Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ӘСКЕРИ МАМАНДАР ҰСТАХАНАСЫ

ӘСКЕРИ МАМАНДАР ҰСТАХАНАСЫ

Офицер мамандардың ұстаханасына айналған Ұлттық ұлан әскери институты Үкімет қаулысымен өз есігін 1997 жылдың 18 наурызында Қызылжар қаласында ашқан болатын. Сол жылдың 20 желтоқсанында оқу орнына еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, жеке құрамға жауынгерлік туды табыстаған еді. Сардарлар мен курсанттар алдында сөз сөйлеген Елбасы: “Солтүстік өңірдің қатаң климатында білім алып, тәрбиеленген курсанттар әбден шыңдалып, еліміздің офицерлер корпусын лайықты толықтыратынына сенімдімін”, – деген болатын.

Биыл оқу орны өздерінің 20-шы түлектерін үлкен әскери өмірге қанат қақтырды. Біз, жарқыраған ауласының өзінен қатаң әскери тәртіптің, тазалықтың лебі есіп тұрған оқу орнына соғып, институттың бастығы, PhD доктор, генерал-майор Бауыржан Әбжановпен әңгімелескен едік. Генералдың айтуына қарағанда, осынау әскери институттың еліміздің теріскейі – Қызылжар өңірінде орын тебуі бекер емес.

– Мұның ең басты себебі – болашақ офицерлердің солтүстіктің қатаң климаттық жағдайында шыңдалып, төзімділігінің қалыптасуын ескеруден туындаған. Қытымыр қыста сыналған сардардың сын сағатта сыр бермесі анық. Қазір білім ордасында курсанттар төрт жыл оқиды. Осы уақыт олардың білімі мен біліктіліктерінің қалыптасуына жеткілікті екенін көрсетті. Біз әр уақыт түлектердің қызметтік жолын саралаймыз. Бүгінгі таңда әскери оқу орнын бітірген офицерлердің дені рота, батальон, полк сияқты әскери звенода қызмет ету үстінде, – деді ол өзінің сөзінде.

Бүгінгі таңда бұл институттың түлектері тек Ұлттық ұланда ғана емес, барлық әскери құрылымдарда қызмет етеді. Ашылғаннан бері оқу орнын 3500-ден аса түлек аяқтаған. Олардың 254-і оқуын үздік бітіріпті. Ал 45 курсант “Әскери оқу орнын үздік аяқтағаны үшін” төсбелгісімен марапатталыпты. Бұл офицердің алғашқы медалі деп айтуға тұрарлық құрмет. Қазіргі кезде 40 түлек Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында, 70 түлек өңірлік қолбасшылықтарда қызмет атқаруда, төрт түлек өңірлік қолбасшылықтардың орынбасары болған. Ал 18 офицер институтта ұстаздық етуде.

Генерал Б.Әбжанов өзінің сөзінде ұстаздардың білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттыру мақсатымен өзіміздің және шетелдердің әскери академияларында білімдерін шыңдауды әрдайым назарда ұстайтындықтарын да айтты.

Әрине, оқу орны материалдық-техникалық базамен заманауи талаптарға сай қамтамасыз етілмесе курсантардың білімді толық алуы мүмкін емес. Осыны ескерген институт басшылығы курсанттардың алаңсыз білім алуларына барлық жағдайды жасаған. Материалдық база толық, қару-жарақ және техникамен жарақтандырылған. Далалық жағдайда жаттығу үшін оқу орталықтары мен әскери атыс алаңдары тиімді жұмыс істейді екен. Әрине, бұл түлектердің оқуды аяқтаған соң әскери бөлімдерге келгенде, іс жүзінде жинаған тәжірибесін қиналмай қолдануына негіз бар деген сөз. Сонымен бірге курсанттардың командирлік дағдыларды меңгеріп, еліміздің жалынды, білікті әрі патриот азаматы ретінде қалыптасуына оқытушы-профессорлық құрам үнемі көңіл аударып отырады.

Айта кететін жайт, оқу орны 6 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Атап кетер болсақ, олар Ұлттық ұланға тактикалық басшылық, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар, тылмен қамтамасыз ету, байланысшы, техника және қару-жарақ, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету мамандары. Жыл сайын оқуға 200-ге тарта курсант қабылданады. Ал ниет білдіріп, сынаққа қатысатындардың саны бұдан 3-4 есе көп. Оқуға тек мектеп бітіруші түлектер ғана емес, жасы 24-ке дейінгі мерзімді қызметтегі сарбаздар, келісімшарт бойынша қызмет істейтін 25-тен аспаған әскери қызметшілер қабылданады. Әр талапкер оқуға түсу үшін өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша Ұлттық ұланның әскери бөлімдері немесе қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге өтініш білдіре алады. Биылғы түлек ұшырудың 20-шы мерекелі жылында институт 219 маманды еліміздің қорғаныс қуатын арттыруға, қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетуге аттандырды.

Біз Бауыржан Әбжановтан Ұлттық ұлан курсанттары мен офицерлеріне мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылғанын сұрағанымызда ол былай деді:

– Мемлекет оқуға түскен курсанттың тегін білім алуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге оқуын, жатын орны, киім-кешегі мен тамақтануын да толықтай өз міндетіне алған. Сондай-ақ, оларға ақшалай үлес те қарастырылған. Жаздыгүні 30, қыста 14 тәулікке дейін демалысқа баруына рұқсат етіледі. Демалыс орнына барып-келу жолақысының да тегін екенін айта кеткен жөн. Оқуды аяқтаған курсант “лейтенант” әскери шенін алып, Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне, сондай-ақ, еліміздің басқа да күш құрылымдарына сұраныс бойынша жолдама алады. Оқуды тамамдаған түлектер бірден 10 жылға әскери қызметке келісімшартқа отырады. Қазір түлектерді, жалпы Ұлттық ұланның барлық әскери қызметшілерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де жақсы жолға қойылған. Мемлекет әскери маманның қызмет ететін орны бойынша сол аймаққа тиесілі тарифке сәйкес оның арнайы есеп-шотына ақша аударады. Бұл оның әр отбасы мүшесіне де тиесілі екенін айта кеткен жөн, – деп жауап берді.

Бұл оқу орны халықаралық келісімдерге сәйкес 2009 жылдан бастап Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің әскерлеріне жыл сайын 10 сардардан даярлайды. Көрші елдердің курсанттары бір үйдің баласындай біте қайнасып кеткен. Олардың мемлекеттік мейрамдарын атап өту де институтта игі дәстүрге айналды.

Институттың 20-шы түлектерін ұшыру жаман індеттің кезінде болса да әскери салтанатты жағдайда аталып өтті. Оқу орнының болашағы зор, еліміздің өркендеуіне тигізетін пайдасы мол екені бірден аңғарылады.

Жақсыбай САМРАТ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика