Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ОҚУ ОЙДАҒЫДАЙ ӨТУДЕ

ОҚУ ОЙДАҒЫДАЙ ӨТУДЕ

Облыстық білім басқармасының басшы­сы Гүлмира Кәрімова жаңа оқу жылының алғашқы он күнін қорытындылап, атқарылған жұмыстар жайлы әлеуметтік желі арқылы есеп берді.

Қазіргі таңда өңіріміздегі 477 мектеп пен 25 колледждің бір бөлігі – штаттық режімде, қалғаны қашықтан білім беруде. Облыстағы мектеп оқушыларының саны 73 мыңнан асады. Пандемияға байланысты білім алушылардың және ұстаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде барлық санитарлық талаптар сақталған. Яғни, төсеніштерге дейін дезинфекцияланады, зарарсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Білім ордаларында міндетті түрде бетперде кию режімі енгізіліп, бөлмелер жиі желдетіліп тұрады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова айтып өткендей, бастауыш сынып оқушылары үшін 1651 мың кезекші сынып ашылған. Әрқайсысында оқушы саны 15-тен аспауы да қатаң қадағалауға алынды. Осылайша, жиырма мыңнан астам солтүстікқазақстандық оқушыға штаттық режімде білім алуға мүмкіндік жасалған. “Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ, жетім балалардың кедергі­сіз білім алуын қамтамасыз етуге баса назар аударамыз”, – деген Гүлмира Райынбекқызы білімнің сапасын арттырумен қоса, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету де маңызды екенін жеткізді. Қашықтан білім алуға мүмкіндігі жоқ балаларды жаңа оқу жылына даярлау мақсатында екі мыңнан астам компьютер, 1,5 мың планшет және 500-дей ноутбук сатып алынғанын да айта кеткен жөн. Ауылдағы балалардың интернет арқылы білім алуы қиындық туғызатыны жайлы осыған дейін де бірнеше рет айтылған еді. Осы мәселенің түйінін тарқатып, интернет желісін жақсарту мақсатында мыңнан астам роутер мен USB-модем берілген.

– Мектептердің қашықтан білім беруге дайындық барысын және мүмкіндігін, педагогтардың біліктілігін арттыру жайын талқылау үшін аудандық білім бөлімдерімен, мектеп директорлары мен мұғалімдерді қатыстыра отырып бейнеконференция өткізген едік. Оқу жылы басталғанына санаулы күндер ғана өткенімен, Нұр-Сұлтан қаласында көпшіліктің наразылығын тудырған жағдай орын алып, “Zoom” платформасы арқылы өтіп жатқан сабаққа бөгде адам кіріп кеткенін естіген болар­сыздар. Сондықтан жиын барысында сабақ беруге арналған онлайн платформалармен жұмыс істеу тәртібіне сәйкес педагогтар конференция ұйымдастырып, тек сол сыныптың оқушыларын ғана қосу қажет екені ескертілді. Яғни, оқушылар сабаққа конференцияны ұйымдастырған мұғалімнің рұқсатымен ғана кіре алады, – деді басқарма басшысы.

Спикердің айтуынша, жаңа оқу жылында қашықтан білім берудің электронды жүйесінің жұмысы біршама жетілдірілген көрінеді. Өйткені, мұғалімдер енді “Da­ryn.Online”, “Microsoft Teams” сияқты бағдарламаларды қолдана бастады. Ал оқушылармен және олардың ата-аналарымен кері байланыс орнатуда “Kúndelіk” жүйесінің көмегі зор. Өйткені, ұстаздар оның көмегімен сабақ кестесін құрып, білім алушының күнделігі мен журналын жүргізіп, сонымен қатар тақырыптар бойынша берілген тапсырмаларға қажетті қосымша құжаттар мен ақпараттарды жүктей алады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика