Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ Екі мың грант иеленді

Екі мың грант иеленді

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жаңа оқу жылында екі мыңнан астам студентті бірінші курсқа қабылдады. Білім алушылардың 46 пайызы, яғни 919 үміткер сынақтан сүрінбей өтіп, грантқа ие болды.

Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Алмас Кенжеғалиннің айтуынша, үстіміздегі жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне педагогика мамандығын таңдаған студенттерге грант көп бөлінді. Бұл мамандыққа деген сұраныстың артуын “Педагог мәртебесі туралы” Заңның қабылданғанымен байланыстыруға да болады.

– Аталған мамандық бойынша грантты жеңіп алғандардың саны – 341, ал ауыл шаруашылығы және биоресурстар мамандығын таңда­ған талапкерлер үшін 157 грант бөлінген. Одан кейінгі орында 86 грант ұтып алған ақпараттық технологияға қатысты мамандықтар тұр. Сонымен қатар 90 жас “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша тегін білім алуға мүмкіндік алды, – деген Алмас Кенжеғалин Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарының жастарына басымдық берілгенін жеткізді. Сонымен қатар Өзбекстан, Ресей, Моңғолия және Қытай елдерінен өңірімізге жоғары білім алуға 70 студент келіпті. Тағы бір айта кетерлік жайт, жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі талапкерлердің барлығына грантта оқуға мүмкіндік берілген.

Жергілікті университетте магистратура және докторантура бойынша білім алуға ниеттенген жастар тапсырған тестің нәтижесі жақында белгілі болды. 136 магистрант пен 12 докторанттың алғашқы оқу жылдары басталып та кетті. Карантин шараларына байланысты магистратураға құжаттарды қабылдау әлі күнге дейін жалғасуда.

Бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде жеті мыңнан астам студент жоғары білім алуда. Үстіміздегі жылы грант жеңіп ала алмағандар үшін оқудың ақысы өзгерген жоқ. Яғни, студенттер таңдаған мамандықтарына байланысты жылына 370-420 мың теңге аралығында төлеуге міндетті.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика