Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ОҚЫТУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ

ОҚЫТУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университе­тінде оқытушыларға кәсіби дағдысын жетілдіруге мүмкіндік беретін білім беру орталығы ашылды.

Үстіміздегі жылы жергілікті универ­ситет Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасы аясында қолға алынған “Құзыреттілікті дамыту және көшбасшылық саласындағы мұғалімдерді даярлау/DeSTT” халықаралық жобасына қосылды. Аталмыш жоба еуропа елдерінде және әлем бойынша білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты мен спорт жүйесін қаржыландыруға және жаңғыртуға, тұрақты дамытуға септігін тигізуге бағытталған.

“DeSTТ” жобасының консорциумына Еуропа елдері, Ресей, Қазақстан және Моңғолияның 11 университеті кіреді. Жоба аясында көшбасшылықты дамыту орталығын ашу – маңызды қадам. Жаңа орталықты жабдықтауға 13 мың еуро қаражат бөлу қарастырылған. Мұнда өңір педагогтарына семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптары мен конференциялар өткізіледі. Сабақ тұрақты негізде өтеді. Әріптес елдердің тәжірибелі мамандары мен жергілікті оқытушылар да дәріс оқиды. Оқытушылар өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін, біліктіліктерін жетілдіре алады. Сондай-ақ, жобаның нәтижесі педагогикалық, әлеуметтік, құқықтық, экономикалық және басқару элементтерін біріктіретін магистратураның жаңа пәнаралық модулін әзірлеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта электронды оқу құралын әзірлеу де жоспарлануда.

Білім беру орталығының ашылуына жоғары оқу орны ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев, Erasmus+ жоғары білімді реформалау жөніндегі ұлттық сарапшылар командасының бақылау кеңесінің төрағасы, “DeSTТ” жобасының жұмыс тобының мүшесі Серік Өмірбаев қатысты. Жаңа орталықтың директоры Арайлым Мағзұмова негізгі міндеттері жайлы баяндады.

– Жобаны жүзеге асырудың жыл соңына дейінгі жоспары әзірленді. Алғашқы қадам орталық жұмысына қатысуға шақырылатын педагогтар жайлы мәліметтер базасын құру болып табылады. Үздік халықаралық тәжірибелер мен үрдістерге сүйене отырып, жергілікті деңгейде көшбасшылық ұғымының мәнін бірге анықтайтын боламыз. Бұл үшін білім беру бағдарламаларын әзірлемекпіз. Оған облыстың кез келген педагогы тегін қатыса алады, – деді Арайлым Мағзұмова.

Ашылу салтанатынан кейін Италияның Кассино және Оңтүстік Лацио университеттерінің үйлестірушілері Барбара Сбарделла және Алессандро Фигуспен онлайн форматта кездесу ұйымдастырылды. Жоба аясында биылғы жарты жылда атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың басты мақсаттары мен перспективалары белгіленді.

Диана ХАЛИМОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиа орталығының бас редакторы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика