Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢАШЫЛДЫҚ КӨП

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢАШЫЛДЫҚ КӨП

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен педагогтардың “Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері” атты дәстүрлі тамыз кеңесі онлайн форматта өтті. Бұл жиынға аудандық білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары, еңбек ардагерлері, ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Алдымен қатысушылардың назарына өңірдегі білім беру саласының дамуына арналған бейнефильм ұсынылды. Одан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстар мен алда тұрған ауқымды міндеттерге тоқталды.

– Туындаған қиындықтарға қарамастан өткен оқу жылында барлық міндеттерді орындадық. Бүгінгі таңда білім сапасын арттыру, бұл саладағы мәселелерді түбегейлі шешу, мұғалімдерге қолдау көрсету – басты бағытымыз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан білім саласына қолдау ерекше.

“Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданып, бұл салада айрықша өзгерістер орын алуда, – дей келе Гүлмира Райынбекқызы пандемияға байланысты білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ерекшеліктері кеңінен талқыланғанын, білім саласының сарапшыларымен тәжірибе алмасылғанын атап өтті.

Кеңесте білім беру саласын басқарудың жаңа талаптары енгізіліп, барлық деңгейде білім беруді ұйымдастыру тәртібі өзгергені айтылды. Білім саласында басқарушылық қабілетті арттыру мақсатында мектеп директорларын ротациялаудың механизмі жасалды. Кәсіби біліктілікті айқындау үшін аттестаттаудан өткен ұстаздарға қосымша үстемеақы төленеді.

Бүгінде мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленуде. Сонымен қатар орта білім беруде жаңартылған білім бағдарламасына көшу жұмыстары аяқталуда. Биыл 11-сынып оқушылары жаңартылған мазмұнда білім алады. Қазір біздің өңірде 477 мектеп бар. Жаңа оқу жылында 8,5 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Санитарлық талаптарды сақтай отыра оқу үрдісі 336 мектепте штаттық режімде өтеді. Бұл мектептердің 70 пайызын құрайды. Сабақ екі ауысыммен ұйымдастырылып, бір сыныпта оқушы саны 15 баладан артық болмауы тиіс. Бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтінішімен екі мыңнан астам кезекші сыныптар ұйымдастырылады.

Онлайн білім беру үшін ұстаздар мен оқушылар компьютерлермен қамтамасыз етіледі. Өңірде табысы төмен отбасыларға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға он бес мыңға жуық компьютер беріледі.

Тамыз кеңесінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов соңғы үш жылда өңірде білім саласына бөлінген қаржы көлемі ұлғайғанын айтып, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Білім беру – адами ресурстарды дамытудағы басты салалардың бірі. Ол ерекше назар аударуды және қаржыландыруды талап етеді. Өңірдің білім саласы тұрақты әрі жергілікті қаржыландыру болғанда ғана дамиды. Бұл жаңа мектептер салуға, олардың инфрақұрылымын жақсартуға, материалдық базасын нығайтуға, ғылымды дамытуға мүмкіндік береді, – дей келе Құмар Іргебайұлы өткен жылы облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында жаңа мектеп салынғанын, биылғы оқу жылында тағы үш оқу ордасы ашылатынын айтты. Ал келесі жылы Тайынша ауданында екі мектептің құрылысы басталмақ. Өткен жылы 142 мектеп, биыл тағы 107 нысанда жөндеу жүргізілген. Осылайша, өңірдегі мектептердің 50 пайызы жаңартылды.

Балаларды сауықтыру шараларына, мектептердегі автобус паркін жаңартуға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталған Құмар Ақсақалов ұстаздарға жаңа оқу жылында төзімділік, сабырлық пен сәттілік тіледі.

Алқалы жиында мұғалімдердің еңбектері атаусыз қалмады. Білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан Шал ақын ауданындағы Кривощеков орта мектебінің математика пәнінің ұстазы Рымжан Баянтаева “Еңбек ардагері” төсбелгісін алса, Есіл ауданындағы Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры, ветеринария пәнінің оқытушысы Бейімбет Бұғасов пен Петропавл қаласындағы №5 орта мектептің директоры Ирина Ельцова “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” атанды. Жиында Сапура Кәленова, Павел Щеголев, Дауылбай Тәшетов “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталды. Бірқатар ұстазға “Мағжан Жұмабаев” төсбелгісі мен Солтүстік Қазақстан облысы білім беру ісінің құрметті қызметкері атағы беріліп, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Биыл өңірде білім беру ұйымдары арасында өткен байқау қорытындысы бойынша №2 Тайынша орта мектебі үздік атанды. Тамыз кеңесінде үздік білім беру ұйымы 34 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика