Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ЖАЗ ҚЫЗЫҒЫ – ЛАГЕРЬДЕ

ЖАЗ ҚЫЗЫҒЫ – ЛАГЕРЬДЕ

Коронавирус инфекциясына байланысты туындаған қиындықтарды артқа тастап, кезекті оқу жылы да аяқталды. Жаз қызығы – жазғы лагерьлер. Себебі, балалар осындай демалыстарда жаңа достар тауып, қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас күндерді өткізетіні белгілі.

Жазғы уақыт балалардың сабақтан, үйреншікті тіршіліктен босап, өз қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан ата-аналар да, білім саласы ұйымдары да баланың бос уақытын дұрыс пайдалануға, тиімді ұйымдастыруға зор мән беруі тиіс. Баланың бос уақыты ойын тынықтыратын, күш-қуатын жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалғаны жөн. Ал демалыс лагерьлерінде балалардың тыныға жүріп шынығып, шыңдалуы үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Жазғы лагерьлер балаларды санитарлық-қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отыра қабылдайды. Осыған дейін бірнеше мәрте білім бөлімдері басшыларының қатысуымен өткен кеңестерде сауықтыру лагерьлерінің маусымға дайындығы пысықталып, қандай бағытта жұмыс істейтіні нақтыланды. Қазір өңірімізде 1-10-сынып аралығында 66700 оқушы бар. Балалардың 98 пайызын сан алуан демалыс түрлерімен қамтуды көздеп отырмыз.
Бүгінде облыс орталығынан тыс жерлердегі 13 сауықтыру лагерінде қаулап өскен шөптерді шабу, жатын корпустардың, асхананың іші-сыртын жөндеу, аулалар мен ойын алаңдарын безендіру сынды жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі лагерьлердің бесеуі сенімді басқаруға берілгендіктен, олардың маусымға дайындығы қатаң бақылауға алынған. Мәселен, “Nomad Travel” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сенімді басқаруға алған “Достық”, “Аққайың” демалыс орындарына барып, жағдаймен таныстық. Кәсіпкер өз қаржысына асхананы жаңартып, су ағатын құбырларды жөндеуде. Өзге лагерьлердегі осындай жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан зор қолдау көрсетіледі.
Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының физиологиялық, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілуіне көп көмек. Бастауыш және орта буын оқушылары үшін өзіндік көзқарасы қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі. Олардың осы сұранысын өтеу мақсатында биылғы демалыс “Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық” деген тақырып аясында өтеді. Аз қамтылған және әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасынан шыққан 9155 оқушының барлығы түрлі үлгідегі демалыспен қамтылады. Оның ішінде үш мыңнан астам бала сауықтыру лагерьлерінде демалады. Сондай-ақ, білім саласы ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 194 баланың жазғы демалысты көңілді өткізуі үшін барлық жағдай жасалады. Бұл санаттағы 59 бала республикалық “Бурабай” оңалту орталығында демалады.
Басқа балалардың да жазғы демалысын тиімді өткізу үшін мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Мұндай демалыс түрімен 40 мыңнан астам бала қамтылады. Сондай-ақ, 176 шатырлы лагерьде 5 мыңнан астам оқушы демалады. Қазір бізде оқушылардың “Балдәурен” лагерінде демалуына мүмкіндік беретін 78 жолдама бар. Биыл алғаш рет дарынды балаларға арналған жазғы лагерь ашылмақ. 300 орынға шақталған демалыс орнына жолдама республикалық деңгейдегі спорттық, білім сайыстарының жеңімпаздарына ғана беріледі.
Әлемді жайлаған қауіпті індеттің алдын алу шаралары жан-жақты ойластырылған. Лагерьлерде санитарлық талаптар қатаң сақталады. Ол үшін корпустарға орналастырылатын бала саны азайтылып, кереуеттердің арақашықтығы 1,5 метрден кем болмауы тиіс. Қазіргі таңда балалардың лагерьлерге қашан баратыны әлі нақтыланған жоқ. Еліміздің бас санитар дәрігері рұқсат берген күні сауықтыру лагерьлерінің де есігі айқара ашылады.


Мафруза НАУАНОВА,
облыстық білім басқармасының бөлім басшысы. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика