Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ҰЛТ ЖАДЫНЫҢ ТҰҒЫРНАМАСЫ

ҰЛТ ЖАДЫНЫҢ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Біз төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңілсек, ұлттық болмысымыздың бірегей үлгісін көреміз. Бүгінде ұлттық жаңғыру жолында қанымызға сіңген, ата-бабамыздан мирас болған, тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетудің маңызы зор. Бұл орайда, нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық берген жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік туатынын айтты. Бәсекелестік қабілетке терең білім, сапалы еңбек ресурсын жатқызуға болады. Сондықтан қазір үш тілді білім беру жүйесіне айрықша көңіл бөлініп, “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда.

Ұлт жадының тұғырнамасы ретінде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге арналды. Ұстаз болған соң мақаладағы білім беру саласы туралы айтылған өзекті ойларға ерекше назар аудардым. “Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді”, – деген Елбасының сарабдал ойымен толық келісемін. Біз бұл қағиданы да шәкірттеріміздің санасына мейлінше сіңірудеміз. Жастар білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болса, еліміз табысқа жетеді.
Білім мен тәрбие – егіз ұғым. “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі”, – деген ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзі бар. Білім беру саласында оқушыларымыздың отаншыл, елжанды болып өскенін қалаймыз. Олар туған жердің қадірін түсініп, ата-бабамыздан мирас болып қалған байтақ жерімізді көздің қарашығындай қорғауға тиіс. Ал патриотизмнің ең жақсы үлгісі туған жердің тарихын зерделеуден басталады. Талай жақсыны бесігінде құндақтаған қасиетті Жамбыл ауданында да есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттер аз емес.
“Рухани жаңғыру” бағдарламасында Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – рухани мәдениетіміздің бір парасы ретінде айтылды. Ендеше, Толыбай сыншы, Сегіз сері, Қожаберген жырау, Тоқсан би, Сексен батыр, Нияз сері, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Иван Шухов, Игібай Әлібаев, Сафуан Шәймерденов сынды жерлестеріміздің артына қалдырған бай мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау парыз. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тарихта есімдері ерекше аталатын атақты жерлестерімізді біз әрқашан мақтан етеміз.
“Туған өлке – тұнған шежіре” демекші, ауылдың әр тасы өткен тарихтан сыр шертеді. Бір кездері “Қызқарағай” әнінің дүниеге келуіне арқау болған қара­ғайлы орман да біздің ауылдың шежіресі іспеттес. Ауылға келген бір сапарында сұлу табиғатқа сүйсініп, ғажап көрініске көңілі масаттанған жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов жеке-дара өсіп тұрған шыршаны “Қызқарағай” деп атап, оған ақын Мақсұтжан Әубәкіров өлең шығарып, белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев ән жазды. Әні мен сөзі үйлесім тапқан тамаша туынды көрікті табиғаттың ерекше әдемі көрінісін көз алдыңа елестетеді. Өнерсүйер қауымға кеңінен танымал “Қызқарағай” әнін 1981 жылы КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова республикалық радиодан алғаш рет нақышына келтіре шыр­қап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырған болатын. Ауыл тұрғындары Ғабит Мүсіреповтің Ербол Шәймерденовтің біздің ауылдың перзенті екенін мақтан тұтады. Оқушылар арасында олардың шығармашылығын әр кез насихаттап отырамыз.
Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов мұражайларына экскурсиялар ұйымдастырылып, балалар әрқашан тарихта есімдері алтын әріппен жазылған жазушылардың өнегелі өмірінен сыр шертер жәдігерлерді қызығушылықпен тамашалайды.
Бүгінде Жамбыл ауданындағы Жаңажол орта мектебінде 68 бала білім алуда. Жиырма екі ұстаз еңбек етсе, соның алтауы жас маман. Оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Қоғамдық жұмыстар мен оқуда үздік нәтижелерге қол жеткізген шәкірттеріміз аз емес. Әр оқу жылдары “Алтын белгі” иегерлері ұстаздардың сенімін ақтап, қалаған мамандықтарына оқуға түсуде. Ұстаз үшін бұдан асқан қуаныш бар ма?
Мектепте “Жас Ұлан” ұйымы бар. Балаларды өнерге, спортқа баулу үшін шығармашылық, түрлі үйірмелер ашылды. Спорттық сайыстарға үнемі қатысып жүретін Жаңажол орта мектебі оқушыларының мұндай бәсекелерден қоржындары бос қайтқан емес.

 

Клавдия ӨТЕГЕНҚЫЗЫ,
Ғ.Мүсірепов атындағы
жалпы орта білім беру мектебінің директоры.


 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика