Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ “Жас өркенде” — жаңа мектеп

“Жас өркенде” — жаңа мектеп

Жаңа оқу жылы қарсаңында өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы бірқатар білім беру ұйымында болып, материалдық-техникалық базасымен танысты.

Білім күні қарсаңында “Жас өркен” шағынауданында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Су жаңа ғимаратқа Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп көшірілді. Үшқабатты 900 орынға арналған оқу ордасының директоры Сайран Мұстафина сабаққа дайын екенін жеткізіп, кадрмен толық қамтамасыз етілгенін айтты. Биыл педагогикалық ұжым қатарына жаңадан 22 мұғалім қосылған. Сабақтар бір ауысымда өтеді. Бұрын Интернационал көшесінде орналасқан ескі ғимаратта орын тапшы болғандықтан үш ауысыммен оқып келген. Заманауи үлгіде салынған білім ошағы ұстаздар мен оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да қуаныш сыйлағаны анық. Мектептің іші кең әрі жарық. Мұнда оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Сыныптар LED экран, интерактивті тақта сынды соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар бір мезетте жүз шақты бала тамақтанатын асхана мен акт, спорт залдары бар.

– Білім күні қарсаңында осындай үлкен, жаңа мектепке қол жеткізіп, жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастағалы отырмыз. Өйткені, қазығы 1937 жылы қағылған бұрынғы ғимарат оқу үрдісінде бірқатар қиындықтар туғызған еді.

Екі жүз орынға шақталған ескі мектепте 656 бала білім алды. Сон­дықтан білім ордасы үлкен жүктемемен жұмыс істеді. Ал бұл мектепте сабақтан тыс қосымша үйірмелер ашылып, балалардың қызығушылығын арттырып, шығармашылығын дамыту көзделуде, – деген мектеп директоры Сайран Бикенқызы оқушылар қаланың әр түкпірінде тұрса да, жаңа мектепте білім алуға асық екенін айтты.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мектептің ішін аралап, заманауи қондырғылардың мүмкіндігімен танысты. Қожаберген жырау атындағы кабинет, ақпараттық-технология сыныбы, кітапхана, асхана мен спорт, акт залдарында болды. Өз кезегінде аға ұрпақ өкілдері мен ата-аналар өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беретін жаңа мектепті салуға қолдау білдірген өңір басшысына ризашылығын жеткізді. Әсіресе, аталмыш мектептің алғашқы директорларының бірі, бүгінде ардагерлер кеңесінің мүшесі Әдия Ахметова ширек ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқан білім ордасының жетістігін тілге тиек етіп, жаңа оқу жылында пайдалануға берілген білім ошағынан әлі талай дарынды ұл-қыз түлеп ұшатынына сенім білдірді.

– Облыста жыл сайын бірінші сыныпқа баратын балалардың саны артуда. Оған дәлел осыдан екі жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер 7700 болса, биыл 9 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Сондықтан осындай заманауи әрі жаңа мектептер ашу қажет. Өткен жылы “Береке” шағынауданында 600 орындық білім ордасы бой көтерсе, биыл да бұл үрдіс жалғасын табуда, – дей келе облыс әкімі ата-аналардың өтініші бойынша салынған №6 орта мектеп сұранысқа сай екенін айтып, өңірдегі білім саласының дамуына қысқаша тоқталып өтті. Пандемияға байланысты жаңа оқу жылында ұстаздар мен оқушылар 14 мыңнан астам компьютермен қамтамасыз етілмек. Соның екі мыңы Петропавлдағы С.М.Киров атындағы зауытта құрастырылмақ. Өңір басшысының айтуынша, жыл сайын білім беру ұйымдарын жөндеуден өткізуге облыстық, республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударылып отыр. Бейнекамералар орнатылып, шалғайдағы елді мекендердегі мектептер көлікпен қамтамасыз етілуде. Бүгінде өңірде педагог кадрлар жеткілікті. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында жас мамандар жұмысқа тартылып, баспана мәселесі шешімін табуда. Соңғы үш жылда 1390 жас педагог кадрлардың қатарын толықтырған. Қалада жұмыс істейтін ұстаздар үшін де әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Алдағы уақытта мұғалімдерге баспана сатып алу үшін 1 миллион теңгенің тұрғын үй сертификаты беріледі.

Облыс әкімі Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжге ат басын бұрды. “Жас маман” жобасы аясында білім беру ұйымы 320 миллион теңгеге қол жеткізіп, жаңа құралдар сатып алған. Заманауи техникалардың арқасында енді IT саласында студенттердің білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік туды. Мәселен, 3D модельдеу зертханасында сканерлеу құрылғысы орнатылып, сандық технологияның көмегімен көріністі сол сәтте принтерде басып шығаруға болады. Қазір сканерлеу құрылғысы кез келген салада сұранысқа ие екенін айту керек. Сондай-ақ, аталмыш колледжде студенттер робот құрастырып үйренуде. Арнайы робототехника, компьютерлік графика мен дизайн кабинеттері бар. Онда студенттердің білім алуына тиісті жағдай жасалған.

Өңірдегі 4 колледжді жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау үшін “Жас маман” бағдарламасы аясында 1,2 мил­лиард теңге бөлінгенін атап өткен жөн. Білім беру ұйымдарының оқу-материалдық базасын жаңарту мамандарды даярлау мен қайта даярлауға көп көмек. Аталмыш бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжі де материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік алды. Заманауи техникалық жабдықтардың көмегімен студенттер тәжірибе жүзінде диагностикалау мен жөндеуден өткізуге арналған құралдармен жұмыс істеп үйренеді. Жоба аясында бөлінген 320 миллион теңгеге білім беру ұйымы бірнеше көлік сатып алды. Соның ішінде соңғы үлгідегі жеңіл және жүк көліктері бар. Жақында колледждің техника паркіне шағынавтобус қосылады. Ал техник-автомеханик, слесарь мамандықтары бойынша студенттер көліктерді жөндеудің қыр-сырын үйренеді. Бүгінде колледжде оқу-зертханалық сыныптар жаңартылып, заманауи технологиямен жұмыс істеуге қажет арнайы стендтер орнатылып, құрал-саймандар жиынтығы сатып алынған.

– Білікті мамандарды даярлау үшін оқу орындары талапқа сай болуы тиіс. Соның ішінде материалдық-техникалық базаға ерекше назар аударған жөн. Қазір әлем өзгеріс үстінде. Білім алушылар техника тілін меңгеруде бәсекеге қабілетті болуы керек. “Жас маман” бағдарламасы аясында колледждер заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілуде. Тіпті, мұндай құралдар техникалық қызмет көрсету орталықтарында да жоқ. Сондықтан бұл – өте құптарлық іс, – деген Құмар Ақсақалов өңірдегі барлық колледждердің материалдық-техникалық базасын бір­тіндеп жаңарту жоспарда бар екенін жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика