің ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны ерекше екенін көрсетеді. Бүгінгі ұстаз – тәлім-тәрбие ісі­нен жалықпайтын, шығармашылығы мол, өз ісіне адал, парасатты азамат болуы тиіс. Өз ісімен, өмірлік ұстанымымен, ақыл-ойымен үлгі тұтар тұлға болуы шарт.

Ұстаздар тарапынан әлеуметтік желі­лер­де көтеріліп жатқан мәселелердің тағы бірі – "Педагог мәртебесі туралы" заңда белгіленген қағидалардың бұзылуы. Атап айт­қанда, мектеп әкімшіліктері мұғалім­дер­ден басы артық құжаттар талап етуді әлі де тоқтатар емес. Әр мұғалімнің, сы­нып же­тек­шісінің, тәлімгердің жүргізетін құ­жатта­рының тізімі Білім және ғылым министрлі­гінің №130 бұйрығында нақты көрсетілген. Бұ­дан артық құжаттардың талап етілуі заң­сыз. Осындай шағымдар Ғабит Мүсірепов атындағы, Есіл, Жамбыл, Шал ақын аудан­дарының ұстаздарынан келіп түсті.

Тағы бір өзекті тақырып – мұғалімдер­дің өздерінің тікелей міндеттерінен тыс жұ­мысқа тартылуы. Мектептердегі жөндеу жұ­мыстарына қатыстыру фактілері де кезде­седі. Мысалы, әлеуметтік желілер арқылы Шал ақын ауданының Крещенка орта мектебінің ұжымы жаңа оқу жылына дайындық кезінде мектепті күрделі жөн­деуге қатыс­қаны белгілі болды. Осы дерек бойынша департаменттің бас маманы Баян Ахме­това және облыстық білім және ғылым са­ла­сындағы кәсіподақ заңгері Әлия Тасы­мова ұжыммен арнайы кездес­ті. Әңгіме ба­ры­сын­да мұғалімдер мектеп­тің күрделі жөн­деуіне өз еріктерімен қа­тысқанын айтқан. Департамент маманы мұндай жұмыс педа­гогтардың кәсіби мін­детіне жатпайтынын айтып, ұстаздардың құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтермен бөлісті. "Педагог мәртебесі туралы" заң нормаларының қол­данылуына қатысты түсінік беріп, мұғалім­дердің басқа да сауалдарына толыққанды жауап қатты.

Әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан мәселелердің тағы бірі – педагогтар жыл сайын медициналық тексерістен өту үшін шы­ғындарды өз қалталарынан төлейтіндігі. Бұл мақсатқа жұмсалатын қаражат жұ­мыс беруші тарапынан бөлінуі тиіс. Солай бола тұра, Ақжар, Жамбыл, Есіл аудан­дарында бұл мәселе департаменттің араласуынан соң ғана оң шешімін тапты.

Келіп түсетін шағымдардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың, білім бөлімдерінің өтініштерді сапасыз қарай­тындығына қатысты. Бұл жағдай Мем­лекет басшысының мемлекеттік ор­ган­дардың халыққа ашық және жақын бо­луы туралы ұстанымына сәйкес кел­мейді. Нәтижесінде мұғалімдер сұрақтарына нақты жауап ала алмай, ғаламтор арқылы шағымдануға мәжбүр.

Мұғалімдердің шағымдары өңірдегі әріп­­тестеріміздің білім саласына байла­нысты нормативтік-құқықтық актілердің көптеген тұстарын жете түсінбейтін­дікте­рін көр­сетеді. Сондықтан әр ұжымда ақпа­рат­тық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгені жөн. Әр құжаттың қолдану ая­сы елдегі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін әрбір педагогқа егжей-тегжейлі жеткізілуі тиіс.

Педагогтардың құқығын қорғау, олар­дың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз. Заңды негізге ала отырып, әріптестерімді, білім мекеме­ле­рінің басшыларын ашық диалог орна­тып, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге ша­қырамын.

Айнагүл СҰРАҒАНОВА,

облыстық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика